Ақылдылық шаштың құрамынан

Oinet.kz 10-01-2020 869

Қазақта «Шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мәтел бар. Әйелге арнап айтылған. Осы мәтел тілімізге үйірілгенінде, ұзындық пен қысқалық теңеу ретінде айтылған шығар деп ойлайтынбыз. Алайда ақылдылық пен шаштың арасындай байланыс бар болып шықты. Тек ақылдылық шаштың ұзындығынан емес, шаштың бай құрамынан екен. 

Без-назви-1-14.jpg

Париж университетінің ғалымдары адамның ақылы мен интеллектуалдық қабілеті шаш құрамына байланысты деп тұжырымдайды. Мұндай қорытындыға келмес бұрын ғалымдар 2 мыңнан астам адамның шашына зерттеу жүргізіпті. Сөйтіп, интеллектуалдық қабілеті жоғары адамдардың шашында мырыш пен мыс құрамы жоғары болатынын біліпті. Бұл әрине, күнделікті қабылдайтын тағамға да байланысты болса керек. Одан туатын қорытынды: мыс пен мырышқа бай өнімдер адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, ақыл-ойдың белсенділігін күшейтеді. 

Ал, фин ғалымдары инфаркт алғандардың шашын зерттегенде, жүрек-қан тамыры ауруына ағзада селен микроэлементінің жетіспеуі себеп екендігін айтады. Мұның сыртында, ғалымдардың анықтауынша, адам шашы-проблемалар мен барлық жағымсыз ақпаратты сақтаушы. Сол себепті, ауырып, күйзеліп, ауыр жағдайларға душар болғаннан кейін шашты қысқартып, қиып тастаған дұрыс. 

Ми тәжірибесінің жемісі Корей дәрігерлерінің дәлелдеуінше, ота жасаудың (операция) көмегімен ақымақтың өзін данышпан етіп шығаруға болатын көрінеді. Өйткені, Сеул ұлттық университетінің бір топ ғалымдары мидың артқы бөлігінде ақылдылыққа «жауап беретін» нүктенің бар екенін анықтаған. Ол үшін Ли Кун Хо бастаған ғалымдар 16-18 жас аралығындағы 25 талантты баланың және 25 қарапайым баланың миын магниттік-резонанстық томографтың көмегімен бақылауға алады. Оларға түрлі есептер шығартып, ой еңбегін талап ететін тапсырмалар береді. Сонда анықталғаны – ақылды балалардың шүйде тұсындағы ми бөлігі белсенді түрде жұмыс істеген, ал қарапайым балалардың миының бұл бөлігі ұйықтап жатқан. Осыны зерттей келе ғалымдар «мидың қатты жұмыс істеуінің себебі онда нейрондар көбірек болады», – дейді. Демек, кез келген адамды данышпан етіп шығару үшін оның ми бөлігінің осы тұсындағы нейрондардың белсенділігін арттыру қажет. Ғалымдар осы сәулелендіру жолымен немесе нейрондардың импульсін арттыра түсетіндей етіп операция жасау арқылы жүзеге асыруға болатынын айтады. Корей ғалымдарының пікірінше, «мұндай операцияны адам миының қалыптасу процесі толық аяқталатын кез – 25 жасқа деййін жасаған жөн». 

Халықта «Махаббат пен өшпенділіктің арасы бір-ақ адым» деген сөз бар. Ол қазір ғылыми негізде дәлелденген ақиқат. Plos ONE журналына сілтеме жасай отырып, The Independent газеті былай деп жазады: «Өшпенділік пайда болғанында адам миының қай бөлігі іске қосылса, романтикалық махаббат, құштарлық, жақсы көру кезінде де мидың дәл сол бөлігі іске қосылады». 

Оны анықтау үшін мынандай тәжірибе жасалыпты: 17 еріктіні жинап алып, оларға жек көретін адамдарының суретін көрсете отырып, миларын томографияға түсірген. Соңынан томограммаларды талдаған Лондонның Университеттік колледжінің ғылыми қызметкері Семир Зеки мен Weilcome нейробиологиялық зертханасының маманы Джон Ромайя былай деген: «Жек көрушілікке мидың қыртысы астының белгілі бір бөлігі – қабығы мен арал тәріздес болмашы бөлігі жауап беретінін байқадым. Қабық – жек көру мен ашулануды, екінші аталған бөлік – жан тыныштығын бұзатын қоздырғыш әрекетті тудырады екен». Сондай-ақ, екінші бір ғалым профессор Зеки былай деп қорытынды жасапты: «Қабық – махаббат мәселесінде агрессивті әрекетке дайындыққа қатысады. Мәселен, қауіпті бақталас табылған кезде. Ал аралдық бөлік жақсы көрген адамына да, жек көрген адамына да бірдей қатты жауап қатады. Жек көрушілік пен жақсы көру адамдарды әдеттен тыс әрекеттерге – қылмыс пен ерлік жасауға итермелейтіні осыдан».  

Миға тәжірибе жасау арқылы Барселона университетінің де ғалымдары жаңалық ашқан. Ол – инсульт алған науқастардың ми тінінде жаңа жүйке жасушаларының пайда болатындығы. Яғни, зақымданған аумақтарда бөлінетін жасушалар да, жаңа жүйке жасушаларын тудырушылар да көбейеді. Оған дейін ғылым адам миы өлген жасушалардың орнына жаңа жүйке жасушаларын өндіруге қабілетсіз деп санап келген-ді. Испандық ғалымдар жаңа мәліметтердің инсультке шалдыққан сырқаттарды емдеу жөнінде жаңа тәжірибе жүргізуге мүмкіндік беретінін айтады. 

Әйелдің миы неге аз?
Әшекей таңдап, стиліңізді анықтаңыз! Психологиялық тест
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу