Көрші қыздың әңгімесі

Oinet.kz 09-10-2023 1666

Девушка-плачет-за-окном.jpg

Сол түні жас келіншек қатты жылады.

Бұл оқиға оның өмірінде мәңгіге таңусыз жара болып қалары анық.

Бәрі мынадан басталған еді. Күздің екінші айының бел ортасына жеткен уақыт. Таңғы шайды бейқам күйде ішіп отырған жас келіншек әлеуметтік желіден мына күні дәл үйінен екі минуттық жерде өзі жиі барып жүретін кітапханада айтулы іс-шара болады дегенді көзі шалып қалды да сол сәтте оның алдынан бөлек бір әлем ашылғандай еді. Содан бері апта санап, күн санап сол бір күнді асығып қатты күтті. Күйеуінен қалай сұранарын білмей кешкі асқа дәмді тамақ дайындап кішкентай қызының да ұйқыға жатар уақытын бағамдап әуре сарсаңға түскен.

Дәл сол күн. Кешкі уақыт. Күткен күйеуі де есіктен кіріп келді. Әйелінің әлденені айта алмай қипақтап тұрғанын білсе де соңын күтейін деп үндемеді. Ас үйде етін молынан салынған сүйікті асы даяр тұр екен. Бір бөлмелі пәтердегі үшеу асықпай кешкі астан ішті. Ерлі-зайыпт кішкентай қыздарының тәтті қылықтарын, былдырлап шыққан тәтті сөздерін қызықтай күлісті. Ыстық-ыстық шай да ішілді, бүгінгі күннің жаңалықтары да айтылды.

Әйел тоңазытқыштың үстіндегі сағатқа қайта-қайта қарап тағаты таусылардай болды. Сәлден соң ақырын сөз бастады.

-Өткенде айтып едім ғой… Кітапхана түні жайлы.

-Иә. Бүгін бе еді? Ұмытып кетіппін ғой.

-Қазір басталып жатыр. Мен поэзия кешіне үлгерсем болды. Егер рұқсат беріп жатса оқимын ғой деп екі-үш өлеңімді де дайындап қойдым. Бір сағатқа барып келейінші?

-Әрине-әрине. Барып кел. Саған ондай әдеби жерден қалмау керек. Бара ғой.

Жас келіншектің жүзіне әп-сәтте күлкі үйіріліп күйеуін қапсыра құшақтап бетінен сүйді.

-Рахмет жаным. Қызымды ұйықтатып бірақ кетемін.

-Кешігіп қалмайсың ба?

-Жоқ. Поэзия сағаты сәл кешірек болады. Бағдарламадан уақытын қарап шықтым. Қазір белгілі ақынмен қолтаңба кеші өтіп жатыр.

Осылай деп, әйелі жүре сөйлеп бір күн алдын дайындап шкафқа іліп қойған киімдерін ел көзіне біртіндеп шығара бастады. Жас келіншек сондай көңілді еді. Тап бір жерде емес көкте қалықтап ұшып жүрген сияқты. Жүрегі ретсіз соғып сахнаға шығар сәтті тағатсыздана күтеді.

Сәлден соң кішкентай ғана қошақаны тәтті ұйқыға кеткен. Ана жүрегі мен жоқта оянып қалып іздеп жылап қалмас па екен деп те уайымдайды. Бірақ күйеуінің «алаңдама қызымызға өзім қараймын»,- деген сөзі көңіліне медеу болғандай. Келіншектің мүсіні бұрынғы қыз күніндей талдырмаш болмаса да сол кешке лайықты үлгіде киінген еді.

Иығынан сәл асатын қою қара шашын босатып, аяғына өшкелі қара етігін киді. Әйелінің күндегіден бөлек сымбатын көргенде күйеуі сәл үнсіздіктен соң:

-Қолыңа неке жүзігін ұмытпай тағып ал,-деді. Бұл қызғанғанның белгісі екені айтпаса да түсінікті еді. Әйелі онсызда ол неке жүзікті қолынан бір сәтке шешпеген де болатын.

-Байқап жүр. Дала жаңбыр. Қолшатыр алмайсың ба?

-Жоқ. Қажет емес. Жаңбыр басылған сияқты. Мына тұрған жер ғой. Тез-ақ жетемін. Гүл алып үлгерсем болды.

-Ал, сәттілік! Жақсы барып қайт! Жеткенде ұмытпай жаз!

Көшеде жаңбырдан кейінгі жып-жылтыр асфальт пен салқын ауа сыртқа тепкен. Салқын ауа кеңсірігіңді ашардай сондай таза. Жас келіншек енді ғана өзінің қаламгер екенін қайта сезінгендей. Жеделдетіп отырып гүл сататын дүкенге жетті. Ондағы ойы кітапхана басшысын алдағы төл мерекесімен құттықтау болатын. Қырсыққанда флорист әйел істен гөрі сөзге шебер болып шықты. Поэзия сағатының басталауына санаулы минуттар қалса да әлгі әйелі асығар емес.

-Мен негізі асығып тұр едім.

Осыдан соң ғана жұмысы алға баса бастады. Сонда да болсын:

-Әдемі киініп алыпсыз. Бүгін бір біз білмейтін мереке ме? - деп қалды.

-Иә. Кітапханашылар күні.

-А-а. Сіз кітапханада істейсіз бе?

-Әзірге жоқ. Бірақ істесем бе деген арманым бар.

Осымен сөз де тәмам, іс те тәмам болды. Асыққанда жол да жеткізер емес. Адымдарын алшақ басайын десе жылтыраған асфальтқа биік өшкелі етікпен тайып жығылармын деп сақтанып та келеді. Әйтеуір аңсап күткен мекеніне жетті-ау. Десе де, ішке алқынып енбес бұрын өз-өзін ретке келтіріп еппен адымдай кірді. Кітапхана іші жым-жырт. Әр жерде оқырмандар өз басымен әуре болып отыр. Біреуі ноутбукқа, енді біреулері кітапқа басымен кіріп кеткен. Қызметкерлер болса тіптен жайбарақат. Бұл жерде айтулы іс-шара өтіп жатыр деп айту қиын. Сонда да үміт оңай үзіле қойсын ба? Сырттан кірген бейтаныс жан қабылдау бөлімінің алдында тұрған қызметкерге барып баяу үнмен:

-Қайырлы кеш! Поэзия кеші қай жақта өтіп жатыр айтып жібересіз бе? - деді.

-Сәлеметсіз бе! А-а. Ол кеш жаңа біраз бұрын ғана өтіп кетті ғой- деді кітапханашы қыз алаңсыз.

Осы кезде оның жүрегі түсініксіз зырқ ете қалған.

-Қалайша? Бағдарламада дәл осы уақытта басталады деп көрсетілген ғой. Мен уақытылы келіп тұрмын ғой?

-Иә, бірақ біз белгілі бір себептермен ертерек өткізіп жібердік. Сіз сол кешке арнайы келген бе едіңіз?

-Иә. Арнайы дайындалып келдім.

Қызметкер қыз келушінің көзіне жас толғанын көріп қазір деп бірден дәліздің соңындағы кабинетке кіріп кетті. Сәлден соң қайта шығып кабинетке кіруін өтінді.

Ішке енсе кітапхана басшыларының бірі үстелін жинақтап жатыр екен.

-Сәлеметсіз бе!

-Сәлеметсіз! Мен поэзия кешіне келіп едім… көрсетілген бағдарлама  бойынша дәл уақытында келдім. Кештің бітуіне әлі жарты сағат бар ғой. Қызметкерлеріңіз кеш аяқталып қойды деп жатыр.

-Иә. Дұрыс айтасыз. Бірақ біз кейбір шараларды ертерек өткізуімізге тура келді. Кешірім өтінеміз!

Жоқ… Ендігіде іркілген моншақ жастар бұдан әрі үзіліп түспеуге шыдай алған жоқ. Кеудесінде бір ауыр тас тұрып қалғандай. Көзінен аққан жастарды қанша білдірмейін десе де болатын емес.

-Мен… мен бұл кешке арнайы келдім ғой. Омыраудағы баламды тастап… Осы кеште өлең оқысам деп арнайы… келген едім ғой.

Кітапхана қызметкері қарсы алдында қыстығып жылап тұрған бейтаныс қыздың алдында қатты ыңғайсызданды.

-Сізден ұят болды-ау! Кешіріңізші. Маған байланыс нөміріңізді қалдырыңызшы. Келесі жолы поэзия кешіне сізді міндетті түрде шақырамыз. Бұл болса жылап тұрып телефон нөміріндегі сандарды бөліп-жарып әрең-әрең дауыстады. Көз жасы әлі де тоқтамақ емес.

-Бізде бұндай жағдай бірінші рет орын алып тұр. Не істесек екен? Енді бұл қатемізді қалай түзете аламыз? Айтыңызшы?

-Ешқалай. Ешқалай түзете алмайсыз-д-а-р…

Ендігіде бұл жерде тұрудың еш мәнісі қалмағанын түсінді де:

-Мына гүлді арнайылап сатып алған едім. Мерекеңізбен! Сау болыңыз! - деп есіктен шығып кетті. Сол шықққанан соңынан естіліп жатқан дауысқа мойын бұрмастан қыстығып барып кітапханадан сыртқа қарай атылып бірақ шықты. Бұл жолғы салқын ауа кеңсірігін одан сайын тұншықтыра түскендей. Қатты жылады. Көшені басына көтере дауыстай жылады.

Асығып жеткен кеш. Сағынып күткен сахна. Оқырманның ыстық ықыласы. Оқылмаған өлеңдер…

Бәрі де бір сәтте жоққа айналды.

Жалғыз-ақ неге деді? Неге екенін өзі де білмейді. Бәрі де бекер болғаны ма? Кішкентай ғана арманының күлі көкке ұшқаны ма? Көшедегі адамдар оған біртүрлі бажырая қарайтындай. «Олар мені түсінбейді!», «Мені ешкім түсінбейді!».

Үйінің алдына дейін кемсеңдеп жылап кірді. Пәтерінің кілтін іздегенде ғана барып есін жиды. Күйеуі мына түрін көрсе шошып кетері анық қой. Үйге реттеліп кірмек боп тамағындағы ащы өксіктен арылармын деп екі рет терең тыныстап алды да ішке енді. Кетуінен келуі тез болған келіншегін күйеуі таңырқай қарсы алған. Әйелінің көздері қып-қызыл болып ісіп кетіпті.

-Не болып қалды? Бәрі дұрыс па? - деп есік аузында тұрған әйеліне жетіп келді.

-Кеш бағана өтіп кетіпті. Мен қатыса алмадым, өлең оқи алма-д-ы-м. Бұны енді азаматы қалай жұбатарын білмей жұбайының көздерінің жасын сүртіп:

-Осыған да жылай ма екен ботам-ау? Жүре ғой, ішке кірші.

-Мен уақытында бардым ғой. Арнайылап бардым ғой. Сіз мені түсінбейсіз!

-Неге түсінбейін? Әрине түсінемін. Өлең оқығың келіп қыстығып жүргеніңді жақсы білемін. Үйде отырып өз ортаңнан алыстап қалдың. Уайымдамашы, болды, жылама. Сен әлі күшті жерлерде өлең

оқисың. Қай жерде оқығың келеді айтшы? Ұлттық кітапханада оқығың келе ме? Әлде академиялық кітапханада ма? Ертең-ақ сөйлесемін. Болды, қоя ғой жылама.

-Сіз мені түсінбейсіз…

-Түсінемін, жаным, түсінемін…

Бұл жолы да келіншек күйеуін қанаты сынған жаралы құстай тағы да қапсыра құшақтады. Орындалмаған армандар деген осылайша түйнек-түйнек мұң болып жүрек түкпірінде қалып қояды екен ғой…

23/10/23

Назерке Серікқызының Фейсбук парақшасынан

«Өлеңім - менің өмірім»
«Ұлпан» туралы бір үзік ой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу