Шығармалар сөйлесін

Oinet.kz 24-10-2023 193

Баланы әдебиетке, мәдениет пен руханиятқа, білім мен ғылымға жетелейтін орынның бірден-бірі кітапхана. Бәйдібек аудандық кітапханашылардың балалар оқысын деп жазған қазақ әдебиетіндегі шығармалар туралы ой-толғаныстарын назарларыңызға ұсынамыз. 

Screenshot_19.jpg

Г.Қырықбаеваның  «Патша өкіметінің Оңтүстік Қазақстан аумағын отарлауы»:

Қазақ елі өз тарихында көптеген ауыр жағдайларды бастан өткерді. Сонау ХV ғасырдың екінші жартысында Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығы үздіксіз өрлеу жолында болды. Елдің іргесін кеңейтіп, мемлекетті нығайту жолында көптеген қанды соғыстарды өткерді. Қасымхан тұсында ел аумағы ұлғайып қуатты мемлекетке айналды. Есімхан, Хақназар, Тәукехандар тұсында көрші мемлекеттермен деңгейлес дәрежеге жетті. Бұрынғы Шайбани ұрпақтарының барлығын дерлік жеңіп күшейді. Осы кезде Шығыстан қауіп төндірген Жоңғар хандығымен жүз жылға жуық Отан үшін соғыс жүргізді. Түбінде ол мемлекетте тарих сахнасынан бір жола жойылды. Міне, осы бір тұстан одақтас боламыз деп, Кіші жүз ханы Әбілхайырдың бастауымен Ресей бодандығын қабылдап императрица Анна Ионовнаға ант беріп қол астына кіруге мәжбүр болды. Одан кейін орта жүз осындай қиын кезді тиімді пайдалана білген патша үкіметі «қорғаймыз» деген желеумен қазақ елінің шекаралас аймақтарына өз бекіністерін салып, орныға бастады. Қазақ жері қоршауда қалып қысымға түсті. Осы кезде Қоқан, Хиуа хандықтары ықпалында болған Оңтүстік аймақтарға патша үкіметі көз аларта бастады. Өзіне тәуелді ету мақсатында түрлі экспедициялар шығара бастады. Мамыражай жатқан қазақ елі дүрбелеңге ұшырады. Экспедиция құрамындағы орыс – казак әскерлерінің озбырлығы елдің наразылығын тудырды. Жан – жақтан Қоқан, Хиуа, Бұқар хандығы, Ресей империясының алым – салығы тонаушылық жорықтарынан мезі болған қазақ халқы ұлт – азаттық көтеріліске шықты. Сырым Датұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Исатай мен Махамбет, Есет батыр Кенесары бастаған көтерілістер соның нәтижесі.

Жақында ғана мен Құрал Тоқмырзиннің «Керзаман» шығармасын оқып шығып үлкен бір толғаныста болдым. Автор өз шығармасында сол отарлау кезіндегі оқиғаларды шебер суреттеп, тарихи деректермен нақтылап айқындай білген. Шығарма қазақ жерін жаулап алуға жіберілген патша әскерлерінің жарлығынан басталады. Ұланғайыр шегі көрінбейтін жерде келе жатқан казак әскерлерінің әрекеті. Олардың жергілікті халыққа жасаған қиянаты, бір – біріне мінезі қарама – қарсы Иван мен Гаврило атты сарбаздардың әрекеті арқылы беріледі. Иванның көргені, түсінгені бар, әділдікті жақтаушы болып көрінсе, Гаврило оспадарсыз, көрсеқұмар, қатыгездігімен көрінеді. Казак әскерлерінің бейбіт жатқан елге тиісіп малын тартып алып, қыз – келіншектерге зәбір көрсетуі, қазақтарды менсінбей «киргиз» деп қорлауы, өздерін ұлы халықтың өкіліміз деп менмендікке салынуы Говрилло бейнесінде көрініс табады. Оған қарт солдат Иван басу айтып, тоқтау салып жүреді. Әскерді бастап келе жатқан патшаға берілген неміс офицері Бларамберг мансапқой, даңғой, әлсіздерге үстемдік жасап қорлық көрсетсе, өзінен шені үлкендерге жағымпаз адам. Бар ойы – өзі жаулап алған қазақ жерінен үлес алып байлыққа кенелу. Патшаға адал қызмет етемін деп, тек өз пайдасын ойлайтын ұр да жық адам. Орынбасары, әрі тілмаш Ханыков Николай көрген – түйгенін байыптап, саралай білетін адам. Жат жердің әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін жинақтап өзіндік ой қорытатын жан. Осы адамдар арқылы патша үкіметінің отарлау саясатының бар бітім – болмысы бейнеленеді. Қол астындағы халықтарға жасаған үстемдігі, қатыгездік әрекеттері, жүргізіп отырған саясаты білінеді. Кітапта аңғал Қарынбай бейнесі арқылы мал баққан қазақ халқының бар болмыс бітімі суреттеледі. Сенгіш, қонақжай ойында еш арамдығы жоқ адам.Ресейлік империяның ішкі аудандарынан көшірілген шаруалардың келіп қоныстануы, шұрайлы жерлерге орнығуы жазылған. Қарсыласқан халыққа қару көрсету, әскердің үйреншікті әдетіне айналған. 

Исатай мен Махамбетке қарсы шыққан Сұлтан Баймағанбет, Хамит Абзи, патшаға сатылған бай – сұлтандардың жымысқы әрекеттері көрініс тапқан. Атақ пен шен – шекпен үшін туғандарын сататын би – болыстар қаншама? Басты кейіпкер Төремұрат арқылы бүкіл қазақ халқының басынан өткен нәубетке отарлау саясатының әсері тигені туралы айтылады. Сырым батыр, Исатай мен Махамбет, Жоламан, Жанқожа батырлардың ерліктерін халқы құрметпен атайтыны жазылады. Олардың көзсіз ерлігі, жауға қарсы жалаңаш қолымен шапқан жаужүректігі суреттеледі. Атбегі Нығмет жаны жомарт жан болса, Жорабай адал дос. Төремұртқа деген достық сертіне берік адал, әрі батыр, ел қамқоршысы беделді тұлға ретінде бейнеленеді. 

Сонымен қатар Төремұрат батыр мен Қызданай арудың махаббаты, олардың бір – біріне деген жүрек жарды сезімі керемет байланыстырылған. Бірақ, қазақ даласындағы ескі әйел теңсіздігі, қалың мал, жер дауы мен жесір дауы сияқты әдет – ғұрыптар қос ғашықты қайғылы жағдайға душар еткізіп Төремұрат батыр қапыда ажал құшады. Бітіспес кек өрши түседі. Әділетсіздік жалғасын тауып ескілік салт салтанат құрады. 

Күй атасы Құрманғазының жастық шағы, түрмеден қашып жүрген кезеңдегі жағдайы, оған деген елдің құрметі туралы айтылады. Күйлерінің шығу тарихы, толғанысы туралы жазушы керемет образ қалыптастыра білген. 

Қазақтардың жерлерін, қоқандықтар мен бұқарлықтардың иеліктерін біртіндеп Ресейдің басып алуы халықтың өрісін тарылтып, үлкен күйзеліске ұшыратады. Жан – жақтан жасалған орыстардың басқыншылдық әрекеттері 1873 жылы Хиуа хандығын басып алумен аяқталады. Отарлау саясаты бүкіл қазақ жерін қамтып, Орта Азия хандықтарымен бірге «Бөліп ал да, билей бер» деген принциппен басқаруға көшіріледі. Көмек сұраймын деп одақтас іздеген қазақтар Ресейдің үш жүз жылдан астам боданына айналады. Салт – дәстүр, әдет – ғұрыптар жойылып орыстандыру саясаты жүргізіледі. Халық санасы да өзгерістерге ұшырайды.

Қорыта келгенде: ХІХ ғасырдың ортасындағы оқиғаларды қамтыған шғарма, сол кезеңдегі нақты оқиғалармен үндесіп, бір – бірін толықтырып отырады. Қазақ халқының басына түскен нәубет туралы жазушы шеберлікпен ой – толғанысын жеткізе білген. Тіл байлығы зор көркемдік мәні де жоғары туынды екені даусыз. Ата – бабамыздың жүрген жолы, басына түскен ауыртпалығы, бодандық қамыты ешкімді де бей – жай қалдырмасы анық. Осынау кезеңнен бастап, Қазақ жерін Ресейдің отар аймағы ретінде қабылдайтын жаңа тарихы басталды. 

Н.Қарқабатова «Бала шындығы»: 

Б.Соқпақбаев өз оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы деп жазды Бексұлтан  Нұржеке ұлы.  Жазушының  айтпақ шындығы адам үшін ең қымбат бала болса, ал әдебиеттегі ең құрметті құнды дүние  балалар әдебиеті екендігін ұғындыру еді.  Мұндағы басты мақсат сол кездегі адамдардың аңғалдығын,шынайылығын,ауыл өмірінің шындығын боямасыз сол қалпы көркем бейнелеп жаза білген балар жазушысы Бердібек Соқпақбаев – ұрпаққа деген басты шығарамаларын жазған. Менің айтпағым балалар бағының бағбаны бола білген Б. Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» повесінің балаларға арналған нағыз шыншыл шығарма екендігін ұғындыру. Бұл шығарманы оқып отырған  бала да,  үлкенде одан тәлім –тәрбие алып өз бойындағы ерекшеліктері мен кемшіліктерін түзете отырып өмірге деген көз қарасын өзгертіп, жаңашыл өмір  бастауға жаңа мүмкіндік алатыны. «Менің атым – Қожа» повесінде соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл өмірін, ауыл мектебін және солкездегі ауыл колхоздарын керемет шынайы көркем суреттеген. Мен айтар едім совет одағының көзін көрген аға – апаларымыз дәл осы шығарманы оқыған болса, сол замандағы адамдардың ұйымшылдығы , шыншылдығы мен аңғалдығын сол кездегі колхоз өмірін көз алдарына елестете отырып сол заманды сағынары сөзсіз еді. Мұндағы ерекшелік жазушы шығарманы еш боямасыз оқырманның көңіліне қонымды, баланың жүрегінен орын алатындай етіп жазған.

Шығармада Қожа жағымды кейіпкер ал Сұлтан болса сүйкімсіздеу болып суреттелген.  Мұнда Қожаның жіберген қателіктерінен оқырман өзіне кішкене болсада сабақ алып жақсы мен жаманды, достық пен досты ажырата білетіні сөзсіз. Ең бастысы Қожаның «Әке» деген сөзді естігендегі толғанысы. Бұл сөзді естігенде жүрегі қарсы айрылардай болатыны. Ех, қайран әкем! деп әкесін еске еске алып, әкем тірі болғанда менің өмірім басқаша болар ма еді деген бала арманы, оқырманның ойына әкенің орны бала үшін ерекше тұлға екендігі, отбасында әке қамқорлығы басты орында тұратындығын сезіндіре білді. Балаға ой салар тағы бір жайт Қожа, жағымсыз кейіпкер Сұлтанның қасына еріп Анасы мен мұғалімінің сенімінен шығып кейін Қожа өз қылығына іштей қынжылып өз-өзіне есеп беріп жасаған қылығына өкініп анасына сырттай жаны ашып енді анасына қамқор болатындығын, ең бастысы өз өзіне тәртіпті бала боламын деп  сөз бергені, бала көңіліне қонып, балаға қанат бітіріп шабыт сыйлайтыны анық. Бала күнімізден көріп келген «Менің атым Қожа» фильмін әлі күнге қайта – қайта көруге бармын. Неге? 

Өйткені ол фильмді көргенде ауылың , балалық шағың, сол кездегі мектептегі күндеріңді еске алып балалық күнге ораласың. Өміріндегі ең қызықты, ең есте қаларлық шақ – мектеп өмірі. Себебі мектептегі барлық жағдайлардың бәрі есте қалады. Оны ешкім де ұмытпайды. Сол кезіндегі мектеп өмірі мен қазіргі кездегі мектеп өмірінің айырмашылығына тоқталып кететін болсақ, айырмашылық өте көп деп айтар едім.

Адам өміріндегі ең бір керемет армандарға жетелейтін, қиялыңа қанат бітіретін алаңсыз күндер ол балалық шақ. Балалық шақ туралы шығармаға бала күннің естеліктерін, сол кездегі арман-тілектерді, қиял әлемінің көрінісін жазуға болады. Басыңнан өткен небір оқиғаның өзі шығармаға арқау болатыны анық.  Себебі, бала өмірінің әр парағы қызыққа толы. Оған қоса, ата-анаңыздың қамқорлығы, жақындарыңыздың мейірімі, ата-әженің жүрегі елжірей еркелетіп, берген тәрбиесі де тілге тиек етуге тұрарлық зор дүние.  Ананың ыстық алақаны, әкенің еркелеткені бала өміріндегі ең маңызды сәт. Бірақ мен Б. Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат»  шығармасына тоқталғым келді неге? Өйткені осы шығарманы оқыған бала өз заманы мен сол кездегі балалардың қара нанды да қарны тойып жей алмайтындығы, балалардың қиын заманда өмір сүргендігін   салыстыра отырып өмірге деген көз қарасы өзгеріп автордың өмірінен үлкен сабақ алатыны сөзсіз. Мұнда автор өзінің балалық шағын әсірелемей балаларға сол қалпы жеткізді. Автор сол кездегі ауыл өмірін, ауыл заңдылығын, ауыл шындығын, сол жылдардағы аштықты сол қалпы бүркемесіз жеткізе білді.  Жазушы сол бір жоқшылықтың зардабынан өзінің жақсы көрген қызының үйінен анасы екеуі ұн сұрап барғанда ұяттан кірерге тесік таппай телміріп  қайыршының күнін кешіп намыстан зығырданы қайнап  жарылардай күйде болғандығы. Бердібектің аштықпен, жоқшылықпен өткен өмірін бала кезін көз алдына әкеліп өмірде біреуден бір нәрсе сұрап телміруден басқа жаман нәрсе жоқтығын керемет нанымды етіп суреттеді. Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық – оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайтының анық. Себебі, бастан өткерген қиындықтары тым қатты, сегіз жастағы баланың ауыр жұмыс істеуі. Қанша қиын болса да, оның қамықпағаны адамды жігірлендіргенімен қоса қуанта түседі.  Ойлап қараса, осының бәрі заманның, қоғамның, адамның шындығы. Бұл шығарманың шындығы балаға жақсы ой салып, жақсы тәлім – тәрбие бере алатындығы.

А.Бегманова «Өміршең туынды – «Мөлдір махаббат» романы:

Махаббатсыз не маңыз бар мына дүниеде. Жегілген қызметің, тойып ішкен тамағың, жасанып киген киімің, аузыңнан жырып жиған дүние-мүлкің махаббаттың бір ертегі-елесіне тати ала ма? Ұлы Абай¬дың: «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар», дейтіні қандай шындық!Мұхтар Әуезовтің: «Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі» деп, Ғабит Мүсіреповтің: «Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдында бір энциклопедия» деп, Мұхаметжан Қаратаевтың: «С.Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді» деп, Расул Ғамзатовтың: «Біздің әдебиетіміздің Эльбрустарының бірі» деп, Сәйфи Құдаштың: «Шын мағынасында үлгі-өнеге тұтатын кең құлашты жазушы», деп жоғары деңгейде ұлықталған қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың шығармашылық ғұмыры XXI ғасырда да жалғасын табуда. Шығармалары қайта басылып шығып жатқаны өз алдына, Қазақ елінің әдебиеттану  ғылымында С.Мұқановтың кітаптарына, өткен ғасырдағы атқарған қызметі мен жазушылық жолына жаңаша көзқарас қалыптастыратын зерттеу еңбектері де жариялануда. Мұның рухани сұраныстан туғанын, қоғамдық қажеттілікпен байланысты екендігін дәлелдеп жату артық шығар. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат»  романы – жазушы ғалымдардың  назарын жиі аударып, көбірек тілге тиек болған туындысы. Сәбит Мұқановтың бұл романы соғыстың ауыр кезеңінде бүр атқан мөлдір махаббатты бейнелейді. Бүркіт еркекшора өскен Бәтеспен алғаш рет танысқанда, оны Сыр бойында тұрған шағында бірер жыл қолында асыраған киіктің лағына ұқсатады. "Бәтестің мінез-құлығы сол киіктің лағына ұқсады: өз ырқым болмаса, басқалардың ырқына көнбейтін мені ол бұйдалы тайлақтай жетелеп, ойына алғанын орындатады да жүреді, мен оның ешбір бұйрығынан бас тарта алмаймын" деп келтіреді жазушы кейіпкердің күйін. "Бәтеспен бірге жүріп, бірге тұрған күндерде байқасам, мен оны жандай жақсы көруім, мысалы, шешенің баласын, ағаның қарындасын сүюі сияқты, күнәсіз сүюлердің біреуі сияқты емес, жігіттің қызды сүюіндей "күнәлі" сүюлердің біреуіне ұқсайды. Осылай сүюімді сезіне бастаған мен өзімнен өзім жүріп жатам да қысылам!" дейді Бүркіт тағы да. Одан кейін Бәтестің бетіне бір қарауға ұялады. Неткен ұятты махаббат! Неткен қадірлі, биік сезім! Бірақ Бәтес атастырылып қойған еді. Бүркіт пен Бәтестің алғаш рет сүйісіп тұрғанын бойжеткен атастырылған жақтың туысқаны көріп қойып, жағдай ушыға түседі..."Мөлдір махаббат" романының  бірінші бөлім тек Бүркіттің балалық шағы, ал екінші бөлімде Бəтеспен танысуы және Бəтес жайында жазылған.Өмірде  Сұлтанбек,  Бəтима  мен  Мұстафаның арасындағы  қарым-қатынас,  сол  уақыттағы дəуір  келбеті,  əлеуметтік  ортаның  жекелеген адамдар  өміріндегі  көрінісі,  оқиғаның  Сəбит Мұқанов  қызығушылығын  туғызуы – барлығы да  Құлбек  ағаның  осы  еңбегінде  талданады.  Ең алғашқы  көлемді  романды  ХХ  ғасырдың басында əдебиетте Сəбит аға Мұқанов туындат- қанын білеміз. Роман кезінде сынға да ұшырады, таптық  тұрғыдан  дұрыс  қабылданбады,  қайта өзгеріске  түсті,  сонда  да  шығарма  өзінің  өміршеңдігін дəлелдеді. «Мөлдір  махаббат»  романы  төрт  бөлімнен тұрады. «Сүйген жер» бөлімінде басты кейіпкер туған  жері,  туған  үйі  туралы  мəлімет  береді.         Бүркіттің  отбасынан 1911 жылғы  «Доңыз» жұтында  көп  шығын  шығады.  Жалпы  Бүркіттің əкесі байлықдесе арнамысы тұрмақ, туғанын да сатып жіберуден тайынбайтын аяр адам ретіндесуреттеледі. Бұл көркем шығарма болғандықтан мұндағы барлық  оқиғанышындыққа жанасады дей алмаймыз.

Екі жастың басындағы махаббат оқиғасы, өз махаббаттарын қорғау жолындағы жастардың алдында жолыққан кедергілер суреттеледі. Бала кезден туындаған махаббаттың беріктігі екеуінің басына бұлт үйірілген, тағдырдың түрлі шырмауына түскен кезінде де өз іргесін сөккізбеген берік қамалдай. «Мөлдір махаббат» романында Сəбит Мұқанов Бəтесті ескіліктің құрбаны болған қыз ретінде суреттейді. Ол ауыл байының ерке, сезімтал, нəзік жанды қызы. Бүркіт пен Бəтес арасындағы махаббат ұшқыны он үш-он төрт жастарында, əжесімен ере келген еркекшора Бəтестің қыз екенін түсінген сəттен бастап сезіледі. Романның негізгі қазығы да осы екі жас арасындағы махаббат. Жазушы өмір, заман шындығын да, тап тартысын, əйел теңдігі мəселесін де екі кейіпкердің образы арқылы көрсетуге тырысады. Бəтесті ескілік салты бойынша бала күнінен сол аймақтың ірі байының баласымен атастырады. Бұл оқиға роман барысында екі жастың қосылуына ең басты кедергінің бірі болады. Ауылдың ақсақалдары да, екі жастың əкелері де ескіліктің ғұрпынан қайтқысы, əбден елдің бəрін бұраған қылбұрауды босатқысы келмейтін ескі көзқарастағы адамдар. Өз махаббатын, өз басының еркін қорғағысы келген Бəтестің оқуға деген ынтасы да жоғары болады. Бəтестің алғаш Бүркітпен бірге оқуға аттануға ниеттенген тұсында кедергі ретінде Қоңыр қожадай ескіліктің түп қазығы, берік қамалы кесе көлденең бөренедей тұра қалады. Бұл оқиға бізге сол кездерде əйел баласының тағдырына көгендеулі қойдың тағдыры сынды қарағандардың көп болғандығын көрсетеді. Өз басында билігі, аңсаған арманына жетер жолда табан тіреп, қайырылмастан жүруге қазақы тəлім-тəрбие жібермеген Бəтес жұмған аузын ашуға да қорқады. Қазіргі жиырма бірінші ғасырда, əрине, заман басқа, заң басқа. Ешкім ешкімді қыстауға да, зорлық-зомбылық көрсетуге де қақысы жоқ. Бірақ жасы үлкенге қарсы келмеу, айтқан сөзін аяқ асты етпеу деген секілді атабаба тəрбиесінен алыстамадық, оны жоғалтпауымыз керек. Бүркітке қол ұшын ұсынған салық жинаушы Самалық образы арқылы жазушы жастарды бұл шырмаудан алып шығатын тек кеңес үкіметі екенін астарлап тұр. Бүркіт əкесі мен нағашысына жақтаушы бола алмайтынын əрбір іс-əрекетімен танытады. Араларында қақтығыс та болады. Бұл да ескі мен жаңаның тартысы. Ақыры оның бетін бері қарата алмайтындарын түсінген ағайыны бұл іске Мүсəпірді араластырады. Мүсəпір – адамның ішіндегі ең қоры. Десек те, ол сондай аярлыққа барғанмен, жалғыз өзі оның барлығын жүзеге асыра алмас еді, ол үшін жұмыла кірісетін жұдырық қажет болды. Махаббат билігі мен үстемдігі, еркелігі мен шолжыңы қайбір оспадар, жосықсыз тізгінді де тежей алуымен құдіретті-ау! Сол себепті де романдағы махаббат сипаты алғы кезекке көлбеңдеп шыға беретіні – қисынды тұжырым екен.  Ақ махаббат бетіне түскен қара дақтай Мүсәпір мүсіркеулі бейнесімен-ақ жүрек сыздатып, сезіктендіріп отырады. Ақыры, оның арамза ойы Бүркіт пен Бәтестің сеніміне селкеу салады. Қара ниетпен ластанған ақ махаббат Бүркіт алдында күнәға батып еді... Жүректі қырғыштай қырнаған қызғаныш түптің-түбінде қанды оқиғаға ұласып ты¬нады. Кекті Бүркіт айламен адал махаббатының сілікпесін шы¬ғарған, сөйтіп, Бәтес екеуінің ор¬тасына әзәзіл сөз жүгіртуімен дегеніне жеткен Мүсә¬пірді атып тас¬тайды... «Ненің қызығын көп ізде¬сең, соның күйігін бір тар¬тасың», деп Абай данышпан ескерт¬кенімен, жүдә, махаббаттан жаппай жерініп зәрезап болу да жарамас. «Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс», деп аңдап басуға меңзеген де осы ұлы ақын емес пе! Ретсіз аңғалданып шоқ баспасаң, ақыры дұрыс болары кәміл-ау! Бүркіт Мүсәпірді атып өлтір¬ді екен деп, өмір шіркін жүрі¬сінен жаңыла қоймапты-ау! Жы¬лыстап жалғасып жатыр... Қа¬зақ қоғамындағы небір аласа¬пы¬ран зұлматты кезең алмаса келіп, түбінде Алаш зиялыларының көксегеніндей дара да даңғыл жолға ұласатынына он жылғы айдаудан оралған Бүркіттің де сенімі зор. Міне, ол: «Алғашқы мөлдір махаббатымды қадірлеп қорғай алмағаныма өкінем!»– деп аһ ұрып, туған топырағынан кешірім өтінеді... Адасқанын ендігі адал өмірімен өтемекші. ...Махаббат өлмейді екен! Өл¬ме¬гені ғой, Бүркітті де осыншама жыл жетегіне алып, туған жеріне жетелеп әкеліп тұрғаны. Романның аяғында, жүрек тұс шым етіп, шаншып кетті. Осы оқиға Қызбелімде болған еді. Сұлтанбектің (Бүркіттің): «Сәбит! Сізді абақтыда көріп сөйлескенде, басымнан кешкен ойларымның көбін бүгіп қалып едім... Қысқасы, менің трагедием де, Бәтиманың (Бәтестің) трагедиесі де осы тетрадтарда толық», деп «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің атынан сотқа қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан жазушы С.Мұқановқа тапсырған өз өмірі туралы дастанын түнде бастап, таң бозарып атқанша Төнтер ағамыздың домбыраға қосып жырлағанына бала кезімізде куә болған едік. Көп шумағы есімізде... «Бәтима, қош болып тұр, көргенімше, Кетпессің сен есімнен өлгенімше, Қайғырып қапалықпен өтер күнім, Қайтып кеп дидарыңды көргенімше», – деп сорғалататын еді... «Мөлдір махаббат» романы əлі күнге дейін сұранысқа ие, оқылып қана қоймай, жастардың арасында терең талқыға да түсетінін көргенде шығарманың өміршеңдігіне тағы бір көз жеткіземіз.

Халықтың сүйікті жазушысы 1973 жылдың 18 сәуірінде Алматыдағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауруханасында дүниеден озды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Ол екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. Ұлы жазушының шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылды.

А.Асанқызы

Ұлттық рухты оятқан шығарма
Түркілер төрі Түркістанның тарланы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу