Журналистика туралы шығарма

Oinet.kz 12-07-2020 5383

Screenshot_2.jpg

Журналистика деген не? Журналист болуды қалаған әрбір талапкер оқуға құжат тапсырмас бұрын өзіне осы сұрақты қойғаны абзал. Көпшілік журналистиканы көгілдір экраннан жарқырап, жымиып сөйлеу деп ойлайды. Кешкі уақытта мыңдаған көздер қадалғанда әп-әдемі болып киініп алып, жымиып отырып жаңалық жеткізу деп есептейді. Ия, бұл әрбір жас талапкердің арманы. Дегенмен, журналистика деген бұл емес.

Журналистика – билік пен халықтың арасындағы дәнекер. Қос тарапты бір-бірімен байланыстырушы алтын көпір. Журналистика – ауыр сала. Дәрігер адам жанын арашаласа, журналистика адам тағдырын арашалайды. Жазықсыз жандардың жазықсыздан-жазықсыз құрбан болып кетпеуі үшін қанатымен су себеді, жол-жарық, газ-су секілді инфрақұрылымдық мәселелері шешілмеген ауыл-аймақтың мәселесін көтереді. Бюрократияге көмілген жерді ашып, шындығын әлемге паш етуге тырысады. Бюрократияны жеңе отырып, қоғамды өркениетке жетелейді. Менің ұғымымда, журналистер – іріп-шіри бастаған қоғамға дезинфекция жасаушылар. Олар әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, мемлекеттің экономикалық дамуына үлесін қосады. Беті ашылмай жабулы қазан күйінде қордаланып жатқан мәселелерді қозғап, оның не ары, не бері болуына ықпал етеді.  

Егер қоғамда журналистер болмаса, теріс пиғылдағы қара күш иелері ойына келгенін істер ме еді? Қараңғы халықты басынып, қанар ма еді? Әділетсіздікке жаны төзбейтін журналистер осының алдын-алып, халықты құлақтандырып отыр.

Қазіргі таңда жалған ақпараттар легі тараған заманда журналистер ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, халыққа шынайы ақпаратты жеткізіп, адаспауына өз үлестерін қосып отыр. Журналистер шынайы ақпарат үшін тәуліктеп ұйықтамай, тау-тас кезіп, ақпарат іздеуге бар. Олар ақпаратқа қол жеткізсе, көрген бар қиыншылығын ұмытып, бір терең тыныстап алады. Түптеп келгенде мұның бәрі – халық игілігі үшін.

Әрине, қазіргі таңда кей адамдардың журналистикаға деген көзқарасы теріс болып бара жатыр. Себебі, телеарналарда рейтинг, хайп қуған бағдарламалар көбейін, халыққа не болса сонны ұсынуда. Айтуға ауыз ұялатын тақырыпта сөз қозғап, халықтың жиіркенішін тудыруда. Бұл – қай қоғамда болмасын, міндетті түрде орын алатын нәрсе. Дегенмен, бриллианты көру үшін үстіндегі қоқысты тазарту керектігін ұмытпаған абзал. Сана-сезімі дамыған, инттелектуалдық деңгейі жоғары, принципіне адал журналистер ешқашан жеңіл жолға бармасы анық. Журналистиканы таңдаған адамда өзіндік принцип болғаны абзал. Журналистиканың түп мақсатын терең түсінген адамнан ғана мықты маман шығары анық. Кез-келген мамандықта ең бірінші кезектегі нәрсе – адамгершілік. Адамгершілікті ту етіп ұстанбаған маман иесі жеңіл ақшаның соңынан қуып, қоғамды іштен шірітеді. Сондықтан да, біз бұндай жолға түспес үшін бойымызда мамандығымызға деген адалдықты қалыптастырып, жеке бас мүддесі үшін, ел игілігі үшін жұмыс істеуіміз керек.

Әл-Фараби туралы эссе
Жігіттің 9 жауы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу