Қиындықпен қол жеткізген бақыт баянды бола ма?

Oinet.kz 15-09-2022 1131

Махаббат дейтін риясыз сезімнің құрығына түскен жайым бар. Иә, ақындар жырлап, сазгерлер әнге қосқан ғаделет сезім мені де баурады. Айналамда басы бос жігіттер өте көп. Өлердегі сөздерін айтып, көзімнің мөлдірін әнге қосып, бақытты етемін деп уәделерін береді. Ешкімге дес бермеген менің шіркін жүрегім болса, ертеректе үйленіп ажырасқан, бір ұлы бар азаматқа «басын иді». 

Screenshot_6.jpg

Әлбетте, бастапқыда қарсыласып бақтым. Ақылға салдым. Ұмытқым келді. Тіпті, оны ойлауға тиым салдым өзіме. Қанша уақыт өтсе де маған шипасы болмады. Уақыттың емшілігі қайсы?! Иә, мен бәрін сезінемін. Ұлын ойлаймын. Әкесіз өсетіні жаныма батады. Өзімді, өзімнен бұрын ата-ана, бауырларымды ойлаймын. Бұл сезімімнің сырын оларға қалай түсіндірем?! Анам қалай қабылдайды?!…

Сезімім жауапсыз емес. Ол азаматтың, яғни Ердостың маған жағдайын ашық айтқаны да ұнады. Ақылды-ақ, тұлғалы-ақ, иманды-ақ азамат. Неге ажырасты екен?! Бастапқыда, осы сұрақ қатты мазалады мені. Ұмытам деген арпалыс уақыттан қайыр болмағасын, жолдар айналып әкеліп жүзімізді түйістіре бергесін, айлы түнде телефонмен сырласуды шығардық. Алғашында мен «ақылшы ұстаз» рөлін атқарып, отбасына қайта оралуын сұрадым. Ұлы жайлы, әке тәрбиесінің рөлі жайлы, кешірімді болу хақында бар білгенімді айттым. Мені үнсіз ғана тыңдайтын. Сөзімді бөлген емес. Екеуміздің рухани байланысымыз астасып жатты, не керек!? Ердостың менің алдымда қадірі тағы артты. Неге дейсіздер ғой?! Егер ол әйелін жамандап, кінәнің бәрін әйелінің мойнына артып, өзі сүттен ақ, судан таза болып шыққанында сырласуымыздың мәні кетер еді. Шыны керек, ұсақ мінезді ерлерден бойымды аулақ ұстағым келеді. Сезімім су сепкендей басылар еді. Бірақ, жоқ! Ол кінәні екеуіне де артты. Тек, әйел адамның ерін еркелеп жеңуі керек екенін астыртын мәнмен түсіндіргендей әсер етті маған. Беттерінің ашылып, бір-бірімен дарылдап ұрысуларына дейін барғаны сол қасиеттің болмағанынан дейді. Шыдамның да шегі бар. Жұмыстан соң үйіме асығып тұрмағасын, көңілде шаттық сезім, көңіл толушылық болмағасын, тек ұлымды ғана сағынып, ұлымды ғана ойлап күн кешуге көштім дейді. Бірақ, толыққанды бақыт болмағасын еркек ұзаққа бармаса керек. Оның сөзі: «Мен ұлымды тастап кеткен жоқпын. Иә, өмірде оңбай қателестім. Алжастым. Адастым. Тек, екінші рет бақытқа қол созу мүмкіндігі менде де бар шығар?! Ұлым ержеткенде мені түсінеді деп сенемін. Ол да еркек болады ғой, Құдай қаласа. Ал, менің бұл хәлімді бәрібір қазір ешкім түсінбейді. Кінәлі емеспін демеймін өзімді. Кінәлімін. Менің аяқкиімім сыртынан әдемі, жылтыраған, жап-жаңа болып көрінуі мүмкін. Бірақ, оның аяғымды қалай қажайтынын тек мен білем дегеннің мұңы менікі». Шыны керек, сабырын серік еткен, иманын берік еткен бұл азаматтың дәл осылай қателесуі мүмкін деп ойламайсың. Мен оның риясыз жан дүниесін терең түсіндім, терең сезіндім. Айтпақ ойын жүрегіммен ұқтым. Бүгінде, бірге жүргенімізге екі жылдан астам уақыт өтті. Мені бақытты етер жалғыз азаматым екенін сезінемін. Тек, ол ұлын ойлап сағынған сәттерде жанымды қоярға жер таппай кетемін. Қандай тоқтам, ақыл айтарымды білмеймін. Жақында, бұрынғы әйелі Ердостың өмірінде менің барымды біліп қойыпты. Ердостың ата-анасына қоңырау шалып, «Ұлдарыңыз міне осындай. Екеуміздің ажырасуымызға сол қыз себеп. Ортамызға түсті. Оның басын айналдырды» дегендерді айтып, бүкіл туған-туыстарына жария етіпті. Мен ақылымнан адаса жаздадым, шынымды айтайын. Олар ажырасып кеткенде өмірлерінде мен мүлдем жоқ едім ғой. Ұйыған отбасының ортасына түсу, бесігімнен бойымда жоқ қасиет. Құдайдан қорқатын пендемін. Арым бар, ұятым бар. Ойланбастан өтірік айтатын адам, ертең менің ата-анама келіп солай десе мен не деп ақталмақпын?! Әкемнің бетіне қалай қараймын?! Осы ойлармен талай түнді ұйқысыз өткіздім…

Не керек, болған жайттың бәрін ақ параққа сыйдыру мүмкін емес. Бір нәрсе анық: сезімдеріміз шынайы. Мен оның тұла бойы тұлғасына, көркем мінезіне ғашықпын. «Балаларымның әкесі осындай болса екен» деген арманмен ғашықпын. Басқа біреуге қарамақ түгілі, ойыммен де адалмын. Басқа еркектермен салыстырған емеспін ешқашан. Ол мен үшін жалғыз. Оның да сезімі ерекше. Мені тұңғышындай еркелетеді. Білімімнің, ақылымның толығып отыруына бірден-бір себепші адам. Кітап оқимыз бірге. Бір-бірімізге айтып, ойымызды сараптап, пікір алмасамыз. Түйгенімізді түйсігімізге мықтап қондырамыз. Ол әрдайым ұлын айтып, құлағыма да, жүрегіме де сіңдіргісі келетінін білемін. Болашақта, отбасын құрып, бір шаңырақ болсақ, ұлын ешқашан шеттетпейтініме, тіпті мейірім шуағымды сыйларыма іштей сенемін. Талай сөзге қаларымды, алдымнан «суық жел» соғарын, қиындықтың түр-түрі боларын да білемін. Егер, Ердосымның табиғаты өзгеріп кетпесе, бар қиындықта жанымнан табылары сөзсіз. Маған сол да жетеді. Бәріне бірге төзуге дайынмын. Қиындықпен келген баянды бақыт ұзағынан болады қайта. Солай емес пе?! Ойыма ой, ақыл қосшы. Ойым бұрыс болса, алған бағытым қисық болса, түзетерсің. Пайымды кеңес күтемін өзіңнен…

Сәлеммен, Ақгүл.

Хатшы қыз отбасымыздың шырқын бұзды
Бүкіл әлемге деген өкпе-ренішімді қызымнан алдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу