Отаншыл болсаң – отандық өнімді сатып ал

Oinet.kz 19-05-2019

Screenshot_14.jpg

Көрнекі фото

Елбасының отандық тауар өндірушілер тіккен костюмді Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Сочиге барған сапарында кигенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. «Қазақстан – 2050» жалпы ұлттық қозғалысы жыл басынан бері қазақстандықтарды отандық тауарларды тұтынуға үндеп келеді. Елбасы  қазақстандық өнімдерді биыл қыркүйектің 17-сі күні Атырауда батыс облыстардың әкімдерімен кездесуі кезінде де насихаттады. Ол: «Қазақстанда тігілген костюм киемін, аяқ киімім де өз елімізде тігілген. Өзіміздің жеңіл өнеркәсібімізге осылай жарнама жасаймын» деп мәлімдеді.

Ия, Елбасының осылай отандық тауар өндірушілерді қолдауы – биліктің барлық тармақтарындағы шенеуніктер мен өзін Қазақстанның патриотымын деген азаматтарға үлгі болары анық. Мемлекет басшылары мен ұлт қайраткерлерінің өз отандастарын ұлттық тауар өндірушілерді қолдауға шақыруы, әсіресе, экономикалық дағдарыстар  кезінде арта түскен. Америкадағы 1929 жылғы дағдарыс кезінде: «Егер америкалық болсаң, Америкада өндірілген тауарларды ал» деген ұран болған. 

Қазақ билігі нағыз дағдарыс басталғанын мәлімдеп, азаматтар мен компанияларды қолдағы қаржы мен  ресурстарды тарта жеуге, әрбір теңгені  тиімді жұмсауға үндеп отыр. Ел экспорты мен қазыналық түсімнің негізі болып табылатын мұнай мен металдар арзандап кетті. Қазынаға құйылып жатқан қаржының көлемі 40 пайызға қысқарып, «тоқ жылдар» артта қалды, «жуанның созылып, жіңішкенің үзілетін» кезі келгенін көріп отырмыз. 

Мұндай шақта отандық тауар өндірушіні қолдау – дағдарысқа қарсы шараларымыздың бірі болмақ. Елбасының үлгісімен өңір басшылары да өз облыстарында тігілген костюмдерді сатып ала бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ақсукентте болғанында, «Алтын адам» компаниясының дүкеніне кіріп, костюм сатып алды. Біздер де сол Ақсукентке ат басын тіреп, облыс әкімі костюм алған фирмалық дүкенге бас сұқтық. Дүкен сатушы Гүлзира Айтілеуоваға «Сіз облыс басшысына костюм сатып, Интернеттің жұлдызына айналдыңыз. Бейбіт Атамқұловтың костюм-шалбар сатып алғанының саудаларыңызға әсері болды ма?» деп сұрадық.

- Ия, облыс әкімі костюм сатып алған соң біздің тауарларымызға деген қызығушылық пен сұраныс арта түсті. Әсіресе әкімдік қызметкерлері көп келіп жатыр. 

- Бүгінде маркетингтің, яғни тауар өндіру мен сауда жасау қызметін ұйымдастыру мен басқару жүйесінің маңызы артып келеді. Мүмкін,  маркетингтік қадам ретінде «Осы дүкеннен облыс әкімі Атамқұлов костюм сатып алған» деп жазып қоюға болар?

- Білмедім, оны басшылар мен манеджерлеріміз біледі.

- Костюмдеріңіздің бағасы қандай?

- Костюм-шалбарларымыздың бағасы 17600 бен 35 мың теңгенің арасында. Доллар қымбаттағанымен біздердің тауарларымыз қымбаттаған жоқ. Сатып алушыларымызға тауарды 30 пайыз түсіріп береміз, мысалы 19600 теңгелік костюм 15400 теңге болады. 

- Орташа, мекемеге киюге болатын көстюмдеріңіз қанша тұрады?

- Орташа костюм-шалбарларымыз – 17600 теңге тұрады, меніңше, бұл – жақсы баға, басқа жерден мұндай баға мен сападағы костюм табу қиын. Сондықтан болар, алушылар алғашында келіп көріп кетеді, базарға барып бағасы мен сапасын салыстырып, кейін бізге қайта келіп жатады.

- Тұтынушы үшін басты өлшем – тауардың бағасы мен сапасы. Материалдарды қайдан аласыздар?

- Материалдар Түркия мен Қытайдан келеді. Жалпы сапасы жақсы материалдар. 

- Мақтаралдың мақтасынан тоқылған матадан қашан костюм тігесіздер?

- Алла жазса, ол күнге де жетерміз.

- Костюмдеріңізді негізінен кімдер сатып алады?

Мемлекеттік қызметтегі ағаларымыз көп алады, ұдайы осы жерден киім алатын ағаларымыз бар, кейбіреулері 2-3-ін бірден алады. Үйленіп жатқан жігіттер киіміміз бірдей болсын деп, күйеу жолдасын ерте келеді. Әр тойға барғанда 5-6 адамның үстінен бізде тігілген костюмді көремін. Күніне орташа 13-15 костюм сатамыз. 

Біз сатушымен әңгімелесіп тұрғанымызда, Александр есімді орыс жігіті келіп, костюм-шалбар алды. Ол «достарымның айтуымен келдім, бағасы менің жалақыма сай екен» дейді. Ал 66 жастағы Шымырбай Жандаров есімді ағамыз Сайрам ауданының «Шапырашты» ауылының имамы екен. Ол кісі «кешке тойымыз, ал күндіз – құдалығымыз бар, соған киімді жаңалаайын деп келдім. Тауарлары жақсы, бағасы «тістеп» жатқан жоқ, өздері тегін балағын қырқып, реттеп берді» дейді. 

Мұнда костюмді тапсырыспен тіктіруге де болады. Арнайы пішіліп, бөлек тігілетін болғандықтан, тапсырыс бойынша тігілген костюм 5 мың теңгедей қымбат тұрады. Сондай-ақ, «Алтын адам» компаниясы мектеп балаларына арналған киімдерді де тігеді. 

Мұрағаттан, 2015 ж 

Орташа тап – тұрақтылықтың кепілі
Дамыған елдерде қаржылық жоспар 4 тараудан тұрады

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×