Қасқырдың кегі

Oinet.kz 22-05-2023 2186

Күн бесінге таяған шақ. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Үп еткен жел жоқ. Үлкен төбенің астындағы апанда екі сұлба қараяды. Бірі – арлан, екіншісі – ана қасқыр. Жаңа туған бөлтіріктер енесінің бауырында жатыр.

Screenshot_13.jpg

Бұл маңайды екі қасқыр мекендейді. Түз тағысының тектілігі шығар. Арлан ауылдың малына тиіспейді. Қорқаулық, қомағайлық танытпайды. Қоректік азықты алыстан әкеледі. Ауыл тұрғындары да апанның маңына жуымайды. Ескі таныстай, екі қасқырға көздері үйренген.

Биыл қыстақтың малы күйлі шықты. Жылдағыдай емес, шығыны аз. Сәлімге табысты жыл болды. Қора-қопсы төрт түлікке толды. Малы ие бермегесін ұсақ-түйегін базарға апарып сатты. Қой-ешкісінің азын-аулағын ірі қараға ауыс­тырды. Құралған қаражатқа жаңа көлікті тізгіндеді. Үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарын жаңалады. Мұның бәрі адал еңбектің арқасы.

Мал қайырып жүрген Сәлімнің көңіл күйі көтеріңкі. Көптен бері «әу» демеп еді. Бір мезет ән салды. Бірінен соң бірі көмейінен лықсып төгіледі. Ән айту бала кезден әдеті. Өзінің әжептәуір дауысы бар. Әртіс боламын деп еді. Әкесі мен шешесі қарсы болды.

– Оқуды тауысқан талай адамды көрдік. Шекесінің шылқығаны шамалы. Тұрмысы бізден асқан ешкім жоқ. Бір айлықпен қалай өмір сүресің? Шайлығыңа да жетпейді ғой. Атакәсіптің тұтқасын ұста. Мал бақ, еңбек ет! – деді.

Сәлім әке-шешесін тыңдады. Мектеп бітірген соң, оқуға барған жоқ. Жеке шаруа қожалығын құрды. Төрт түліктің басын көбейтті. Қазір екі жүзден астам жылқы, түйе, сиыры бар. Қой-ешкісі екі отарға жуықтады. Келе жатып, төбе басында қарауытқан сұлбаны көрді. Шоқиып отырысы итке ұстайды. «Айтақ, айтақ» деп айқайлап еді, жан­уар ештеңеден ыққан жоқ. Қапелімде аузына сөз түспей қалды. Бойын үрей билеп өтті. Зер сала тағы қарады. Қасқыр екен. Сәлім айтаққа басты. Арлан ащы дауысқа ызалана қарады. «Сенде жұмысым жоқ» дегендей, орнынан түрегелді. Ал Сәлімді түлен түртті. Аяқ астынан бойында батылдық пайда болды. Астындағы атын қамшылап, шауып барды. Қасқыр алдында баяу жортып барады. Қызынып алған жігіт қамшымен қасқырды салып қалды. Арлан кілт тоқтады. Сәлім тағы да ұмтыла берді. Бұл жолы түз тағысы қолындағы қамшысын «арс» етіп қапты. Күштілігі сондай белінен шорт сындырды. Есік пен төрдей ірі қасқыр еркелігін қайтсін? Жігіт арланның ашуынан ықты. Енді тиіссе аямайтынын білді. «Менімен ойнама! Шамаңа қара!» дегенді ұқтырған түз тағысы алыстай берді.

Кешкі тамақ үстінде баласы әкесіне қасқырды айтты. Сәлімге әкесі қатты ренжіді.

– Қырыққа келсең де, ақылың жоқ. Айдаладағы арланда нең бар? Артынан қуып, қамшы сілтегенің не? Жазым қылса қайтесің? – деді Саят.

«Жазым» деген сөз баласының шымбайына батты. Кеудесін намыс кернеді.

– Сонда қасқырдан қорқуым керек пе?

– Байбалам салатын ретің жоқ. Түз тағысы өздігінен тисіпейді. Оның жақын арада апаны бар. Малға шаппайды. Азығын алыстан тасиды. Маңайдағы ел-жұртқа залалы жоқ. Енді көрсең, тиіспе!

Мұнан кейін Сәлім арланды бірнеше рет көрді. Әкесінің ескертуінен соң, жолаған жоқ. Аптап ыстықтан шөл қысып, дорбасына қол салды. Салқын айраннан рақаттана сімірді. Құрғаған таңдайы жібіп, терең тыныс алды. Апшысын қуырған ыстықтан мал иіріліп, бұта түбінде жусап жатыр. Сәлім жыңғылдың көлеңкесіне аяқ суытты. Көз жетер тұстан тағы да қасқырды байқады. Өткендегі арлан батысты бетке алып кетіп барады. Жүрісі ширақ. Қайда барады екен? Түз тағысының соңынан айран-асыр болып қала берді.

Бірде Сәлімнің құрдасы Төкен баласын сүндетке отырғызды. Ел-жұртты жиып, той жасады. Жолдастарымен басы қосылып, ішімдіктен біраз сілтепті. Үйіне қалай келгені есінде емес. Таңертең әйелінің айғайынан оянды. Басы зілмауыр тартып, ауырып жатыр. Орнынан әрең тұрды. Өзінен басқа малға қарайтын адам жоқ. Ата-анасы ауылда. Бұлар қожалықтың жұмысымен ауылдан біраз шақырым жерде тұрады. Қолғанат болатын балалары жас. Әйелі үй жұмысынан артылмайды. Амал жоқ, мастығы тарамастан таңғы асын ішті. Аяғы енді шыққан баладай атына әрең отырды. Түскі асқа дейін Сәлім ұйқылы-ояу жүрді. Түскі асты ішіп, жайланған соң, сергігендей болған. Бірақ арақ уыты бойында. Өзін-өзі басқара алмайды. Кенет қырдағы шоқыға көзі түсті. Өткендегі арлан шоқиып отыр. Сәлім атына қамшы басып, айтақтады. Иттер үргенімен, қасқырдың мысынан қорықты. Қыңсылап жанына жуымады. Сәлімнің бойын ашу буды. Артынша әке сөзі есіне түсіп, кілт тоқтады. Сойыл сілтесе, қасқырдың аямайтынын білді.

Күндер өтіп жатты. Сәлім мал жайылымындағы жұмыстан ауыспайды. Таң атқаннан кеш қарайғанша өрісте жүреді. Соңғы кезде әкесіне «екі адам алайық» деп ұсыныс тастады. Бір кісіге қарау қиын. Жылқы, түйелері қиындық тудырмағанымен, ұсақ мал шаршатады. Кешке дейін діңкесі құриды. Аяқ басуға жарамай қалады.

Бірде мал бағып жүріп, Сәлім апанды көрді. Қызықтап жанына келді. Қасқырдың бауырын көтерген үш бөлтірігі жүр. Енесі көрінбейді. Сол екен, бөлтіріктерге бүркіттей шүйлікті. Бірін тірі қалдырмады. «Бұлар көбейсе, малдың жауы», – деді, үлкен іс тындырғандай. Жазықсыз бөлтіріктер адам қолынан өлді.

Үш күннен соң, қожалықтағы малға қасқыр шапты. Бір қызығы тамақтан орғанымен, етін жемепті. Баласының ағаттығына әкесі қатты күйінді. Сонша малды қалай қарауылдасын? Арлан ашуға шындап мінді. Апта ішінде мал басының саны азайды. Түскен тістей сиреді. Үш бөлтіріктің құнын даулағандай, түз тағысы мұнымен тоқтамады. Адамда кеткен ақысын жібермеді. Сәлімнің үйіне шабуылдады. Арлан тысқа шыққан үй иесіне тұра атылды. Есік алдында сарт-сұрт шайқас басталды. Өмір мен өлім текетіреске түсті. Көмекке келетін адам жоқ еді. Сәлім ауыр жарақат алды. Ызалы тағы қабырғасы мен санын аямай қапты. Үй иесінен қан саулап ағып жатыр. Сірескен қолдар арланның алқымында қатып қалыпты. Көршісі Иса болмағанда демі үзіліп кете ме, кім біледі? Есік алдындағы апыр-топырды көріп жүгіріпті. Келе сала көрші қора сыртындағы айырды алып, қасқырға сілтей берді. Жауығып алған арлан қайтпады. Ызалы жанардан от шашады. Артынша ойбайын салып, әйелі шықты. Шырылдаған бала-шаға шулады. Адамдардың тобырын көріп, қасқыр бүлкекке салып, ұзай берді.

Сәлім төсек тартып біраз жатты. Жарасы жазылғанша малға шықпады. Алайда үй иесінің іші удай ашыды. Ісіне қатты өкінді. Бөлтіріктерге тимегенде мұндай жағдайға түспейтін. Мұнан кейін арлан жоғалып кетті. Адамның озбырлығынан жайлы мекен іздеді ме, қайда кеткені белгісіз?

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Qazaly.kz

Түрмеде түнеген тентек
Жас кезінде отбасын тастап кеткен ақсақалдың тағдыры елді жылатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу