Алаштанушы Дихан Қамзабекұлы естелігінен

Oinet.kz 01-01-2021 696

алаштанушы Дихан.jpg

Смағұл Садуақасұлы 1933 жылдың соңына таман Кремль ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Етжақын туысы Р.Жусанов пен қайын жұрты жағынан туысқан болып келетін С.Р. Бөкейханов қайраткердің жары – Елизавета Әлиханқызының бұл өлімге күдікпен қарағанын жеткізеді (Е.Ә. Садуақасованың мамандығы – медик).

Марқұмды қайтарының алдында көргендер де бар. Осындай жанның біреуі жөнінде Ғалым Малдыбайұлы (сол кезде Мәскеуде оқыған) былай деп жазады: Бір жолдас: "Өлерінен екі күн бұрын Смағұлға барсам, жүдеген екен, халы төмендеп, көзі көрмеуге айналған екен. Бірақ ақыл-есі дұрыс екен.

– Смағұл қалайсың? Тиышпысың? – дедім.

– Тиышпын. Ана жылдары ұрсып жүргенде, "сен өлсең, мыңдаған "пахарон" (өлімді хабарлаған қағаз) жасаймын" деуші едің, енді жаса "пахаронды", – деді деп ол жолдас шорт кесіп, әлденелер ойына түскендей қабағын шыта қалды".

Бұл – бір. Екінші, "оңшылы" бар, "солшылы" бар С.С. Садуақасұлын ақтық сапарға шығарып салғанда, көп зиялы жиналған. Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриям былай деп еске алады:

– "Крематорий" деген осы" деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. "Марқұмды неге елге апармады екен?" деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында сыбырлап: "Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы" деп түсіндіріп тұр. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Бөкейханов келбетті адам екен. Кескін – келбеті патшадай болып көрінді маған: тәкаппар, суық жүзді. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді.

Осы қаралы жиын жөнінде Ғ.Малдыбайұлы естелігінде төмендегіше жазылыпты: "Крематория басында жиналғандардың ішінен бір жолдас: Смағұл өмірінде сатылуды жек көретін, өз жолында мықты жігіт еді. Оқуын бітіре салып қазаға ұшырағаны аса аянышты болды" деді".

Тағы бір дерек (Ж.Бектұров айтқан): қайғы арқалаған Әлиханды крематорийден Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақов қолтықтап алып қайтқан. Сонан соң осы азаматтардың ұйымдастыруымен "Известия" газетінде некролог шыққан.

Уәде феномені
Асанәлі Әшімовтың естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу