ҚР Премьер-министрінің орынбасары Шымкент кәсіпкерлерімен кездесті

Oinet.kz 20-11-2022 570

image.png

ҚР Үкімет басшысының орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келіп, жергілікті іскер азаматтармен жүздесті. Алқалы жиынға қала әкімі М.Әйтенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Т.Нақыпбеков, түрлі министрік өкілдері мен қалалық басқарма басшылары қатысты.

Вице-премьер азаматтарды әлеуметтік қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.

– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Әлеуметтік әмиян» деген жаңа әдіс енгізіледі. Ол әлеуметтік санаттағы әр отбасыға өз келісімімен ашылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау, жәрдемақы сол әмиянға аударылады. Қазіргі таңда бүкіл қаржы орталықтандырып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тауар өндірушілерге берілуде. Мысалы, қант мәселесі. Жалпы, елімізде әлеуметтік маңызды азық-түліктің 60-70 пайызы импорт арқылы келеді. Сондықтан, ішкі азық-түлік өндірісін дамытпай, баға тұрақтауы қиын. Кемінде 70 пайызы өз елімізде өндірілуі тиіс. Қазіргі таңда осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Бірқатар бағдарлама да жүзеге асырылуда, – деді С.Мақашұлы.

Кездесуде Шымкент қаласының кәсіпкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мысалы, «Бал-Текстиль» ЖШС-нің құрылтайшысы Т.Исахов отандық кілем өнімдеріне қолдау көрсетуді сұрады. Кәсіпкердің айтуынша, шетелдерден, оның ішінде Өзбекстан мен Түркиядан жеткізілетін дайын кілем өнімдерінің 1 шаршы метріне бар болғаны 0,25 евро баж салынады. Ал қазақстандық кілем өнімдері шетелге экспортталғанда, атап айтқанда, Өзбекстан аумағына кіргізілгенде бір келісіне 12 АҚШ доллары көлемінде мөлшерлеме төленетінін алға тартты.

Жиында онға жуық кәсіпкер өз саласына қатысты туындап отырған проблеманы алға тартып, өтініштерін жеткізді. Түйткілді мәселенің көбісі отандық өнімдерді шетелдік балама өнімдердің демпингінен қорғау және экспортқа шығаруда қолдау көрсетуге байланысты.

Вице-премьер Серік Жұманғарин әр сауалға сол жерде нақты жауап беріп, хаттамаға енгізуді тапсырды. Ал бірқатар кәсіпкердің мәселесі бойынша «QazTrade» мекемесінің басшысына тапсырма беріп, алдағы уақытта мәселені кең талқылауды бақылауға алатынын жеткізді.

Туризм –табыс көзі
Шымкентте биылғы жылдың 10 айында экономиканың негізгі салаларында өсім байқалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу