Ғалымжан Айнабек: «Халықтың медициналық сауаттылығы артып келеді»

Oinet.kz 10-07-2019 911

Screenshot_10.jpg

Ғалымжан Айнабек, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

- Ғалымжан Асанұлы, әңгімемізді өткен жылдың қорытындысынан бастасақ. 2015 жылда жұқпалы ауру түрлерінің көрсеткіші көбейіп кемігені бар ма?

- Былтыр ауруханамызда 18886 адам емделіп шықты. Салыстырмалы түрде айтар болсақ бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда өскен. Сондықтан өткен жыл біздің қызметкерлер үшін жұмыс өте қауырт болды. Яғни жылдағыдан артық  мың жарым науқасты емдедік.  Қазірдің өзінде күніне 60-70 науқасты қабылдап жатырмыз. Ал аурулардың көрсеткішіне келер болсақ қуантарлық жағдайлар бар. Мәселен  адамзат үшін қауіпті кеселдің бірі вирусты гепатиттің түрлерімен ауырған науқастардың саны кеміді. Әрине бұл жағдайға гепатитке қарсы егіліп жатқан екпелердің оң ықпалы себеп болуда. 1998 жылдан бері мемлекет тарапынан В  вирусты гепатитіне қарсы екпелер нәрестелерге перзентханада салуда және мектеп жасындағы балалар А гепатитіне қарсы екпені қабылдауда. Аталмыш аурудың алдын алу және одан сақтанудың жолдарын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шара, семинарларды да өткізіп тұрамыз.  Сондай-ақ бұрынғы жылдары бруцеллездің көрсеткіші  бірқалыпты жағдайда тұрса, қой жылы бұл ауруды жұқтырғандардың саны азайып отыр. Жалпылама айтқанда жағдай тұрақты.

- Қыс мезгілінде тұмаудың өрши түсетіні түсінікті...

- Тұмауға қарсы іс-шараларды өткен жылдың қазан айынан бастап кеткенбіз. Халықтың арасында мамандар түрлі семинарлар өткізіп, сақтанудың жолдарын түсіндірдік. Ал негізгі күрес әрине ол екпе егу. Бүгінгі таңда елімізде 1 миллион 700 мың адамға епке егілді. Соның ішінде біздің облыстың тұрғындары да қамтылған. Күресті алдымен өзімізден бастадық. Яғни ауруханада өзімнен бастап 500 қызметкер екпе қабылдадық. Өйткені  ақ халаттылар күніне жоқ дегенде елу шақты адаммен қарым-қатынас жасайды.  15 желтоқсан мен  ақпан айының басына дейін H1N1  вирусы 51 адамнан анықталды. Оның 24-і балалар. Олардың барлығы қазір емделіп, айығып шықты.  Аталмыш вирусты жұқтырып алу өте оңай. Сол себепті тұрғындарға айтарым адам көп жүретін орындарға бара бермеген дұрыс. Барған жағдайда қорғаныш бетпердесін кию міндетті. Қол, мұрын, ауызды жиі-жиі жуып тұрған да түрлі микроп пен вирустардан қорғайды.

- Ауыра қалған жағдайда  адамдар көбінесе өз-өздерін емдеп, халықтық медицинаға жүгініп немесе мүлдем қаралмай жүре береді. Жалпы халықтың денсаулықты сақтау, гигиена жайлы сауаттылықтары қай деңгейде?

- Арамызда ауруына мән бермейтін жандар әлі де бар. Алайда бұрынғы жылдармен салыстырғанда халықтың сауаттылығы әлдеқайда артқан деп айта аламын. Бұрынғыдай көшеде кез-келген жерден тағамды, сүт өнімдерін, көкөністі сатып алатын тұтынушылар жоқ. Азық-түлік сатып аларда оның сапасына, сақтау мерзіміне, тазалығына баса назар аударатын болды. Ата-аналар балаларын дұрыс тамақтандырудың жолдарын жақсы біледі. Мүмкіндік болса асты үйде дайындап, табиғи өнімдерді тұтынуға тырысады. Мұның барлығы вирусты гепатиттің барлық түрлері, бруцеллез, қызылша, сарып, безгек, жедел ішек инфекциясы сынды жұқпалы аурулардың алдын-алуға септігін тигізеді. Ауруханаға келген науқастардың барлығына біздің мамандар да түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалыққан емес. Барлық палатаға баланы қалай емізу керек, қосымша қандай тағамдар беруге болады, гигиенаны қалай сақтау керектігі жайлы ақпараттарды іліп қойдық. Жоғарыда атап өткен ауру түрлері көрсеткішінің төмендегені бұқараның сауаттылығының артқанын білдіреді. Кезінде білімнің, сауаттылықтың және өзінің, жақындарының  денсаулығына немқұрайлы қарағандығының әсерінен екпені салудан бас тартқан ата-аналар көбейіп кеткен еді. Соның салдарынан кейбір аурулардың өршуі байқалуда. Науқасты жатқызатын орын таппай қалған күндерде болды. Медицина қызметкерлерінің ел арасында үздіксз насихат жұмыстарын жүргізген соң халықтың да көзқарасы өзгере бастады. Екпенің пайдасын сезінді. Енді міне, қазір гепатитті емдейтін бөлімшеде бос орындар жеткілікті. Айтайын дегенім әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Біздің мақсатымыз науқастарды емдеп қана қоймай ақшаға, байлыққа сатып ала алмайтын денсаулыққа деген жауапкершілікті арттырып, дені сау ұрпақты көбейту. 

 - Қазіргі жас мамандардың біліктілігіне көңіліңіз тола ма?

- Бес саусақ бірдей емес. Барлықтармызда жұмысты жас маман болып бастағанбыз. Қазіргі жас мамандардың  ішінде Гиппократ антына берілгендер де, сонымен қатар жас мамандар  арасында  ізденушілік, әлемдік стандарттарға сай емдеудің жаңа тәсілдерін енгізуге  деген құштарлығы жоғары.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Мұрағаттан, 2016 ж

Полат Бердалиев: «Туберкулезбен қауым болып күресуіміз керек»
Немереме не деп жауап беремін?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу