Асық туралы не білеміз?

Oinet.kz 26-07-2019 2598

Screenshot_1.jpg

    Асық ойнау – қазақ халқының дәстүрлі ойындарының  бірі. Аталмыш  ойын  әсіресе  балалар арасында кең тараған. Асық – ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа,  сергектікке  баулитын  тәрбиенің  көзі. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. 

    Асық – төрт түлік мал мен аңдардың тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Ешкі, қой, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне  қарамастан  сыртқы  формасы 

бір пішіндес, мүсіндес зат. Жылқы асығы бұларға ұқсамайды, басқа пішінде болады. Қасқыр асығы да басқа. 

    Ойын аттары:  – «Ханталапай», «Хан атпақ», «Хан жақсы  ма?»,  «Ханды  қара  басты»,  «Хан  мен  уәзір», «Үйірмекіл»,  «Сасыр»,  «Атпақыл»,  «Қақпақыл», «Үштабан»,   «Омпы»,   «Алтыатар»,   «Шықетер», «Тисінқабат», «Табан», «Төрт асық», «Бес асық» тағы басқа түрлері қазақ даласына кең тараған.

   Асық ойыны тек көңіл ашу, құмарлық ойыны ғана емес.  Бейне  шахмат  ойынының  төркініндегі  әскери стратегия  сияқты.  Бұл  да  халқымыздың  ел  болуы мен  Тәуелсіздігі  жолындағы  ішкі-сыртқы  қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туған. Ұлттың ілкідегі елдік ішкі кемелін, ірге бекітуін, хан мен қараша арасындағы бірлік  пен байланысты  нығайтуды  ойлауы  арыдан жалғасын тауып келген ұлттық негіздің ойын түріндегі көрінісі.

    Жалпы ұлттық ойын түрлерінің астарында игілікке айналған  істің,  оқиғаның,  негіздің  болатыны  даусыз. Ол тағы уақыт өте келе сөзсіз дәстүр түрінде істелетін салттық іске не ойнайтын ұлттық ойынға айналып, жалпы ұлттық өң алып, халықпен бірге жасайды. Немесе ол оқиғаны ұлттың күллі азаматтары, жастары, балаларына дейін білетін болады. Оның кейін неге ойынға айналу себебін де біледі (білдіріледі), түсінеді. Түсінгесін тұтынады.  Тұтынғасын  олар  өздерінің  дәстүрі  етіп жалғастырады.

    Асықтың  сипаттарына  келсек:

сақа  –  патша, асықтың патшасы деген мәнді берсе, 

алшы сөзі – бағы асқан хандық мерейді білдіреді. 

Тәйке – уәзір, ханның орынбасары деген мәнді берсе, 

бүге– бүк түсу, бүгілу, бағыну, міндет атқару деген мазмұндарды беру арқылы жалпы  әскерлік  түсті  білдіреді. 

Тұрық–  тұру,  тақ, тақта тұру, тірек, тіреу, тұғыр, тұрақ мәндерді өз ішіне алу арқылы орнында отырған ханды, оған тұрақ болар мекен мен ел-халықты меңзесе, жаттық – түзулік, тыныштық, жайлылық мәнін білдіріп, тұрақпен үндесіп тұр. 

Оңқай мен солақайды – оң қанат, сол қанат әскери жүйе деп ұққан еш қате тудырмайды.

    Демек, бір асықтың алты жағына қойылған аттың өзі  патша-ханмен,  ол  басқаратын  әскермен,  мекенмен, халықпен үндесіп жатуы қазақ асық ойынының жай  ғана  балалар  ойнайтын  ойын  түрі  емес екенін, құмарлық ойыны тіпті де емес екенін, керісінше, тұнып тұрған елдік, әскери стратегия екенін білеміз.

  Асық ойыны жайлы:

«Қой асығы демегін,

Қолға жақса сақа (хан) ғой.

Жасы кіші демегін,

Ақылы асса аға (патша) ғой!» – деген өлең жолдарынан да анық байқаймыз.

Бірақ кейін заман өте келе асық ойынындағы елдік қорғанысқа  құрылған  мазмұндар  ұрпақ  алмасудан, жалаң ойындық, тіпті кейде құмарлық түс алған. 

 Оның осы құмарлық жағы дендей бастағанда бабаларымыз ұрпағына ескертіп:

«Асық ойнаған азады,

Тобық ойнаған тозады.

Бәрінен де қой бағып,

Құйрық жеген озады!» – деп жас өскінді құмардан қайтарып, адал еңбекке шақырып отырған. 

 "Дін мен дәстүр" кітабынан

Созақ көтерілісінің сардары - Салықбай мерген
Изагураның кебісі (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу