Лупаның ажалы шайтаннан болыпты

Oinet.kz 20-06-2022 1211

Біздің бала кезімізде ол Теректібұлақ ауылының шығыс жағындағы Теректі өзенінің жағалауындағы жазыққа жазда келіп, бақша өсірумен шұғылданатын.

Screenshot_1.jpg

Ауыл түрғындары оның келуін асыға күтетін. Неге десеңіз, мұндағы насыбайшыларды темекімен жарылқайтын сол. Ол негізінен темекі, мак өсіреді. Оны бағып-қағып өсірудің, әрекеттің әдіс-тәсілдерін керемет біледі.

Пісу мерзімі жеткенде, табақтай-табақтай темекінің сары жапырақтарын қаттап-қаттап жиып қояды. Жапырақ өскен сабақтарды да кәдеге асырады. Уақыты келгенде, осы өнімдерін насыбайшыларға астыққа айырбастайды. Сөйтіп, олардың бір жылдық «азығын» жинап береді.

Макты неліктен көп өсіретінін кейін білдік, одан апиын алады екен. Жылдағы өнімін Қытай жаққа апарып, қымбат бағаға сатады дегенді үлкендерден еміс-еміс естіп жүрдік. Лупаның бақшасында қазақтар «мәтірөшке» дейтін шөп те көп өседі. Лупа оны кептіріп, ұнтақтайды. Оған апиын қосып, шай жасайды. Бұл шайды ішкен адам ағыл-тегіл терлеп, сай-сүйектері жіпсіп, рахатқа батады. Лупаны балалар да жақсы көрді. Ол бізге уыс-уыс мактың дәнін, қауын-қарбыз, қияр, сәбіз беріп тұратын.

Бақшадан 300-400 метрдей жерде ақтастармен көмкерілген «Ақтасты» дейтін шағын төбешік бар. Жұрттың айтуынша, бұл жер шайтанның мекені. Түн мезгілінде ол жақтан от жылтылдап тұрады. Болса-болар, Бисақан (қазір Қүршім селосында тұрады) екеуіміз бала кезімізде колхоздың күш көліктерін бағып жүріп, түн ортасында сол жақтан жылтылдаған отты көріп, үрейленгеніміз бар. Міне, Ақтастының осы бір сұмдықшыл тұрғындары Лупаның мазасын алғаны туралы бұрын жазған болатынбыз. Содан болар ол келесі жылы бұл жаққа келмей қойды.

Алайда онша ұзап кетпепті. Қазіргі Теректібұлақ ауылының оңтүстік шығысында жеті шақырымдай қашықтықта Күршім өзенінде кейінірек салынған көпір бар. Осы жерде қырқыншы жылдары тасымалды өткел (паром), жағалауда жиырма шақты үй болды. Шірікаяқ руднигінің қосалқы шаруашылығы орналасқан бұл шағын елді мекенді де «Паром» деп атады. Міне Лупа осында қайықшы (паромшы) боп орналасыпты. Бұған қоса рудниктің үлкен бақшасына бас-көз болып, бағбаншы міндетін атқарған. Өзен жағалауында өзінің де бақшасы болған.

Бірде Лупа апиын қосқан темекіден масайып қалса керек, паромда түнеп қалады. Таң алдында тосын шудан шошып оянған ол тақтайды тарсылдатып, жарқ-жұрқ етіп билеп жүрген әйелдерді көреді. Зәресі ұшып, қаша жөнелген «батырың» өзенге құлап түседі. Ағаш басына шығып тасып жатқан ағынды су оны екі бүктеп, иірімге тығып жібереді. Ертеңінде ештеңе болмағандай, паромның үсті тып-тыныш қалпында тұрды.

Осы жайды өткелден төрт шақырымдай жердегі Бестерек ауылында тұратын Мұқаш бақсы жындары арқылы білген ғой, жұртшылық Лупа өлімінің себебін содан естіпті.

Советхан Қалиғожин Өскемен

el24kz

Ішіне жын кіріп, анасын өлтірген қыз
ГАИ постында ғайыптан пайда болған жын келбетті жігіт (болған оқиға)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу