Дамыған елдерде қаржылық жоспар 4 тараудан тұрады

Oinet.kz 20-06-2019 1454

Screenshot_3.jpg

Бізді байлыққа, қаржылық тәуелсіздікке бастайтын жол – отбасының қаржылық жоспары болып табылады. Әрбір адамның жұмыс істеудегі мақсаты – табысты болу. Әркімнің жақсы киінгісі, қымбат көлікте жүргісі, кең, ыңғайлы үйде тұрғысы, балаларына жақсы білім бергісі келеді. Өзімізді бақытты сезіну  үшін бізге қанша ақша керек?  Барлық мақсаттарыңыздың бағасын есептеп шығарыңыз, сонда бақытты өмір сүру үшін сізге қанша қаржы  қажет екенін білетін боласыз. 

Мысалы, әрбір мемлекеттің өз жұмыс жоспары бар. Балалардың мектептегі дәрістерінің де өз жоспары, оқитын сабағын бақылап, бағдарлап отыруы үшін қажетті күнделігі бар. Советтік кезеңде бес жылдық жоспарлар  болатын. Бір адам: «тек көр қазушыларда жоспар болмайды» деген еді. Бірақ оларда да сол көрді қазатын құралдары, кімді қай жерге,  қалай жерлеу жайлы жоспары бар. Тек біздің қаржылық жоспарымыз жоқ. Мойындауымыз керек: ақшаның өмірімізде алар орны өте маңызды, себебі – бізге қажетті тауарлар мен қызметтердің барлығы тегін берілмейді, тек ақшаға сатылады. Әр ауылда бір-екі адамның ғана отбасылық бюджетінің жоспары бар. Қаржылық жоспар болмаған соң, бізге барлық уақытта ақша жетпейді, әрі көптеген асқақ армандарымыз орындалмай қалады. 

Бірінші тарау – сақтандыру мәселесіне арналады. Әр үйде негізгі табысты бір адам табады. Батыста сол негізгі табысты табатын адамның өмірін сақтандыруды әрбір отбасы маңызды міндет санайды. Жан бар жерде қаза бар. Мысалы Батыс елдерінде негізгі табыс  әкелуші адам қаза тапса  немесе жұмысқа жарамсыз болып қалса – отбасы  сақтандыру полисіне орай сақтандыру төлемін алып, біраз уақыт қаржылық тұрғыдан аса қиналмай өмір сүре алады.

Екінші тарау – қауіпсіздік  белдеуін қалыптастыру, орысша бұны  «создание подушки безопасности». Батыста бұл қордың көлемі – 3-6 айға дейінгі уақытқа жететін шамада есептеледі. Егер адам ауырып немесе жұмыссыз қалма, оның жарты жылға жететін қаржысы болуы керек. Әрине, бұл  «қауіпсіздік белдеуі» қазақ даласына ене қойған жоқ. Бір жағдай болса, бізде ағайын-туған қолдайды, қорадағы тана-торпағын сатып күнелтіп жатады. Заман өзгеріп келеді. Бүгінгі қазақ ауылы бұдан 20-30 жыл бұрынғы қазақ ауылына мүлдем ұқсамайды. «Өзің үшін өл жетім» деген, яғни нарықтың заманы басталды. Балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен кетті. Сондықтан қаржылық жоспарда «қауіпсіздік белдеуіне арналған тараудың  болғаны абзал.

Үшінші тарау – инвестициялық  жоспарлау тарауы. Әр адамның алдына қойған мақсаты бар. Біреу – көлік  алуды, біреу – үй тұрғызуды, тағы біреу той – жасауды қалайды. Сол жоспарлар үшін қаржы жинақталуы керек. Бүгінгі қаржы нарығы түрлі иструменттерді, яғни түрлі мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Біреу артық қаржысына жер алады, біреу мал алады, тағы біреу банкке салады немесе акция сатып алу арқылы инвестиция жасайды. Экономика саласының мамандары қаржыны бір жерде – барлығын депозитте, акцияда немесе жылжымас мүлікте ұстауға болмайды, басқаша айтқанда «барлық жұмыртқаны бір себетке салмаңыз» дейді. Егер нарықтың сол сегменті құлдырап кетсе, бірден бар байлығыңыздан, дүние-мүлкіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін.

Төртінші тарау – зейнет қоры, зейнетке шықаннан соң қиналмай, бала мен келіннің қолына қарамай, қайта зейнеткердің ұл-қыздары мен немере-шөберелеріне көмектесу мүмкіндігін жасау жоспары. 

Батыстың өмірінен бір мысал. Біздер де қазір сол Батыс елдерінің жолы мен үрдісіне түсіп барамыз «Қаржылық тәуелсіздік жолы» атты бестселлердің авторы, қаржы саласының данышпаны болып табылатын Бодо Шефердің есебіне қарағанда, 35 жастан бастап айына жүз доллардан жинақтап барған адамның 65 жасқа келгенде шотынзда 524 мың 785 доллар қаржы жиналады екен. Бұл жерде бір шарт бар: инвестицияңыз жылына 12 пайызға өсіп отыруы керек. Жылына 20-25 пайыз өсім беретін компаниялар да бар екенін айта кетейік. Сол баяғы қазекең айтпақшы «Тарта жесең – тай қалады, қоя жесең – қой қалады, ал қоймай жесең – не қалады?»... 

Егер қаржылық жоспар бойынша жасай бастасаңыз, өз қаржыңызды бақылауда ұстап, алға қойған мақсатыңызды орындау едәуір оңай болады. Қазақстанның экономикалық сауаттылық жөніндегі халықаралық орталығының зертеулеріне қарағанда, 63 пайыз отандастарымыздың ақшасы жалақы алатын күнге жетпей аяқталады, ал 38 пайыз қазақстандықтар кірісі мен шығысын мүлдем есептемейді екен.

Сарапшылар күнделікті қаражатты жазып жүруді ұсынады. Сатып алған нәрсеміздің барлығын қағазға түсіріп жүретін болсаңыз, ақшаңыздың  қалай жұмсалып жатқанын білетін боласыз. Отбасылық бухгалтерия тек тәртіпке шақырып қоймай, адамды үнемдеу мен қажетсіз қаражаттардан аулақ болуға баулиды, мотивация туғызады. 

Отбасылық бюджеттің қас жауы, тонаушысы ретінде тауарлар мен қызметтердің жарнамасы мен маркетингін айтуға болады. Түрлі тауарлар мен қызметтердің жарнамасы адамдарды көптеген тауарларды алуға үндеп отырады. «Менің басқалардан қай жерім кем» деп, аса қажет болмаған нәрсені алып жатамыз. Француздың ұлы жазушысы Оноре де Балзак: «Аңсарымыз ауған нәрселер үшін ақша әрдайым табылады. Біз тек қажетті нәрселер үшін ғана сараңбыз» деген екен. 

Қаржылық жоспардың басты қағидаттарының бірі әрі бірегейі – жалақының немесе басқалай табыстың 10 пайызын жинақтап бару. Мамандар көп адамдардын табысының 10 пайызының қайда, қай мақсатта жұмсағанын біле де бермейтінін айтады. Сондықтан 10 пайыз қаржыны жинақтауды – қаржылық жоспарыңыздың басты қағидасына айналдырыңыз. 

Қазір интернетте де, кітап дүкендерінде де отбасы бюджетін жоспарлау бойынша әдебиеттер көп. Ең бастысы – шығысымыздың кірісімізден көп болмауына көңіл бөлуіміз керек, сондай-ақ, табысымыздың 10 пайызын қанша ерте үнемдеп бастасақ, сонша тез алға қойған мақсаттарымызға жететінімізді ұмытпайық.

Отаншыл болсаң – отандық өнімді сатып ал
Үнемділіктің сіз білмейтін ерекше тәсілдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу