Ескі альбом. Ас табағы

Oinet.kz 11-01-2020 592

ескі альбом.png

Бір дөнен қойдың еті тұтастай сыйып кететін бұл форфор табақтың сыры терең.

Сонау 1941 жылы қаһарман Бауыржан атамыз тастай түйініп майданға аттанғанда қазіргі кең танымал жазушы, Баукеңнің ұлы Бақытжан Момышұлы іште қалған екен.

Ол әкесі соғысқа кеткеннен кейін арада екі айдай өткенде, яғни, сол 1941 жылы қазан айының үшінде дүниеге келеді.

Бақытжан қырқынан шыққан күні анасы Жамал апай қазақтың ырымшылдық әдетімен «жан-жарым сұрапыл соғыстан аман-есен оралсын, мына табақ тілеулес болып күтіп тұрсын! Осыдан ас ішуге нәсіп етсін!» деп, базарға барып, аталған ыдысты сатып әкелген.

Ұлтымызға тән әр нәрсені жақсылық ырымға жору ғұрпы көбіне айнымай орындалып та жатады. Айтқандай-ақ, Баукеңнің 1943 жылы желтоқсан айында Алматыға демалысқа келіп, аттары айдай әлемге жайылған Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Кәрім Мыңбаев сынды заңғар тұлғалардың өздеріне бір айдай дәріс беріп қайтқаны аян.

Соңынан бұл жақсы-жайсаңдардың бәрі Бауыржан Момышұлы үйінде осы табақтан дәм татып, батырды ақ тілекпен майдан шебіне қайта аттандырып салады.

Аты аңызға айналған Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ержүрек жауынгер, құралайды көзге атқан мерген, ғажайып қолбасшы ретіндегі қырлары Александр Бектің «Волоколамскі тас жолы» аталатын кітабы арқылы айдай әлемге мәшһүр болды. Ал жаңа заманғы соғыс тактикасы мен стратегиясын ғажап меңгерген ұшан-теңіз білім мен мол тәжірибе иесі Баукеңнің майданнан кейін Мәскеу Әскери академиясында сабақ беруі де өз алдына таң қаларлықтай бөлек әңгіме.

Кейін соңына жас ұрпаққа талай заманалар бойы үлгі-өнеге боларлықтай із қалдырып, «Ғасыр адамы» атанған Бауыржан Момышұлының ұлтын сүюі туралы әңгімелер де тізе берсе том-том кітаптарға азық болар еді. Қазақтың салт-дәстүрлерін жан-жүрегімен қадірлеген Баукең ата-бабаларындай аса қонақжай да болған да адам. Ұрпақтарының айтуынша, Бауыржан шаңырағының ет табағынан қазақтың небір марқасқа ұлдары мен ару қыздары талай дәм татқан. Олардың аты-жөндерін келтіріп отыру мүмкін де емес, шарт та бола қоймас. Бір ғана тоқтала кететін мысал – бұл табақтан соңғы рет Асанбай Асқаров ет жеген.

Сол сияқты Бауыржан Момышұлы өмірінің қызықты да талай көшке жүк боларлықтай терең ойларға бастайтын қырлары жөнінде баласы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметованың, жазушылар Әзілхан Нұршайықовтың, Мамытбек Қалдыбайұлының және басқа замандастарының шығармаларынан Баукеңнің үйге келген меймандарын үлкен басын иіп, қол қусыра күткенін, оларға шапан жауып, жол-жоралғы сыйлау дәстүрінен де танбағанын аңғаруға болады.

Батыр атамыз қанша дана болғанмен жан сарайының баладай тазалығынан шығар, аңғырттық мінезден де кенде болмағандай.

Осындайда ойға оралады, қарт сарбаз, жазушы Амантай Байтанаевтың айтуынша, бірде үйіне қонақ шақырған Баукең он бестей мейманның бас-басына шын пейілімен «сендерге кигізген шапаным» деп мың сомнан ақша таратып беріпті. Ол кезде он бес мың сом дегеніңіз кемі бір «Волга» автокөлігінің құны.

Сол кезде Баукең зайыбының түсі бозарып кетсе керек. Себебі, үйде одан өзге қаржы қалмаған секілді. Осыны аңдаған қонақтар да қозғалақтасып, ыңғайсызданып қалады. Сөйтіп меймандардың ішіндегі тапқыр біреуі Баукеңнің бір сәт дәлізге шығып кеткенін пайдаланып, батыр таратып берген ақшаны қолма-қол қайта жинап ала қояды. Артынан ретін тауып: «Бауыржан аға, сый-сияпатыңызға рахмет! Мейлінше ризамыз. Біздің де сіздің үйге бір кілем сыйлағымыз келеді. Мынау соның қаражаты» деп ақшаны Баукеңнің жұбайына ұстатқан екен. Сонда ғана үй ішінің шырайы қайта кіріпті. Аңғал батыр да мәз болған секілді.

Бұдан Бауыржан Момышұлының халықтың адал перзенті ретіндегі дүниенің бетіне қарамаған сонша мәрт, жомарт мінезі де байқалады.

Қазір ұрпақтарының қолында батыр пайдаланған небір құнды мұрағаттар бар. Оның әрбір заты өзінше сыр шертеді. Мәселен, басқасын былай қойып, қандыкөйлек жолдасы, қарулас досы ақын Дм. Снегин айтатындай, майданда – бір, әдебиетке келіп – екі ерлік жасаған Бауыржан Момышұлының соңында қалған жиырма төрт мың бет қолжазбасының өзі неге тұрады!

Осындай үлкен бір мұражайға жетететіндей бұйымдарын келіні Зейнеп Ахметова көз қарашығындай сақтап отыр.

Өкінішке қарай, жас ұрпақтың, тіпті, бүкіл халықтың отансүйгіштік рухын биіктетуде орасан орын алатын осы заттар шағын ғана пәтерде жинаулы күйінде елеусіз жатыр. Сондықтан, Бауыржан Момышұлы балаларының бұларды көрнекті, жеке мұражайға орналастыру ниеттері де жоқ емес. Бұл орайда олар көп үмітті жаңа Үкімет жетекшілеріне артады.

Р.S. (Аталған ас табақ туралы суреттемені 2004 жылы қаңтар айында «Хабар» телеарнасынан көрсетіп едік. Ал жәдігер ет табағы қазір батырдың келіні Зейнеп Ахметованың сақтауында). Батырдың бірнеше жазу машинкасы болған. Біреуі Жуалыдағы мұражайда, біреуі Зейенеп тәтенің қолында.

– Өзегімді өртеп жүрген бір өкініш – Баукеңе арналған бас-аяғы қомақты бүтін бір музейдің болмауы. Ата өмірден өткелі бері қарай қолы тиген заттарын ұстап отырмын. Біздің де жасымыз келіп қалды. Бізден кейін балалар ұқсата ала ма... Атаның қолы тиген әрбір заттың өзі теберік, киелі болып көрінеді... Енді осыларды үйде қалдырмай бүткіл елдің көзайымына айналдырып, халық көретіндей, «ойпырмай, мынау Баукең ұстаған зат екен ғой» деп тәу ететіндей болса деп армандаймын. Ең аяғы, жамылған көрпесі, тамақ ішкен қасығы, аузына тістеген мүштігіне дейін бағалы екені анық. Пайдаланған бүкіл кітапханасы да сол күйі тұр. Ата көзі тірісінде қағаздарының үлкен бір бөлігін мемлкеттік архивке өткізген. Батырдың 100 жылдығына байланысты Мекемтас аға Мырзахметов бастаған Ғылыми орталық жұмыс істеді. Екі сөзге келмей бүткіл архивті тегін бердік. Атаның Мәскеудегі лекцияларын алу үшін миллиондаған қаражат төледі...

Құдай амандығын берсе, жекелеген бұйымдардан өзгесін түгелдей мұражайға тапсырамын. Өйткені, үйдің аты үй, белгілі температура қажет. Мен қаншалықты мәпелеп, үлпілдетіп ұстадым дегенмен болмайды; бұл заттар ұзақ жылдар сақталып, келешек ұрпаққа жетуге тиісті. Мұның бәрі қазақ деген халықтың қазынасы. Тарих. Және келешек музей жай ғана бұйым қоймасы болмай, биік деңгейде түрлі кездесулер өтіп тұратын, ғылыми жұмыстар жүріп жататын, әскерге аттанып бара жатқан балалар бас сұғып, рухтанып шығатын қастерлі орынға айналса, – дейді Зәкең.

Мұқаш Қ. Ақ алмас. Бауыржан Момышұлы. Өнегелі өмір, – Алматы: Қазақ университеті. 2016. Ш.70.- 345-348 б.б.

Суретте: Баукеңнің жары Бибіжамал апай ұлы Бақытжанмен. 1946 ж.

Тәкеннің сәлемі. Естелік жазба
«Ескі альбом. «Почему не луна!?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу