Әруақтарға құран бағыштау қайдан шыққан?

Oinet.kz 04-05-2020 2168

Өлген адамды жер қойнына тапсырып, мүлік сүресін оқиды. Кейбір діни кітаптарда Алла тағаланың әмірімен денеден шығып кеткен жан Алланың дәргәйіне барып тұрады екен. Жан:

– Артымда қалған ел-жұрт рухыма құран бағыштап, мені еске алса екен. Жақсылықтарым туралы айтса екен. Құдайдан мен үшін рахым тілесе екен, – деп үміттенеді деседі.

AB6D3FAF-1FA4-4AF5-A727-9898E03BF0DB_w1200_r1.jpg

Жерге қойылғаннан кейін жан екінші күні тіршілікте серігі болған балшық тәнге келіп онымен қоштасады. Сол кезде тәндегі сасық иіс жарты құлаш биіктікке көтеріледі. Жан тәнге жақындай алмай жарты құлаш қашықтықта тұрып қоштасады. Үшінші күні келгенде тәндегі сасық иіс бір құлашқа дейін көтеріледі. Жан онымен бір құлаш қашықтықта тұрып қоштасады. Сол кезде марқұмның ел-жұрты оның қабір басына барып құран бағыштап, елге үш күндік кәдесін береді.

Осылай жан жеті күні бойына келіп тәнімен қоштасады. Мұны жанның тәнмен қоштасуы кезеңі деп атайды екен. Жетінші күні дегенде тәндегі сасық иіс бес құлаш жерге дейін шығып тұрады деп айтылады. Жан тәнмен жеті құлаш жерде тұрып қоштасады. Бұл кезде де туған-туыстары ел-жұртты жинап, ас береді, құран бағыштайды. Мұны жетісін беру деп атаған.

Содан кейін, жан әр бейсенбі-жұма күндері қабірінің басына барып тұрады екен. Бұл кездері марқұмның бейсенбілігі беріліп, құран бағышталады. Мұны бейсенбілік деп атапты. Кей жерлерде жұмалық деп аталады.

Марқұмға қырық күн толғанда, жан Алланың рұқсатымен қабірінің басына келіп, тәнімен қоштасады. Ел-жұрты бұл мезгілде де әруақты еске алып, құран бағыштайды. Мұны қырқын беру деп атаған.

Жылы толғанда тән марқұммен соңғы рет қоштасады екен. Қабірінің басына он күн бұрын келіп қонақтайды. Туыстары бұл кезде еске алып, құран оқиды. Құран марқұмға дарысын, сауабы әруақты еске алған, құран бағыштаған ел-жұртына тиеді.

Бұдан бөлек ораза, құрбан айт күндері ата-бабаларына құран оқып, қабір басына барса сауабы мол деп сенгендіктен, қазақтар әліге дейін аталмыш күндері марқұм болған туыстарына арнап, құран оқытып, дұға жолдап отырады.

Ел арасында айтылатын тағы бір қиссада пайғамбар ақтық сапарға кетерінде үмбетімен қоштасады. Мұсылмандар пайғамбарды қимай жылайды.

– Иә, Алланың елшісі біз сенсіз қалай өмір кешеміз?Біздің өмірге жан бітірген сенің рухың еді ғой – деп егіле жылапты. Пайғамбар:

– Онда үш күннен кейін рухым қабір басына келеді. Сол кезде жүздесейік, – дейді. Ел-жұрт одан сайын егіле жылапты.

– Онда жеті күн дегенде қабір басына келемін, сол кезде жүздесейік, – дейді. Үмбеті оған да қанағат етпепті

– Онда 40 күн дегенде келемін, – дейді. Жұрты оған  да көндіге алмай қинала беріпті.

– Онда бір жыл толғанда айналып соғайын, – дейді. Ел-жұрты:

– Иә, ардақты пайғамбар, біз сенімен үнемі бірге болғымыз келеді, – дейді. Сонда пайғамбар:

– Кім мені есіне алып, маған салауат айтуды әдет қылса мен соның жанынан табыламын. Рухымен тілдесемін, – дейді. Үмбеті амалсыз көніпті.

Пайғамбар ақтық сапарға кеткеннен кейін, ел-жұрт оны үшінде, жетісінде, қырқында, жылында қабіріне зиярат етіп,  пайғамбарға салауат жолдауды әдетке айналдырған екен. Тіпті қазірге дейін салауатты қисапсыз көп айту арқылы пайғамбар рухымен тілдесуге болады деп сенетін діни жамағаттар бар.

Құран бағыштап үйреніңіз
Отқа күймейтін адам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу