Шымкент: Атырауға көмек керуені шықты

Oinet.kz 07-04-2024 456

19.jpg 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты жолдаған Үндеуінде:

-- Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда. Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда. Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы,--деген болатын.

Осыған байланысты Шымкенттегі  “Достық” үйінен еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Атырау өңіріне гуманитарлық көмек жолға шықты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.  

Шымкент қалалық ҚХА, этномәдени бірлестік мүшелері, кәсіпкерлер екі күннің ішінде қаланың екі бұрышынан арнайы бекет ашып, 20 тоннаға жуық көмек жинады. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдері, киім-кешек, тұрмыстық химия, гигиеналық заттар, жалпы соммасы 10 млн. теңгеден асатын гуманитарлық көмек ұйымдастырылды.

- Еліміздегі жағдайға байланысты қалалық ҚХА жанынан арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Гуманитарлық көмекке қаладағы барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты. Бүгін Мемлекет басшысы да жағдайға байланысты Үндеуін жариялады. Біздің күшіміз - бірлікте! Қиындықты баршамыз бірлесе еңсереміз, - деді Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нышанбаев.

Қазіргі таңда қаладағы этнос өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында ашылған банктік есеп-шотқа қаржы аудару жұмыстарын жалғастырып жатыр.


Шымкентке 420 мыңнан астам турист келген
Шымкент: «Таза Қазақстан» акциясы басталып кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу