Филология. Реферат. Қазақ неологиясы мен неографиясының өзекті мәселелері

Oinet.kz 09-09-2020 843

Тілдің сөздік құрамын, оның лексикасын қарастыратын сала лексикология, ал сөздіктерді түзудің теориясымен және практикасымен шұғылданатын тармақ лексикография деп аталатыны мәлім. Осы салалардың зерттеу нысандары мен әдістері әбден анықталған болса да, зерттеу объектісіне қатысты болғандықтан, бірқатар жайттарға шолу жасауға болады деп санаймыз.


Тарихи және қазіргі заманғы лексикология сөздік құрамның стильдік жағынан тарамдалуын, сөздердің тақырыптық, лексикалық және семантикалық топтарын, осы топтардың арасындағы парадигмалық және синтагмалық қарым-қатынастарды, әрбір топтағы нақты бір лексикалық тілдік бірліктің басқа тілдік бірліктермен арасалмағын, соларға қандай қатысы бар екендігін, семантикалық қарама-қарсылықтарды (синонимдер мен антонимдер және сөздің көпмағыналылығы), семантикалық белгілерді қарастыратыны да белгілі.


Дегенмен лексикология саласының басты міндеттерінің бірі – тілдік бірлік ретіндегі сөздің мағынасын, сөз мағыналарының әртүрлі типтерін, сөз бен ұғым арасындағы қарым-қатысты және байланысты зерделеу. Бұл мәселелер сөздің мағынасымен, сөздің тілден тыс құбылыстарды жеткізуге қабілеттілігін қарастыратын семасиология ғылыми тармағымен байланысты. Демек лексикология тармағы тіл лексикасының өзара жүйелі байланысын талдайды. Өйткені сөз тілден тысқары тұрған құбылысты, зат-бұйым, ұғым-түсінікті атай отырып, осы құбылыстар мен түсініктердің тілден тысқары тұрған ақиқат шындықпен қарым-қатысын бейнелейді. Бұл – кез келген тілдегі сөздің басты мәні.


Лексикология саласы ішкі тармақтарға бөлінеді, соның бірі – жоғарыда аталған семасиология саласы болса, тағы бір ішкі тармағы ретінде неология саласын атауға болады.


Соңғы жылдары неологиялық серпіліс әсіресе қоғамдық өмір мен тілдегі өзгерістерге тез әсер ететін публицистикада, бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде және әдеби сында анық байқалады.


ХХ ғасырдың соңғы ширегін неологиялық серпіліс кезеңі деп атаушылар да кездеседі. Бұл жайдан жай емес. Тілдің жаңғыруы немесе тілдегі неология үдерісі – тіл жүйесінің жалпы даму компонентінің бірі.


Ең алдымен неология саласының әлемдік лингвистикада зерттелуіне тоқталайық. Бұл мәселеге орыс ғалымдары ХХ ғасырдың екінші жартысында мән бере бастады. А.А. Брагинаның, Р.А. Будаговтың, Е.В. Розеннің, Н.И. Фельдманның, Г.О. Винокурдың, В.Г. Гактың еңбектерінде негізгі мәселелер айтылды. Бұл зерттеулерден «сөздік құрамның баюы үздіксіз жүріп отырады; жаңа ұғымды білдіретін сөздер неологизмдер деп аталады; олар жалпы қолданысқа түсіп, тілде бекіп, неологизм сипатынан айрылады» деген дәстүрлі және кейінгі теориялық-практикалық пікірлерге тіреу болған анықтамаларды кездестіреміз.


Орыс тіл білімінде Ю.С. Сорокин мен Н.З. Котелованы орыс тіліндегі жаңа сөздердің неографиясын қалыптастырған ғалымдар деп есептеуге болады, олар И.А. Бодуэн де Куртенэ, А.А. Потебня, М.М. Покровский, Л.В. Щерба, А.М. Селищев, В.И. Чернышев сияқты лингвистердің көзқарастарын басшылыққа алып, жаңа сөздердің лексикографиялық реттелуінің негізін салды. Әсіресе «Новое в русской лексике» жинағының маңызы аса жоғары.


Шетел тіл білімінде жаңа сөздерге қатысты сөз қозғалғанда, алдымен, француз лингвистикалық мектебі аталады. A. Darmesteter, L. Guilbert, Darbelnet, J.P. Deroy, J-C. Corbeil A. Rey, L. DDee-roy, J. Dubois, K. Nyrop, K. Togebu, J. Humbley,


M. Paillard, L. Depecker, J. Pruvost, J-F. Sablayrolles еңбектерінде жаңа сөздердің түрлері, жаңа сөз деп танудың межелері ажыратылған. Сонымен қатар француз тіл ғылымы өткен ғасырдың орта тұсынан бастап жаңа сөздерді тіркеуді үзбей жалғастырып келеді. Зерттеушілер бұл мәселенің көкейтесті болуын француз тіліне ағылшын тілінің үстем әсерін тоқтатудың немесе шектеудің, реттеудің себебі деп түсіндіреді [1].


Ағылшын тіл білімінде де жаңа сөз мәселесі жақсы жолға қойылған. Жалпы, ағылшын тіл білімі теорияға барудың алдында практикалық проблемаларды шешіп алуды маңызды деп санайды, сондықтан бұл елде сөздің пайда болған кезеңінен бастап оның қалай қолданысқа түсетіндігін немесе не себепті қолданысқа түсе алмайтындығын, семантикасы өзгерген сөздің мағынасын тіркеп дәлелдеп отыратын бірқатар сөздіктер мен бюллетеньдер бар және олар толықтырылып, өңделіп, сериялы түрде жарияланып отырады. Бұл қатарда The Barnhart Dictionary Companion шығаратын Green J. Neologisms. New words since 1960 (Lnd., 1991); Room A. Dictionary of changes in meaning (Lnd. – and New York, 1986) сияқты еңбектерді және ағылшын тіліндегі неология мәселелерімен айналысқан В.И. Заботкин, Д.А. Весник, С.С. Хидекель, Ю.А. Жлуктенко, М.А. Кулинич, Ю.Н. Антюфееву, Г. Марчанд, Дж. Грин, О.Д. Мешкова, Л.А. Телегина сияқты ғалымдарды атап өтуге болады [1, 2].


ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ лингвистикасында ұлт тілінің салыстырмалытарихи парадигмада зерттелуіне айрықша көңіл бөлінді, көне тарихи ескерткіштердің тілі, қазақ әдеби тілінің қалыптасуы, бастау көздері, функционалдық стильдің, оның ішінде алғашқы баспасөз тілінің ерекшеліктері туралы іргелі зерттеулерде тілдің сөздік құрамындағы жаңалықтар, жаңа тілдік бірліктер туралы айтылып отырды. Өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері қарай сөздіктердің түрлерінің (нормативті сөздіктер, фразеологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, екітілді сөздіктер) жарық көруі қазақ тілінің сөздік құрамына енген жаңа сөздердің бірқатарының тіркелуіне жол ашты.


1966-1986 жылдар аралығында жүргізілген сөз мәдениетіне қатысты іс-шаралар да (сөз мәдениетіне, әдеби нормаға, емле мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференциялар; баспа орындарында, редакцияларда, білім беру орындарында жүргізілген семинарлар; радио мен теледидардан ұйымдастырылған арнайы хабарлар; ғылыми-көпшілік мақалалар) қазақ тіліндегі жаңа сөздердің біршама сипаттарын нақтылай түсуге үлес қосты.


Қазақ лингвистикасындағы жоғарыда аталған басқа ғылыми салалардың шеңберінде жаңа сөз мәселесі қалайша баяндалды деген мәселеге тоқталуға болады.


Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеген ғалым Р. Сыздықова 1917 жылға дейін жарық көрген екітілді сөздіктерде экономикаға, мәдениетке, сауда-саттыққа байланысты орыс тіліндегі ұғымдардың қазақша баламалары берілгенін айтып, төмендегі сөздерді көрсетеді: өсім (процент), сүтқор�өсімші (банкир), қарыз (долг), кіреу (заклад), қарақша (медные деньги), қадақ (фунт), мысқал (золотник), саттық (продажный), қол саудалы (покупка), мұнанай (меновый двор), ептестік (товарищество), базарлы мал (скот для продажи), көтерме (комиссионерство), бас сату (совсем продать), бас алу (совсем купить), боблық (публикация), қызыл үй (станция), от қайық (пароход) [2, 14-16]. Осы еңбегінде ғалым мақаланың тақырыбына тікелей қатысты болмаса да, жаңа сөздердің фиксациясы, нормалануы жайында да пікір білдіреді, сол кезеңдегі жаңа сөздердің әртүрлі болу сипатына тоқталады [2, 16]. Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз беттерінің тілдік-стильдік ерекшеліктері жөнінде теориялық түйіндер берген ғалым Б. Әбілқасымов алғашқы қазақ газеттеріне тән лексиканың сипаты жөнінде мынадай тұжырым жасайды: біріншіден, кірме сөздерді төрт тақырыптық топқа бөлуге болады, олар негізінен араб-парсы, орыс тілдерінен енген – экономикамен, әкімшілікбасқарумен, заң және қоғамдық мәдениетпен байланысты терминдерді құраса, екіншіден, олардың көпшілігі тілге ауызекі сөйлеу арқылы ене отырып, газет беттерінде қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес өзгерістерге ұшырады, айталық, десатина (десятина), йорманка (ярмарка), копес (купец), аринда (аренда), рисле (рельс), анбар (амбар) және т.б. Дегенмен бұлардың дыбыстық жағынан бірнеше варианттары да болды, кейін келе олардың біреуі әдеби тілге енді: йармонка, жәрменке, йарманка, жәрмінке, йармінке, жәрменке [3, 20-21].


Қазақ тілінің сөзжасамы бойынша іргелі зерттеулер жүргізген ғалым Н. Оралбаева және оның мектебінің өкілдерін еңбектері жаңа сөз жасаудағы өнімді-өнімсіз морфемика, басқа да амал-тәсілдерді толықтай дерлік жиынтықта ды [4]. Тілдің сөзжасам жүйесінің бірте-бірте дамып отыратындығын, бұл дамудан «сөзжасамдық бірліктердің мағынасының кеңеюі, сөзжасамдық үлгілердің бірде белсенді, бірде бәсеңдеуі, кейбіреулерінің қолданыстан шығып қалуы» сияқты өзгерістер туындайтындығын айта келіп, зерттеуші жаңа сөз жасауға қатысатын сөзжасамдық тәсілдерді жүйелі түрде қорытқан [5, 20; 34-40].


1980 жылдар кезіндегі ғылыми пікір бойынша «лексикология – қазақ тіл білімінің жаңа саласы, оның зерттелмеген проблемалары көп; оның бір ішкі тармағы – лексиканың қат-қабаттары» дей келіп, зерттеуші А. Әбдірахманов «қазақ тіліндегі түркі тілдеріне ортақ сөздердің, басқа тілден ауысқан сөздердің... кәсіби не терминдік сөздер мен жаңа сөздердің зерттелмей келе жатқандығын» айтқан болатын [5, 60]. Сонымен қатар ол қазақ тіліне енген кірме сөздер тобының (араб-парсылық, орыс тілі сөздері) жақсы зерттелгенін көрсетеді, бұны атап отырған себебіміз – әлемдік лингвистикада, соның ішінде қазақ лингвистикасында басқа тілден енген сөз алғашқыда жаңа сөз болып табылады. Ендеше, қазақ тіліндегі кірме сөздердің «тілдегі жаңалық»ретіндегі табиғаты, ену мерзімі, таралу кеңістігі, орнығу нормасы туралы тұжырымдар бар деуге болады. Қазақ тіліндегі жаңа сөздер мәселелері К. Ахановтың еңбектерінде айтылған, 1920-30 жылдар кезінде пайда болған неологизмдер жөнінде Ш. Бәйтікованың диссертациясы қорғалған [6].


Өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін лексикография саласының дамуы мен қалыптасуы бойынша қорытулар жасалған еңбекте алда ғы атқарылатын іс-шаралардың қатарында шет тілдері сөздігін, салалық сөздіктерді шығару, нормативті сөздіктерде берілетін сөздердің нормалануы аталған. Бұл еңбек жаңа сөздерге арналмағандықтан, сол кезеңде қазақ тілтанымында тілдегі жаңа қолданыстарды тіркеу мен реттеу соншалықты маңызды болмаған деген түйін жасаймыз; бұл сонымен қатар 1980 жылдарға дейін қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамының толығуында тілдің ішкі ресурстарынан гөрі орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген сөздердің рөлі басым болғандығын көрсетеді [7, 46-54].


Тілдің лексикалық құрамы әрдайым толығып отырады, сыртқы факторлардың әсері белгілі бір тілдің сөздік құрамын әрдайым қозғалысқа түсіріп отырады. Осы қозғалыстың нәтижесінде бірқатар сөздер архаизмге айналып, тіл қолданысынан шығып қалғанымен (олардың тіл қолданысынан шығып қалуы уақытша да болуы мүмкін), сөздік құрамға қосылатын жаңа сөздердің (жаңа мағыналы) қатары архаизм тобына өткен сөздермен салыстырғанда, үнемі мол болып отырады. Қазақ тілі сөздік құрамының диахронды-синхронды сипаттарына осындай жағдай тән, алайда алдыңғы кезеңдерде тілдің толығуы мен жетілуі арнайы қарастырылмай, жоғарыда айтқанымыздай, тіл ғылымының басқа мәселелеріне қатысты мәлімет түрінде көрініс тапқан.


Зерттеуші Р. Сыздық «сыртқы факторлардың ықпалымен сөздік қазынаның молығуының үш-төрт үлкен кезеңі болғанға ұқсайды, алғашқы кезең ХҮІІІ ғасыр болар» дей келіп, сол дәуірдегі қоғам өзгерістеріне қарай пайда болған жаңа сөздер ретінде, тарихи романдардың тіліне сүйене отырып, әскери терминдерді атайды (шыңдауыл, торуыл, күлдірмамай) [8, 182-163]. Автор осы мәселені жан-жақты талдап, сөздік қазынаның баюының маңызды тұсы ретінде ХХ ғасырдың бастапқы жылдарын көрсетеді. Шындығында да, сөздік құрамға қосылған сөзді «жаңа» деп анықтап, олар туралы мақұлдау немесе мақұлдамау мазмұнындағы пікірлер айтылған кезең 20 ғасырдың басы екендігі байқалады. Бұл мерзімдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік өзгерістерді нақтылап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз, өйткені бұл жайттар қазақ тілтанымындағы еңбектерде баяндалып келеді. Ал жаңа сөздердің қосылуына келетін болсақ, біздің ойымызша, ХХ ғасырдың бас кезінде жаңа ұғымдар мен түсініктердің қазақша атауларын тілге әкелуде және қалыптастыруда жеке тілдік тұлғалардың (сол кезеңдегі қазақ зиялыларының – ғалымдардың, ақын-жазушылардың, білімдар адамдардың) рөлі үлкен. Сол тұста қазақ тіліне қосылған жаңа сөздердің нақты авторлары белгілі. Р. Сыздық қазақ ғалымдары А. Байтұрсынұлының, Х. Досмұхамедовтің, Қ. Кемеңгеровтің, Т. Шонановтың, Ж. Аймауытовтың, М. Жұмабаевтың, Қ. Жәленовтің, Ж. Күдериннің, С. Қожановтың, А. Тынысбаевтың оқу-ағарту әдебиеттерін жасау арқылы гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бойынша жаңа тілдік бірліктерді сөздік құрамға қосқанын атаған. Сонымен қатар 1926 жылы шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» сөздігінің материалдары да әскери салаға да жаңа тілдік бірліктер қосылғанын көрсетеді [9].


Бұндай құбылыс, яғни жаңа сөздің авторының белгілі болуы (мерзімді баспасөзде 1995 жылдардан бастап қолданысқа түскен «көзқаман» сөзінің авторы Р. Бердібаев екендігі туралы мәлімет берілген болатын) кейінгі кезеңдерде байқала бермейді, тілдің сөздік құрамындағы «жаңа» сипаты бар сөздердің қосылуы жазба тілге, ішінара ауызекі сөйлеу тіліне байланысты. Жазба тіл дегенде, әсіресе ғылым-білімнің терминологиясын қазақыландыру, заңнамалық құжаттарды, оқу-ағарту әдебиетін, көркем әдебиетті қазақ тіліне аударудың ықпалы зор болып отыр.


Бұл туралы іргелі еңбек ретінде ғалым А. Алдашеваның «Лексические новообразования в современном казахском литературном языке» деп аталатын кандидаттық диссертациясын атауға болады. Ғалым жаңа сөз мағынасын беретін термин ретінде «жаңа қолданыстар» деген атауды алады. Бұл еңбекте негізінен неологизмдердің табиғаты, жасалу ерекшеліктері мен оларға әсер ететін факторлар, қазақ тіліндегі жаңа сөздерді жасалу жолдары бойынша топтастыру мәселелері қарастырылған [10].


Қазақ тіліндегі жаңа сөздерді тіркеуге арналған тағы бір еңбек – «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» атты жинақ. Бұл «сөздікке тілімізде соңғы 15-20 жыл ішінде пайда болып қолданыла бастаған жаңа тұлғалар мен тіркестер және мағынасы жаңғырған сөздер енгізілді. Бірақ бұл белгілі бір стиль бойынша немесе барша әдебиетті қамти түгел жиналған материалдар емес. Мұнда, негізінен, күнделікті баспасөзде, оның өзінде де соңғы 7-8 жыл барысында жиі қолданыла бастаған жаңалықтар жинақталды. Сондықтан бұдан 20-25 жылдай бұрын еніп, қазіргі күнде едәуір тұрақталып қалған аялдама, балмұздақ, жемшөп сияқты кезінде жаңалық болған сөздер бұл сөздікте» [11, 10] қамтылмаған.


Соңғы басылымы 1992 жылы жарияланған «Жаңа атаулар» сөздігінің материалдарына қарағанда, қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына жаңа сөздердің молырақ енген кезі өткен ғасырдың 70 жылдарының орта тұсынан басталған сияқты. Осы сөздікте «жаңа» деп белгіленген сөздің ең арғы датасы – 1970 жылға тиесілі: Жуырда Үржар аудандық тұтынушылар одағының ұйымдастыруымен орталықтан алыс мат отарларына аралатпа сауда негізінде универсалды магазин жолға шықты (Семей таңы, 1970, 17 қараша) [12, 21] .


Жоғарыда аталған 1990 және 1992 жылдары жарық көрген екі жинақ қазақ тіліндегі жаңа сөздерді тіркеу ісіндегі маңызды еңбектер болып табылады. Қорыта келгенде, қазақ неологиясы мен неографиясының өзекті мәселелерін тілдің динамикалық сипатының шеңберінде зерттеу маңыздылығы туралы айтқымыз келеді.


Әдебиеттер:


Щербакова И.Г. Префиксальные неологизмы во французком и английском языках (на материале прессы и толковых словарей): автореферат канд. дисс. – Москва, 2011. – 20 с.

Сыздыкова Р. Изучение казахского языка в дооктябрьский период // В книге: Развитие казахского советского языкознания. – Алма-Ата: Наука, 1980. – 13-32 бб.

Әбілқасымов Б. Қазақ баспасөзі мен әдеби тілі тарихы бойынша зерттеулер. – Алматы: Тіл білімі интитуты, 2011.– 380 б.

Оралбай. Н. Қазақ тілінің сөз жасамы: Оқулық. – Алматы, 2002. – 213 б.

Әбдірахманов А. Қазақ лексикологиясының дамуы мен кейбір міндеттері туралы // Кітапта: Развитие казахского советского языкознания. – Алма-Ата. – Наука, 1980. – 54-65-бб.

Ш. Неологизмы в казахской советской литературе: автореферат канд. дисс. – Алмат-Ата, 1967.

Джанузаков Т., Шипова Е., Калиев Б. Лексикографическая работа в Казахстане // В книге: Развитие казахского советского языкознания. – Алма-Ата: Наука, 1980. – Б. 46-54.

Сыздық Р. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. Ғылыми-танымдық зерттеу. – Алматы: Арыс, 2009. – 272 б.

Орысша-қазақша әскерлік атаулары / Жалпы редакциясын басқарған Ш. Құрманбайұлы. – Астана: 1 С-Сервис, 2005. – 136 б.

Алдашева А. Лексические новообразования в современном казахском литературном языке: автореферат канд. дисс. – Алмат-Ата, 1992. – 22 с.

Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. – Алматы: Ғылым, 1990. – 136 б.

Жаңа атаулар. Құрастырған: А. Алдашева. // Алматы: Ана тілі, 1992. – 127 б.

Филология. Реферат. «Эпоним» ұғымының шығуы мен оның кейбір мәселелері
Филология. Реферат. Қазақ ертегілеріндегі уақыт және кеңістік ұғымдарының концептуалдануы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу