Енем мен күйеуімді үндемей жеңдім

Oinet.kz 14-11-2022 5587

Менің айтқым келетіні, енелер үшін отбасымызды бұзғанымыз дұрыс емес. Ене де біреудің анасы ғой. Кім өз баласының жаман болғанын қалайды дейсіз, сіз жақсы болсаңыз ене да, ата да жақсы. 

Screenshot_12.jpg

Баласын қызғанады, айырып алам деп айтады дегенді оқып, қандай ана баласының ажырасқанын, немересінің тірі жетім болып өскенін қалайды дейсіз? Аналар баласының бақыты үшін бəріне көнеді. Егер сіз сыйлап, анаңыздай жақсы көріп жүрсеңіз, сізге де сондай қатынас болады.

Біз де ертең ене боламыз, сіз келініңізге солай істер ме едіңіз? Егер күйеуіңіздің əке-шешесімен жақсы болсаңыз жан-жарыңызда сізді одан əрі жақсы көрер еді. Мен де енеммен тұрам, басында бізде де келіспеушіліктер болды, бірақ кейін бəрі орнына келді. Қазір екуміз бəрін ақылдасып отырамыз, куйеуім де риза. Мейрам сайын, тіптен базарға барған сайын сыйлық немесе керек заттарын алып берем. Ол да мейрамды бос жібермейді. Ешқашан басқа адам үшін жанұяңызды бұзбаңыз, қайта өзіңіздің мықты екеніңізді көрсете біліңіз.

Ал күйеуім сабайды, ұрады, тебеді деп жазғандар да табылады, бірақ ол жайдан жай келіп сабамайтын шығар, өз тілімізден, ісімізден табамыз деп ойлаймын. Егер артық ауыз сөз айтпасақ, ашуланған кезінде жай күліп үндемей қоя салсақ таяқ жемейтін шығармыз. Үндемей жүрген адамды қалай ұрады, ойланыңызшы. Басқа бəле тілден дейді ғой.

Бастапқы жылы мені де ұрған, өзім қарсы сөйлеп жауабын алғанмын. Ал қəзір шапалақты ұмыттым, өйткені тілім қысқарды, үндемей жеңем. Тіптен ұрысуымыз да азайды. Сіздерге өз басымнан өткесін жазып жатырмын.

Қыдыруға жақын еркектерді де өз орнына қоятын уақыт келеді. Тек аз ғана шыдамдылық керек. Үйде қамамаңыз, қайта-қайта себепсіз телефонын тексере бермеңіз, аз білсеңіз уайымсыз ұйықтайсыз. Барсын баратын жеріне, кейін одан да шаршайды, 1 ай қыдырар, 2 ай қыдырар кейін одан да жалығады. Осы уақытта сіз өзіңізді босаңсытпай мықты болыңыз. Сіз де қыдырыңыз, өзіңізге қараңыз, балаңызға қараңыз. Жылап, жүйкеңізді құртып күтіп отырғанша, жаныңызға жақын істермен айналысыңыз. Басқа қыздармен сөйлескенін білсеңіз де кетуге асықпаңыз. Жеңілмеңіз! Еркектің ештеңесі кетпейді, қанша сізді сүйсе де сіздің орныңызды басатын адамды табады. Екі ортада балаңыз əкесіз, өзіңіз жарыңызсыз қаласыз. Ажырасуға асықпай ақылмен шешу керек! Басқа бір əйелге сүйген адамыңызды бере салмақшысыз ба? Ажырасқанмен сізге күйеу табылар, бірақ балаңызға əке табылмайды. Бірінші бағымызды бағалайық! Есі бар еркек қанша қыдырса да, ішсе де, өзінің əйелінен асқан адамды таба алмайтынына көз жеткізеді. Еркекке керегі еркелететін баласы, адал əйелі, тамағының тоқтығы, жайлы төсегі жəне миының тыныш болуы. Қалғаны оларға тек уақытша нəрсе. Менің күйеуім де қыдырады, ішеді де, үйге қонбаған кездері де болды. Бізде де жетіспеушілік болды, ақшадан да қиналдық. Бірақ мен шыдамдылық танытып келе жатырмын, өйткені ол бұрынғыдан аз да болсада өзгеріп келе жатыр. Бұрынғыдай күнде қыдырмайды, телефонын өшіріп тастамайды. Мінезі өте қатал. Ашулы жəне ішіп тұрғанда мүлде сөйлемеймін. Күліп, тамағын дайындап жүре беремін. Менің жеке кəсібіме де ықылас танытып, көмектесіп жүр. Бұрын шаруасы да болмайтын. Сөзімнің соңында айтарым əрбір күнімізді бағалап, ұрысып, ренжісумен емес, қайта баламыздың қылығына тоймай шүкіршілікпен өткізейік. Ертең бізді не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян, сондықтан уақытымызды зая жібермейік. Менікі дұрыс емес дейтін шығарсыздар, əркімнің тағдыры əр түрлі деп, мен тек өзімнің басымнан өткесін жазып отырмын. Бір адам болса да ажырасатын жағдайға бармаса екен деймін.

Бет көріспестей ұрысқан ағасымен татуластан інісінің әрекеті елді таң қалдырды
Өгей қызым өмірімді тозаққа айналдырып жіберді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу