Ғабит Мүсіреповтің Раиса Мұхамедияроваға жазған хаты

Oinet.kz 11-12-2019 962

Амансың ба, менің жалғызым! Бүгін таңертең Гауһаржанның атына сендерге хат жазып едім. Сөйтсе де саған айтам деген бірер ойым айтылмай қалған сияқты болып, күні бойы мені мазалай берді. Міне, түрлі жиналыс­тардан қол босап, сол мазалаған ойларым­ды саған қағаз арқылы жеткізуге тағы отырдым. 

Картинки по запросу ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ РАИСА МҰХАМЕДИЯРОВАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ

Біріншіден, аман-есен жүрмін, денсаулығым ойдағыдай. Екіншіден, қатты сағынып жүрмін, құдайдан сұрайтыным — күніміз ерте батып, түніміз мезгілсіз тұтыл­масын. Үшіншіден, сен "Ана Жер-Ана" жайлы білгің келетін шығар. Оны комиссия мүшелері келесі жылға қалдырды. Сый­лыққа Шәріпова, Майқанова, қоюшы-режиссер ілігетін түрі бар. Биыл өтсін деп қақшиып тұрып алатын адам болмады. Сер­кебаев келмей қалды, ал мен әдебиет секциясындамын. Сөйтсе де пленумда келесі жылдың тізіміне кіргізуге күш сал­дым. Дауыс берерде жазушылар — Смирнов, Симонов, Паустовский,  А.Куле­шов, К.Кулиев, И.Андронкинов, Ю.Мар­цин­кявичус, театр мамандарынан — Завод­ский, Мордвинов болды. Кейбір шығармалар бір ауыздан қабылданды, ал енді біріне ескер­тулер, пікірлер айтылуда. Ең соңғы шешім дауыста ғой. Ол көкектің 13-інде баста­лады. Әзірге негізгі жұмыстар бітіп, шешу­ші түйін 13-іне қалды. Әркім өз бақытынан көрер.

Қаламдас достардан Соболевті, Берді-ағаны көрдім. Саған шексіз сәлем айтып жатыр. Олардан басқа Боковты, Татьяничеваны, Штокты, тағы басқаларды кездестіргенім жоқ, телефон соғуға да уақытым болмады. Оларды 1-Май мерекесімен құттықтауды ұмытпа. Сенің дайындыққа барып жүргеніңді естіп қуандым. Студияда кешкі жұмысқа қалуға тырыспа, оның орнына үйге келіп демал.

Ботақаным өсіп келе ме? Ақылы кіріп, жылауды азайтты ма? Жалғыз өзің оның жұпар иісін иіскеп, рахаттанып жүрсің, ә? Қымбаттым, саған тапсырма мынау. Май қарсаңында маған ұзақ етіп хат жаз. Адресім: Мәскеу қаласы, Воровской көшесі, 52-үй. КСРО Жазушылар одағы, Инкомиссия, Мүсірепов Ғ.

Енді сенің жағдайың жайлы. Ақшаң бар ма, қысылып жүрген жоқсың ба? Керек болса, Жұматайдан ала тұр, береміз ғой, немесе Мұстафиндерден ал, қиналып қалма. Байқауға бара жатырмын, жұрттың жиналуы қиын. Ертең кешкі 9-да телефон соғамын. Әдеттегідей сүйдім, өзіңнің мәңгілік Ғабитің.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Аузы дуалы. Сөзі уәлі
Мұхтар Әуезов пен жары Валентина Николаевнаның танысуы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу