Қоянжырық ауруынан емделген Айнұр

Oinet.kz 26-05-2020 1258

Он екі мүшең сау болмаса бұл өмірдің қызығы не? Әсіресе сырт келбетіңе сызат түсіретін кеселмен өмір сүру қыз баласы үшін өте қиын. Қоян-жырық, қасқыр таңдай. Атауының өзі ерсі әрі құлаққа жағымсыз естілетін осы қос диагнозбен түркістандық Ақнұр Сапарбай 24 жылдан бері алысып келеді. Дұрыс сөйлей алмай, жұрт қатарлы тамақ іше алмайтын бойжеткен өз ортасында, құрбы-құрдастарының арасында кемістігі үшін ұялатын. Онсызда дерті жанына батқанда айналаның ауыр сөздері жас жүрегін одан сайын сыздататын еді. Мамандар мұндай диагнозбен өмір сүретін балалардың психологиясы тез бұзылатынын, күйзеліске бейім келетінін айтады. 

Таяуда Ақнұрдың арманы орындалып,  Оңтүстік Кореяда тегін ота жасалды. Қайырымдылық шарасы Пучон қаласында орналасқан «СунЧонХян» клиникасының басшылығы  мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты.  Ақнұр - көпбалалы отбасының тұңғышы. Үшінші топ мүгедегі. Осыдан бір ай бұрын анасы дүниеден озған. Онсыз да бет келбетінің кемістігімен тауқымет кешкен науқасқа бұл ота болашағына сенім, жүзіне күлкі ұялатты.  Енді ол «қоян ерінді», «қасқыр ауызды» деген жаман тіркестен құтылды. 

Профессор Нам Сынг МИН жасаған ота төрт сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Дәрігердің айтуынша пациентке әлі біраз уақыт күтім керек екен. «Біз оның ішінен ет алып ернімен мұрнына жалғадық. Енді оңалтуға біраз уақыт керек. Бір айдан кейін ол жақсы сөйлей бастайды. Ол үшін өзі де жұмыс істеуі керек. Ал, толықтай сауығып кетуі үшін әлі екі рет ота жасалуы керек. Медицина қарқынды дамыған заманда мұндай жағдайға түскен адамды күйзеліске ұшыратпай, қол ұшын созу игі іс»,- дейді «Сун-Чхунь-Хьян» клиникасы пластикалық хирургия бөлімінің дәрігері. Бұл Ақнұрдың ота үстеліне алғаш жатуы емес. Бұған дейін оған өз елімізде де бірнеше операция жасалған екен.  Алайда олардан оң нәтиже болмаған. Содан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары оның құжаттарын Корея еліне жібереді. Ол жақтағы дәрігерлер бойжеткеннің жағдайымен танысып қолдау көрсетуге келісіпті. «Дәрігердің айтқан сөзі маған ұнады. Себебі ол кісі менің ең жанды жерімді тапты. Мен шынымен қиналып сөйлеймін. Әрбір сөйлеген сөзім тамағымнан қиналып шығады. Енді дәрігер қолымнан келгенше көмектесемін деді. Ол мен үшін үлкен бақыт. Бар арманым - құрбыларым секілді анық сөйлеп, еркін тыныс алу еді. Дұрыс тамақтана алмай да қиналамын. Корея еліне келіп үмітімнің ақталғанына қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп осында жолдаған жергілікті дәрігерлерге және ота жасаған профессорға  шексіз алғысымды білдіремін. Тек осыдан бір ай бұрын қайтыс болған анамның осы қуанышымды көре алмағаны жаныма батады»,- дейді Ақнұр. 

Қоянжырық – туабіткен, тұқым қуалайтын кесел. Оған жүктіліктің алғашқы айларында ананың жұқпалы вирустық аурулармен ауруы себеп болуы мүмкін. Аяғы ауыр әйелдерге көп препараттарды қабылдауға қатаң тыйым салынатыны да содан. Қоянжырыққа душар болған жандардың  жоғарғы ерні бітеледі.  Еріннің ыдырауы жүктіліктің 8-ші аптасына дейін, жақ-бет органдары дамыған кезде пайда болады. Бет саңылауларын түзетумен, бұзылған функцияларды қалпына келтірумен және туа біткен патологиясы бар пациенттерді оңалтумен жақ-бет хирургиясы, стоматология, логопедия, педиатрия саласындағы мамандар айналысады. Қоян ерні дамуының тағы бір факторы – кеш (35-40 жастан кейін) босану. Жүктіліктің соңғы кезеңдерінде ұрықты ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша қоян ерні бар баланың тууын анықтауға болады. Мәліметке сүйенсек, Түркістан облыстық балалар ауруханасында жыл басынан бері дәл осындай кемістіктермен 143 балаға ота жасалған.

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен ынтымақтастығын дәлелдеп, Ақнұрға қайырымдылық көрсеткен Сунчонхян клиникасы - мәртебесі жоғары ірі медициналық мекемелердің бірі. Орталық 1978 жылы ашылған. Корея мемлекетінің 4 ірі қаласында орталықтары бар. Пучон қаласындағы осы көпсалалы клиникасы 3000 орынға есептелген. Сыйымдылығы кең ауруханаға басқа мемлекеттерден де ем іздеп келушілер көп. Науқастар алдын ала жазылып, бейнежазба арқылы дәрігерлік кеңес ала алады. Медициналық орталықтың ұжымы өздері күтіп алып, ем қабылдап кеткенге дейінгі барлық қажеттіліктерге жағдай жасап қойған.

 Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мен аталған клиника арасындағы екі жақты келісім мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта облысымыздың дәрігерлері Сунчонхян медициналық орталығында біліктілік арттырып, тәжірибе алмасады. Шетелдік дәрігерлер таяуда ғана Түркістан қалалық ауруханасында науқастарды қабылдап, кеңес берген болатын. Профессор, әрі Сунчонхян клиникасының басшысы Ким Хен Чоль Түркістан облысының ауруханалары медициналық құрал-жабдықтармен жақсы қамтылып, барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Білікті дәрігерлер де жеткілікті деп отыр.  Кім біледі, өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде «қоянжырықты» және «қасқыр ауызды» пациенттерге жоғары дәрежедегі оталар алдағы уақытта Түркістан облысында да жасалып қалар. 

Аида ҚАНАТ

ЖРВИ-дің «қалқаны» - вакцина
Ісік дегені бала екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу