Төлебиде модульді лагерь ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің табиғаты ерекше, шұрайлы өңірлерінде туризмді дамыту арқылы ел экономикасының дамуына ықпал етуді үнемі айтып келеді. Балалар туризмі – соның маңызды бір тармағы. Алатаудың бөктерін жайлап жатқан Төлеби ауданында бүгінде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Шатқалдарға бай өлке заманауи демалыс кешенеріне де бай. Әйткенмен мұның барлығы ересектерге арналған демалыс орындары. Яғни Төлеби ауданы өңірдегі туризм саласы дамыған аймақ деп саналғанымен, мұнда балалар туризмі кенжелеп қалғаны жасырын емес. Әсіресе, балалар туризмінің тоқсаныншы жылдардан бері тоқырауға түсіп, мемлекеттік лагерьлердің жаппай жабылғаны көптің көкейінде. Биыл осы олқылықтың орны толтырылып, ауданда балалар туризміне ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде таулы өлкеде бірнеше балалар лагері ашылып, ауыл-аймақ тұрғындарын, балақайларын үлкен қуанышқа бөледі.
Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін мезгіл. Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, жадыраған жазға жеткен оқушыларды қызыққа толы демалыс өткізетін лагерь құшақ жая қарсы алады. Міне, жаз маусымы бастала салысымен осындай ауданның табиғаты көркем тау бөктерінде балаларға арналған жаңа модульді жазғы лагерь өз есігін айқара ашты. Бұл – тек демалыс орны ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған бірегей жоба.
«Төлеби нұры» атты жаңа лагерьдің басты ерекшелігі – оның тәрбиелік бағыты. Мұнда балалар қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын, мәдени мұрасын тануға мүмкіндік алады. Арнайы бағдарлама бойынша этнотанымдық сабақтар, шеберлік сағаттары, рухани-танымдық кездесулер мен шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл – ұрпақ сабақтастығын жалғап, жастардың ұлттық болмысын қалыптастыруға сеп болмақ.
Лагерде заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа 14 модульді корпус жұмыс істейді. Бұл корпустар балалардың жайлы әрі қауіпсіз жағдайда демалуына барлық мүмкіндік жасайды. Энергия тиімділігі жоғары, экологиялық таза құрылыс материалдарынан тұрғызылған бұл ғимараттар – өңірдегі жаңа үлгідегі білім беру және демалыс нысандарының бірі. Сонымен қатар, лагеръ табиғат аясында орналасуының арқасында экологиялық тәрбиелеу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыттарын да қамтиды. Балалар үшін тау жорықтары, экскурсиялар, құзға өрмелеу, спорттық жарыстар мен туристік бағыттағы танымдық экспедициялар қарастырылған.
Аталған нысанның лентасын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қиып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірген болатын. «Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагеръ ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагеръ өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Жалпы өңірде 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагеръ салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Бұл бастамаға облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетіп отыр. Біздің мақсатымыз — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз!» — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жалпы, лагеръ 180 балаға арналған және жаз бойы жұмыс істейді. Әр ауысым – 10 күннен. Балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақ. Алғашқы ауысымда мұнда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысы демалды.
Лагеръде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда. Бұл лагеръ – ұлттық құндылықтар мен заманауи тәрбиенің үйлескен тұғыры. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды.