«Өлеңім - менің өмірім»

Oinet.kz 08-11-2023 2937

Ақын Құрал Көмектің "Үнсіздің үнін тыңдап..." атты жыр жинағындағы өлеңдерге жасалған талдаулар:

Screenshot_13.jpg

Үміттерді, көктемдерді үзбек болып,

Көкте тырна қалықтайды тізбектеліп.

Құлазыған бос кеудемнің бұтағында

Құс өлеңдер шырылдайды іздеп келіп,- (Өзен-уақыт) деп

қазақ поэзиясына жырлай келген  ақын, Халықаралық Физули сыйлығының иегері Құрал Көмек ағамыз 65жасқа толып отыр.

Бұл жасқа биік абырой жетістіктермен жеткен ақын ағамыз Халықаралық Физули сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері,  ЮНЕСКО Клубы Қазақ Ұлттық  Федерациясының мүшесі, Халықаралық Фараби шығармашылық  Одағының  төрағасы, «Дүние түріктерінің маршы», «Бауыржан маршы» әндерінің сөзін жазған автор.

«Ай туып келеді», «Бөрілерге гипотеза», «Мен даланың ұлымын», «Сенім жеңісі» «Баба рухы-гольфстрим ағысы», «Үнсіздіктің үнін тыңдап...» атты бірнеше жыр жинақтары мен балаларға арналған «Бағдаршам» жыр кітабының авторы.  Шығармалары түрік, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған.                          

«Биікте көк тәңірі. Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, Түркі халқының ел-жұртын Қалыптастырған, иелік еткен». Бұл  «Орхон-Енисей» ескерткішінің жолдарынан үзінді. Міне, осы эпитафиялық түркі жырынан тамыр тартатын

Құрал Көмек ағамыздың ұлы рухты шығармасы «Мен - даланың ұлымын» поэмасы сонау өткен ғасырда қазақ поэзиясының Құлагері атанған ақын І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасын, ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Дала, сенің ұлыңмын» поэмасын, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмаларын еске түсіреді. Барлығын «ұлттық рух» идеясы тұтастыратындай. Осы орайда әдебиет сыншысы А.Кеңшілікұлы «поэзия адамның бойындағы құдайлық рухтың ұшқыны, пенделік санадан биік тұрған әлемнің жұмбағы болса керек» дейді.

Құрал Көмектің дүние қабылдау, образ түзу ерекшелігі зор ақын десек артық айтқандық емес.  Жырларында ақиқатты, ұлттық рухты мұрат тұтқан ақын өлеңдерінің поэтикасы  кең. Образ жасау табиғаты ақындық талантын танытады. «Әр қазақ - менің жалғызым» деп жырлайтын  Сабыр Адай «Ақын табиғат тылсымдарын жырлауға келгенде, қамшы салдырмайды. Ол табиғатты дәл өзіндей, өзінің көргеніндей етіп қабылдайды» деген пікір айтады.

«Ақтас төбеде», «Ақын мен қайың», «Көз жасың боп кірпігіңде тұрып қалам», «Бұлттағы суреттер», «Өзен-уақыт», «Қаңқылдап қалқып қаз кетіп» т.б. өлеңдері дәлел. 

-«Қазақтығым,

Қанатты рух - әлемім» дейді ақын «Құлагер»атты өлеңінде. Яғни ақын жырларынан  биік бір ұлттық рухты, бабалар рухын ,түркілік рухты байқауға болады. «Баба рухы-гольфстрим ағысы», «Мен - даланың ұлымын», «Сенім жеңісі» поэмалары мен «Асыл текті Ашина» балладалары осының дәлеліндей. Осымен байланысты айтылса керек ірі Абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, академиялық білімнің иесі М.Мырзахметұлы ақын Құрал Көмек ағамызды қазақтың екінші Мағжаны деп атағаны. 

 Ақынның жыр жинақтарыңдағы  ерекше  атауы да оқырманды қызықтырады.  «Бөрілерге гипотеза», «Баба рухы-гольфстрим ағысы», «Үнсіздіктің үнін тыңдап...». Бізде қызық сұрақ туындайды. Үнсіздіктің үні бола ма екен деген. “Уақыт деген ұлы ағыстың сусылы да, сылдыры да естілмейді...Өзімнің жұмбақ саябағымда үнсіздіктің үнін көп тыңдауды әдетке айналдырдым...» дейді автор бір толғанысында.

Аспан асты шексіздік һәм шектілік,

Тайталасқан тексіздік пен тектілік.

Мөлдірейді кесел өмір кесемде

Таңқалдырып ергежейлі ептілік.(Азбан ғасыр).

Ақынның жан сырын жайлаған мәңгілік ақиқат құпиялары, ұлттық өлең өнеріндегі өзгеше жаңа құрылым, болмыс мазмұнына тән ғарыштық тегеурін, ғажайып сұлулық табиғатпен жарасымын іздеуде.  Ақынның іздегені-ізгілік, көздегені-адалдық пен адамгершілік, елдік мүдде.

Жыр дегенің асау сезім таза мұң,

Шөліркеймін шөлден іздеп ғажабын.

Азайтам деп азғындар мен озбырды

Мен өлеңді соның үшін жазамын,-деп «Өзім туралы» жырында ақын өзінің  поэзия әлеміндегі кредосын анықтаса, ендігі жыр жолдарында «Өлеңім – менің өмірім» деп толғанады.  Тағы бірде «Күздің мұңын ұрттадым» дейді ақын суретті тілмен. Ақын өлеңдері ақиқаттың алдаспанын көтеріп, жүрекке нұр құяды. Ақынның бағы деген осы болар. 

Мұстафина Тажихан

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі

Қазақ балалар әдебиетінің сұлтаны
Көрші қыздың әңгімесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу