Болған оқиға. Ана бақыты

Oinet.kz 20-07-2018 1122

Түркістан қалалық емханасы мен Шымкент қаласындағы «Дау Мед» клиникасы арасындағы кепілдік берілген тегін медициналық көмек көрсету меморандумы негізінде мойын омыртқасын магнитті-резонансты томографиясына түсіру үшін ертерек келіп, тіркеу бөлімшесіне тіркелдім. Сағат 8:00-ден бастап клиниканың жұмысы қызу басталып та кетті. Айнала тап-таза, кондиционер қосылған, далада күн қыза бастады. Кезегімді күтіп отырғанымда, тіркеу бөлімшесіне келген 200-дей адамға дәрігерлік көмек көрсетіліп жатқанын байқадым. Әркім өз ісіне жауапты және қызмет орындарын қадір тұтатыны көрініп тұрды. Өз ісіне ұқыпты медицина қызметкерлерінің пациенттердің сұрақтары мен мұқтаждарына құрметпен қарап, шынайы ізгілікпен көмек қолын созған жоғарғы мәдениетті және рухани ұстанымдарына риза болып, көңілім көтеріліп отырған кезімде сол жағымда отырған жас әйел адамға назарым ауды. Оған мерзімді басылымдарда жарық көрген бірнеше мақалаларымды оқуға бердім.

Screenshot_7.jpg

Бір кезде газет бетінен бас көтерген ол, өзі оқып шыққан өзекті проблемалар жайлы осы қолжазба авторының пікірлерімен келісе отырып, өз өмірінен сыр шерте бастады...

...Түркістан облысы, Сайрам ауданының тумасы Нигора қыздың тұрмысқа шыққанына он екі жыл толған... Бірақ, отау тіккеніне осынша жыл өтсе де, оған ана болу бақыты бұйырмаған. Өз бойынан кінәрәт іздеген оның баспаған тауы, қаралмаған дәрігері қалмаған. Жолдасы да бірнеше рет медицина орталықтарына көрінген. Алайда, нақты диагноз қойылмаған. Ата-ана назарында болып, қыздай тұрмысқа шыққан, пәк сезімді, шынайы инабатты Нигора көптен ойланып, мазалап жүрген ойын ата-енесімен бөлісуді жөн көрген.  Жігерлі қыз «Мен балаңызбен адал некеде отау тіктім. Осы үйдің түтінін түзу түтетем деп, сіздерге келін болдым. Бір ретте беттеріңізге келген жоқпын. Туған ата-анамдай қадірлеп, құрметпен сыйлап келемін. Бірақ, Құдайым балаңыз екеуімізге перзент сыйламады. Мен бұл үйді, сіздерді, яғни екінші Отанымды тастап кетпеймін. Алдарыңызға қояр екі шартым бар: не менің қойныма бала салып бересіздер немесе бөлек шығарасыздар...», - деп ащы шындықты жайып салған. 

Әңгіменің осы тұсына келгенде, құрметті оқырман қауым, Сіздерді қайдам, алпысты алқымдаған менің, сай-сүйегімді сырқыратқан жас қыздың аузынан шыққан «Аh!» ұрған күйзелісіне шыдай алмай, әңгіме желісін үзіп аламын ба деп, үлкен тағатсыздықпен оқиғаның соңын күттім.

Арада біраз үнсіздіктен кейін, әйелдің жанарында ұшқын пайда болып, даусы жарқын шыға бастады. Көпті көрген көне, қос қария ата-енесі жас отау иелерінің тілектерін қабыл алып, бөлек шығарған. Ақпараттың дамыған кезеңінде, көптеген ата-аналар осы тектес оқиғаларға тап болып, қиындықты бірлесе шешіп, отбасын сақтап, өз құрсағынан болмаса да, біреудің перзентін бауырына басып, ана бақытына ие болып жатқанынан хабардар болған Нигора перзентханадан жаңа туылған баланы бауырына басып, ана бақытын сыйлауға бел буады.

Осы уақыт аралығында Нигора бала асырап алу жөніндегі құқықтық заңнамалық актілермен, бала күтіміне қатысты медициналық және де басқа нұсқаулықтармен танысқан.

Мамандығы бойынша филолог Нигора шешуші кезеңде, үйден оң аяғымен аттап, бала асырап алуға келеді. Өмірге келген құқықтарын талап етіп, жамыраған нәрестелердің дауысын естігенде, алғашында абдырап қалғаны да рас. Оның бұл күйін сезінген перзентхана меңгерушісі көмекке келіп, «Мына қызды көріңіз, бір қазақ студент қыз нәрестеден бас тартып, тастап кетті...», - деп, үлкен қара, бота көзді құндақтаулы нәрестені көрсетеді...

Қолына алып, көзін жаңа ғана ашқан сәбиді бауырына басады. Өмір есігіне жаңа келіп, қатыгез тағдыр тәлкегіне ұшырап, алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар жас сәбидің бал татыған хош иісі мұрнын қытықтап, бойын бұрын сезініп көрмеген бір тылсым күш билеп, денесі босап, алпыс екі тамыры иіліп бара жатқанын сезеді...

Түні бойы ойланып, көз ілмей шыққан Нигораның есінде жаңа туылған шақалақтың үлкен қара, бота көзі ғана қалыпты...

Ойын ортаға салған Нигораға «Оны қайтесің, қазақтың қызы, оның үстіне отбасыңдағылардың ешқайсысына да ұқсамайды, үлкейгенде проблемалар туындайды!», - деп, райынан қайтармақшылар да болған. Алайда, жастайынан көптеген қиыншылықтарды жеңіп өскен Нигора «Перзентін анасы қалай тәрбиелесе, қызы да солай болып өседі!», - деп, белді бекем буып, ана бақыты үшін күресіп, жас сәбиге бақытты болашақ сыйлауды түбегейлі шешкен.

Сәбидің тиісті құжаттары дайын болған соң, араға бір ай салып орталыққа келген Нигора сәбиге ана тауып, екінші өмір сыйлаған мекеме ұжымы қызметкерлерінің ақ жарқын көңілмен қыз баланың киімін аустырып жатқанын көрген.

...Кенет, «Анасы нәрестені неге тастап кетті, бойында бір кінәрәт бар ма екен? Әлде, перзентхана қызметкерлері басқа бір нәрестені беріп жібермекші ме екен? Алғаш көргенде, неге шешіндіріп көрмедім екен?! », - деген ойлар келіп, арқасы мұздап, аяғы бүгіліп бара жатқанын да сезген...

Тез есін жиған ол қызметкерлердің «Онда кіруге болмайды, нәрестені қазір алып шығады!», - дегендеріне қарамастан құндақтаулы нәрестеге тұра ұмтылған.  Жақындағанда ғана, алғаш көрген кездегі жас нәрестенің үлкен қара, бота көзіне көзі түскенде көзіне жас алып, көңілі сабасына түсіп, көп іздеп, өзі тапқан қуанышынан талып қала жаздаған. Талай нәрестені өмірге әкеліп, сан-қилы тағдырдың куәсі болған орталық қызметкерлері, оқиғаның себебін білгенде, нәрестенің сенімді қолға тапсырылғанына күмән келтірмей, көздеріне жас алып, оларға ғұмырлы бақыт тілеген.

– Сол қызым биыл жеті жасқа толды, сыныбында үздік оқиды! – деп,  ана қысқа уақытқа толқып кетті де, әңгімесін қайта жалғастырды. 

Қызы бес жасқа толған шағында есік алдында ойнап жүрген  көрші үйдің қызы «Сені асырап алған!», - деп, аңдамай балалықпен айтып салған... Қыз баласы ерте жетілетіні етенеден белгілі, көңілі жабырқап келген естияр болып қалған қызының сұрағына не дейді? Бетіне қарап, қабағын түйсе, бала көңілінде күдік ұялауы мүмкін. Амалсыз, жүрегін жараламас үшін жұбатады, алдайды да. Күлімсіреген күйі аналық мейіріммен «ол қыз қызғанғаннан айтады, сені өзім туғанмын, алтыным!», - деген ана жауабына риза болған қызы қуанғаннан өз бөлмесіне сабағын дайындауға кеткен.

Келесі күні қызын мектепке шығарып салған көршісінің үйіне барып, қызының кешегі әңгімесін оның ата-анасына жеткізіп, мұндай арандатуды тоқтатуды және басқа да тұрғындарға жеткізуді және ол жайлы қылмыстық жауапкершілік те көзделгенін ескерткен. Содан бері бұл отбасының жеке өмірлеріне қол сұғу әрекеттері сонымен тиылған.

Сонымен қатар, ана қуанышы тағы да бір перзентпен ұласыпты. Бірде, аяғы ауыр бір ауылдасының ультрадыбыстық зерттеу қорытындысы бойынша егізге жүкті екендігі белгілі болады. Алайда, ол екінші перзенттен құтылмақ ойын жиі айтады. Нигораның «екі нәрестенің де өмірін сақтап қаласың!» деген кеңесіне құрбысы құлақ аспайды. Сосын ол  «онда, екеуін де тірі туасың, біреуін маған бересің, өз баламдай асыраймын!», - дейді батылданып. Осы батыл шешімі, тағы бір бейкүнә сәбидің өмірін сақтап қалады. 

Қазіргі таңда екінші қызы үш жасқа толғанын үлкен аналық мейіріммен айтып отырған, бір емес екі балаға анасындай болған, ана бақытына ие болған Нигораға өз ризашылығымды білдірдім... Жан-жүрегіңді елжіретер ана мейіріміне толы мұндай оқиғаларды, қадірлі оқырман, сіздермен бөліспей алмай тұра алмадым...

Осы кезде кезегім келіп, мейірбикенің шақыруымен томографияға түсуге кеттім...

Сөз соңында айтарым: Құрметті ата-аналар! Ешқашанда балаларыңызды тастамаңыздар! Сан-қилы тағдырлар қиылысында, асығыс шешім қабылдамаңыздар. Көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамда Сіздерге көмек қолын созатын адамдар мен органдар бар екенін ұмытпағайсыздар. 

Перзенттеріңнің қызығын көр, Нигора!

Али Нышанов,

Түркістан қаласының тұрғыны

​Болашақ аналар міндетті түрде білуі тиіс кеңестер
Горькая правда о сладкой газировке
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу