«Ескі альбом. «Почему не луна!?»

Oinet.kz 11-01-2020 494

– Атаның әрбір іс-әрекетінің, әрбір қылығының, тіпті, қаһарланып айқайлауының астары болатын еді, – дейді Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова. – Бір жолы, ұмытпасам, Алматыдағы Лермонтов театрында бірқатар Алаш арыстарын ақтауға байланысты үлкен жиын өтті. Ол кезде атамен бірге тұрамыз. Көп жиындарға өз өтініші бойынша қолтықтап, мен апарып жүрген уақыттар еді.

Театрда жол бастаушы, неге екенін, бізді залға емес, басқа жаққа қарай бұрыңқырап жіберіпті. Кенет қарсы алдымыздан Орталық Комитет хатшысы Саттар Имашев пен Михаил Есенәлиев шығып қалды. Қастарына ерген әлдебір орыс азаматы бар. Олар бізді көріп абыржыңқырап қалғандай көрінді. Одан соң хатшы тез жинақталып:

– О-о, Бауке! – деп амандасты да, – Мына кісі біздің Мәскеуден келген екінші хатшымыз Месяц... Валентин Карпович! – деп таныстырды. Ол да дереу:

– Месяц,– қолын ұсынғанында, ата оған ежіреңкірей қарап:

– А, почему не Луна?! – дегені.

Маңайдағылар аңтарылып, үрпиісіп қалды.

Ата сөйтті де, қолын көтеріп, «честь имею» деп өтіп кетті. Ой, енді ұялғанымды-ай! Масқара-ай! О кезде екінші хатшы былай тұрсын, Орталық Комитеттің жай қатардағы қызметкерінің өзіне әлгіндей бірдеңе деу... Құдай сақтасын! Қазулы тұрған көрге өзің секіріп түскендеймен бірдей болып сезіледі. Жаман қысылдым. Ойпырм-ай, бұ не сұмдық деп. Содан жиын аяқталған соң үйге жеттік. Ұяттан әлі өртеніп келемін.

Бақытжан сұрап жатыр, не болды қалай деп.

– Ойбай құрысын. Қатты ұялдым. Ата өстіп масқара қылды деп. Месяц дегенде почему не Луна деді деп.

Сөйтіп ем, Бәкең бетіме қарап күлді.

– Ойбай-ау, неге күлесің?!

– Сен қалай аңғармағансың, ол мүлде басқа нәрсені айтып тұр ғой. «Месяц» деген ай сайын қайталанып тұрады. Ал «Луна» – жалғыз. Дара. Аспанда жеке жарқырайды. «Ал сен, Месяц, келесің де кетесің. Бәрібір бізге Ай бола алмайсың» деген мағына емес пе, – деді.

Бұдан кейін Атаның әр сөзінің астарын түсінуге тырысатынмын...

Мұқаш Қ. Ақ алмас. Бауыржан Момышұлы. Өнегелі өмір, – Алматы: Қазақ университеті. 2016. Ш.70.- 322-б.

Суретте: Баукең ұлы Бақытжанмен. 1943 ж.

Ескі альбом. Ас табағы
Ескі альбом. Спирт. Бауыржан Момышұлы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу