Әлемдегі ең біртүрлі мамандықтар

Oinet.kz 14-12-2019 5321

Screenshot_22.jpg

Медицина саласында мамандықтардың түр-түрі бар. Ауруға қарай дәрігердің мамандануы да өзгере беретіні түсінікті ғой. Алайда, ел естімеген де мамандықтар бар екен. Олардың бірсыпырасына шолу жасап, атқаратын міндеттері неде екеніне үңіліп көрейік. 

Ас ароматизаторлары жөніндегі маман

«Мұндай мамандық иесі медицинада не істеп жүр? Ол тамақ өнеркәсібінде жұмыс істеуі тиіс қой» дерсіз. Түсіндіріп берейік.  Түрлі кәмпиттер, тәттілер мен ішімдіктердің дәмін татып көретіндерді дегустатор деп атайды. Дегустациямен шұғылданып жүріп докторлық атақ алуға да болады екен. Дәм сезгіш фармацевттер – жасанды ароматизаторларды қажетті бағытта өзгертетін ғылыми қызметкерлер. Мұндай мамандарға медицинада да сұраныс бар, себебі дәмі ащы дәріні қабылдау  кейбір адамдарға қиындық туғызады. Сондай-ақ, тері, шаштың жағдайын жақсартуға арналған өнімдерді шығарарда да осындай маманға қажеттілік пайда болады.  Себебі өнім хош иісті болса - тұтынушыны тартады, ал мүңкіген жағымсыз иіс пациентті басқа өнімге көшуге итермелеуі ықтимал. Америкада ас ароматизаторлары жөніндегі маман әжептәуір жалақы алады – жылына орта есеппен 54 мың доллар. 

Көшпелі эксфузионист

Жұрттың біразы вампирден, яғни қанішерлерден қорқатыны рас. Тек фильмдегі кейіпкерлер болса да, вампир атаулысын естігенде адамдардың көбінде қорқыныш сезімі пайда болатыны жасырын емес. Эксфузионисттің де жұмысы сол вампирдің әрекетіне ұқсас – қан шығару.  Олар органдарды алмастыру операцияларында немесе қанның өзін құю кезінде шақыртылады. Әдетте мұндай мамандардың тұрақты отыратын жұмыс орны болмайды, олар шақыртумен келеді. Эксфузионист жұмысының маңызды бөлігі – қаннан, шприцтен қорқатын пациенттердің көңілін жайлап, тыныштандыру. Америкада мұндай мамандардың жылдық табысы 40 мың долларды құрайды.   

Полисомнография технологы

Бұл маманның міндеті – адамның ұйықтаған  және сергек кездегі жағдайын бақылау, жазбалар жүргізіп, мәліметтерді талдау. Басқаша айтқанда, ұйықтап жатқан адамға қарап отырғаны үшін ақша алады. Бірақ, бұл маңызд ыжұмыс. Бұл технологтар полисомнографиялық құрылғылармен жұмыс істеп, ұйықының бөліну себептерін анықтайды. Осы әдіс арқылы қорылдап ұйықтайтын адамды емдеуге атсалысады.  

Емізуші

Негізі, емізушінің қызметі өткен ғасырларда ерекше сұранысқа ие болған. Бұл үрдіс тек 18 ғасырда Ұлыбританияда емізу арқылы сифилис тараған соң жойыла бастады. Әйткенмен, бүгінгі таңдағы 21-ғасырда да осы кәсіпке деген сұраныс жоқ емес.Әлемнің көптеген перзентханаларында сүті шықпай қалған жас аналар нәрестесіне жасанды тамақтан гөрі табиғи сүт бергенді қалайды. Бала емізу де бизнеске айналған заман-ай! 

Тәжірибе жүргізілетін адам

Ия, бұл да өз алдына жеке кәсіп. Ол үшін арнайы медициналық мамандық алудың қажеті жоқ. Кез келген адам медициналық тәжірибелерге қатыса алады. Сол үшін оған ақша төленеді. Медицинаға да мұндай азаматтар керек. Бастысы – дені сау, түрлі сынақтарға қатысуға дайын адам болса болғаны. Әрине, тәжірибенің немен тынарын қатысушы да, дәрігерлер де  көп ретте білмейді. Денсаулығына жағуы да, жақпауы да мүмкін.   

Жылан сауыншысы

Сауыншы – бұрыннан келе жатқан мамандық. Бірақ, сиыр сауғанды білеміз де,  жылан сауыншысы туралы естуіңіз бар ма?  Сиырдан сүт сауса, жыланнан у алынады. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін мойындайық. Мұндай кәсіп иелері зертханаларда жұмыс істейді. Олар түрлі фармацевтикалық компаниялар үшін дәрі-дәрмектің жаңа түрлерін шығаруға талпынады. Мәселен, қанның ұюын тездететін және гипертонияға қарсы тосқауыл болатын жаңа дәрілік препараттар жылан сауыншыларының көмегіме жасалды.  Микроскопиялық дозадағы удың пайдалы екені анықталған. Жалпы, жыланды сауған оңай емес. Әсіресе, бұл қауіпті  жыртқыштың аузын ашудың өзі қиын тірлік. Бұдан кейін оның улы тістерін арнайы ыдысқа шаншу керек.  Қалай болғанда да, алып отырған жалақысын ақтайтын іс. 

Кәсіби иіскеуші

Адамдарға қарағанда, жануарлардың иіскеу қабілеті анағұрлым мықты екені белгілі. Бірақ, жануар нені сезіп, нені сезбей тұрғанын, болмаса иістің жағымды не жағымсыз екенін толыққанды сипаттап бере алмайды ғой. Сондықтан, медиктер кәсіби иіскеушілердің қызметіне жиі жүгінеді. Бұл жұмысты тағы «назальдық өнер» деп те атайды. Бұл кәсіптің ең танымал өкілі – американдық Джордж Олжрич. Ол АҚШ-тың ғарыш агенттігі – NASA-да 30 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол 770 ғарыштық миссияны  иіскеп «шығарып салған». Аспанға шатл ракеталарының әрқайсысын жіберерден бұрын Олдрич кеменің ішіне, ондағы барлық заттарды құшырлана иіскей бастайды. Оның мәнісі мынада: ғарышта кеменің терезесін ашып, ішін желдетуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан, ғарышкерлердің жұмысына жағымсыз  иіспен кедергі келтіретін заттың бар-жоғын алдын-ала анықтау қажет. Олдричтің миссиясы осы. Оның айтуынша, ғарышта заттардың иісі өзгереді.  «Жағымсыз иіс ғарышкердің науқастануына себеп болуы мүмкін. Бұл жайлы орыстардан сұраңдар. Олар мұңкіген иістің кесірінен 1976 жылы ғарыштық миссиясын тоқтатуға мәжбүр болған», дейді NASA-ның бас иіскеушісі. 

Жылқы стоматологы

Стоматологтың кабинетіне жылқының келуін елестетіп көріңізші. Күлкілі болып көрінгенімен, аттың тісін емдейтін дәрігерлер де бар екен. Бұл мамандар атқораларды аралап, жылқы тістерінің сау болуын қадағалайды. Адамды емдеген сияқты ол да жылқылардың тісін тазалайды, құрттаған тістерін жұлады. Бұл кәсіпті меңгеру үшін ветеринарлық-стоматологиялық дайындықтан өту қажет. 

Американдық дәрігерлер жұмыстан шаршады
Мүлдем ұйықтамай ең ұзақ шыдаған адам кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу