Әл-Фараби туралы эссе

Oinet.kz 12-07-2020 14307

Screenshot_1.jpg

Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шығарма

Әбу Насыр әл-Фараби – түркі халқы үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін орны ерекше тұлға. Қазақ жерінде, нақтырақ айтсақ, киелі Отырарда дүние есігін ашқан. Жастайынан оқуға құштар болып өскен ол бар саналы ғұмырын ғылымға арнады. Әл-Фараби қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан ғалым. Оны Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп айту бекер емес. Қазіргі таңда біз ғылым-білімнің ордасы – АҚШ, Жапония елдері деп білеміз. Ал, бұрын Еуропа елдері, Түркі елдері болған. Оған әл-Фарабидің еңбектері куә. Жеті жұрттың тілін білген әл-Фараби жер бетіндегі материалдық денелерді былай қойғанда ғарышты зерттеген. Ешқандай технология дамымаған заманда ғарышты зерттеу оңай болмаған. Осыдан-ақ оның жанкештілігін аңғаруға болады.

Әл-Фараби жан-жақты болған. Ол тек астрономиядан бөлек, медицина, философия, математика, жаратылыстану, метафизика, логика, музыка және тағы да басқа көптеген салаларда ізденіп, артында мол мұра қалдырды.

Жалпы, Әл-Фараби туралы айтып тауысу мүмкін емес. Биыл оның туғанына 1150 жыл толып отыр. Осындай айтулы датада не істеген абзал? Ең бірінші кезекте, Әл-Фарабиды қазіргі жас ұрпаққа кеңінен насихаттаған жөн. Себебі, қоғам даңғазалыққа әуес болып кетті. Даңғазалық түбі – дағдарысқа алып келеді. Елде тоқырау болып әлем елдері арасында көш соңында қалады. Жастар әнші, актерларды емес, ғалымдарды үлгі тұтып, соларға еліктеу керек. Елде ғылым дамыса өркениетке жетуі оңай болады. Мысалы, АҚШ еліндегі «Microsoft» корпорациясын алайықшы. Қарапайым жігіт Билл Гейтс бұл корпорацияның негізін көлік қоятын гаражында қалаған екен. Үздіксіз ізденісі мен еңбектің нәтижесінде аталған корпорация қазір әлемдегі ең алпауыт мекемеге айналды. Оның бюджеті кейбір елдердің бюджетін он орап алады. Көптеген елдер осы компанияның өніміне тәуелді. Біз қолданып жүрген компьютерлер Билл Гейстың шығарған операциялық жүйесі болмаса жұмыс істемейді. Қазақстан да өзінің Билл Гейтс, Стив Джобс, Джек Ма сынды азаматтарды өсіріп шығаруы керек. Әрине, ол үшін қазірден бастап ғылым-білімді насихаттаған жөн. Әл-Фарабидің 1150 жылдығында ғана емес, одан кейін де ғылымға көңіл бөлінеді деп сенеміз. Қазақ жастары тек шетелдегі ғалымдарға үлгі тұтпай, өз елінен де әлемді бағындырған ғалым шыққанын біліп жүрсе, еңсесі биік болары сөзсіз.

Сондықтан да, жер-жерде әл-Фараби туралы фильмдер, мультфильмдер көрсетіліп, оның өмірбаяны туралы қойылымдар қойылып, жас ұрпаққа оның ашқан ғылым жаңалықтары туралы үздіксіз айтылуы тиіс. Көше-көшеде әл-Фарабидің сөздері жазылған баннерлерді оқып өскен ұрпақ жаман болмасы анық.  Кешегісімен мақтанған ұрпақтың келешегі жарқын болады.

Қай жылда дүниеге келдіңіз?
Журналистика туралы шығарма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу