Асанәлі Әшімовтың естелігінен

Oinet.kz 01-01-2021 579

Асанәлі Әшімов.jpg

Бір күні "Известия" газетіне азамат соғысы жылдарындағы белгілі барлаушы Қасымхан Шанышев туралы мақала шығыпты. Соны оқып шыққан Димекең, Дінмұхамед Қонаев Шәкеңді шақырып алып: "Шәке-ау, мына мақаламен танысып көрдің бе?! Киноға сұранып тұрған дүние екен", – деп үлкен салмақ салыпты. Қалай жасайсың, қашан жасайсың, – ол жағын тәптіштемепті. Содан Шәкең жатпай-тұрмай архив материалдарын алдырып, танысады да, материалды белгілі киносценарист Андрей Кончаловскийге тапсырып, өз ұсыныстарын айтады. "Қасымханның рөліне деп даярлап отырған актерім бар. Ол – Әшімов", – дегенді де ескертеді. Әрине, ол кісі Бекежан рөлінің де мен үшін қаншалықты жауапты екенін мойындай тұрып, өзінің алдын-ала әзірлеген жоспары бұзылатын болған соң келісім бермей жүр екен ғой. Менің көңілімнің Бекжанға мықтап ауғанын сезген соң, "Бекежанды ойнамайсың!" – деп қарсылық білдірген жоқ. Соңынан Шәкеңнің нақты ойын білген соң басыма ұялап алған "Апыр-ау, бұл кісі маған Бекежанды неге қимай жүр, әлде сенбегені ме?" деген күдік бұлты сейілді.

– Күш-қуатың жетпейді деп қауіптенбеймін. Оның үстіне, сценарийді де сенің мүмкіндігіңе ыңғайлаттыра жаздырып едім. "Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді" дегендей екі рөлді қиюлыстыра алмай, шаруаңның қисынын кетіріп алып жүрме. Бәрін былай қойғанда, Бекежанның сақалы болса, Қасымхан барлаушыда сақал болмау керек. Себебі чекистің бет-пішінінде мең, тыртық, қал сияқты белгі болмауы тиіс. Екеуіне бір уақытта түсу кезінде сақалыңды бір күннің ішінде өсіре алмайсың ғой, – дейтін мәселені көлденең тартты.

– Сіздерді де қинамай, өзімді де әуреге салмай, Қасымханнан бас тартқым келіп отыр, – деп Шәкеңе өз шешімімді айттым. Көп ашулана бермейтін кісі еді, сол жолы жүзі қызарып кетті.

– Тапқан екенсің бас тартатын уақытты! – деп ол кісі әңгімені келте қайырды.

Ертеңіне менің қос қожайыным – Шәкең мен Сұлтан Қожықов ағамыз бірлесіп отырып, менің мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Содан сақал мәселесі де шешілді. Тек сәл айырмашылығы – Қасымхан Шадияров (Шанышовтың фамилиясы осылай өзгертілді), жақ жүнсіз, яғни шоқша сақалды болса, Бекежанға келгенде, жетпей тұрған аз ғана жақ жүн жапсырылып, самай мен сақал тұтасатын болды.

Алаштанушы Дихан Қамзабекұлы естелігінен
​Мұхтар Әуезовтің Фатима Ғабитованың туған әпкесІ Мәрзия Ильдароваға жазған хаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу