Жүрісін қоятын шығар дегенмін, алайда оңбай от бастым

Oinet.kz 02-10-2022 4155

Әйелінің көзіне шөп салғанын біле тұра бір шаңырақтың астында талай жыл бірге тұрған ШҚО тұрғыны өткен өмірінен сыр шертіп, көпшілікке кеңес берді.

Screenshot_1.jpg

2009 жылы шаңырақ көтерген кейіпкеріміз жүріске салынған келіншекпен отбасын құрып, одан шекесі торсықтай ұл бала да сүйген. Бірақ, алған әйелінің отын тұтата алмайтындығын білген достары мен жақындары оған үйленуіне алғашында қарсы болыпты. Ал, ол бойындағы махаббаттың жалынымен ешкімді тыңдамаған көрінеді.

«Туған әпкем айтты “аты шыққан қызды қайтесің? Оны құда балаң үйге әкеліп жүргенін өз көзіммен көрдім” деп. Мен “Отбасын құрғаннан кейін ортада бала болады. Ал, ана махаббаты соған ауады ғой. Жас күнінде кім қателеспейді? Сондықтан жүрісін қоятын шығар” дегенмін. Алайда, оңбай от бастым», – дейді ол.

Әулет үшін де келіндері келісапқа айналған. Ата-енесін құрмет тұтпай, бетінен алғаны былай тұрсын, келіншек жас күніндегі үйреншікті ойнағын өзгемен жалғастыра береді. Қызмет барысымен айлап үйден кететін отағасы әйелін талай мәрте өзгемен қолға түсірген.

«Мен екі жерде жұмыс істедім. Ақшадан таршылық көрмеді. Айына 100 мыңның үстінде кіріс келіп тұрды. Басында біреу қоңырау шалса күдіктенбейтінмін. Сұрасам туысым дейді. Оны қазбаламаймын. Бір күні қолыма ұялы телефоны түсіп қалды. “Друг Вокругтегі” парақшасын ашып қарасам, ондағы хабарламаларды айтудың өзі ұят. Айтсам, «шатағың болмасын, мен өзім білемін. Біліп тұрып алдың» деді. Қол көтермедім. Хабарламаларды көшірдім де, ағаларына бердім. Басында олар маған сенбейтін. Қанша айтқанымен қарындастары ғой. Кейіннен, қайын ағам «өміріңді қор қылма, балаң өзіңді табады» деп кеңес айтты. Бірақ, оның өзгемен кездесіп жүргенін білсем де, баламды қимай үш жыл бірге тұрдым», – деп мұңын шақты азамат

Ең сорақысы, анасының басқамен көңіл қосқанын ес кірген баласы да көзімен көрген.

«Ұлым “Әке, анама бір аға келеді. Мені далаға ойнауға шығарып тастайды. Мен сенімен кетейінші”, – деп жылағанда жүрегім ауырып қоя береді. Ақыл таразысына салып, ұлымды жұбататынмын. Ақыры бұл қорлыққа шыдамай ажырасуға бекіндім. Әлі күнге дейін балам менімен тұрғысы келеді. Бірақ, сот оны анасына берді. Сақтаған хабарламаларымды түгел дәлел ретінде ұсынсам да.

Қазір балам психологиялық күйзеліске ұшырап жүр. Не істесем болады? Мамандар қандай кеңес береді? Оны жүріске салынған анасы қалпына келтіре алмайтыны белгілі ғой. Ал, өзім екінші рет үйлендім. Аллаға шүкір, бағыма орай келіншегімнің түсінігі мол. Маған “бала үшін барып тұр” деп рұқсатын берді. Тіпті, “оның еш кінәсі жоқ, өзіміз қолымызға алайық” деп жүр»,- дейді азамат.

Оның айтуынша, қарындасының бұл жүрісінен ағасы да жеріп кеткен. Алғашында қолына алғанмен, ақыры бөлек жіберіпті. Бүгінде, сол баяғы тірлігін қайта жалғастырып жүрген сыңайлы. Сондықтан, кейіпкеріміз өткерген оқиғасы өзгеге сабақ болуын тілейді.

Өзін бала күнінен құлай сүйген жігіттің наласынан қорықпағаны қалай
Күйеуім ас үйден шықпайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу