Әбдіғаппар Сманов: «Надандыққа надандықпен жауап беруге болмайды»

Oinet.kz 06-06-2019 1252

Screenshot_4.jpg

Әбдіғаппар Смановты ел  Қазақстандағы ең үздік ислами уағызшылардың бірі ретінде жақсы таниды. Әбдіғаппар қажының әкесі Шәкір ишан да өз заманының ірі діни қайраткері, мешіт-медреселер ашып, мазараттарды қоршап, діннен кенже  халқымыздың имандылығын арттыруға бойындағы бар күш-қуатын сарқылта жұмсаған тақуалардың бірі болған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей ұлдары да Исламға қызмет ету миссиясын жалғастырып келеді. Әбдіғаппар Сманов  бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы Сарығаш ауданының «Ынтымақ» елді мекенінде орналасқан, колледж мәртебесі берілген «Сарығаш» медресесі директорының орынбасары.  Айта кетейік, бұл медресенің директоры оның ағасы, Құран Кәрімнің аудармашысы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Әбдісаттар Сманов. Бұл ағайындылардың үлкені  Әбдіжаппар қажы да әке жолынан айнымай, бабалар миссиясын абыроймен жалғап келе жатыр. Еліміздің белгілі уағызшылары болып табылатын үш ағайынды Смановтардың кенжесі Әбдіғаппар Шәкірұлымен болған сұхбатымызды Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы діни ахуалдың мән-жайынан бастадық. 

- Біздің Оңтүстікте дін  өте қарқынды, өте көркем сипатта өрбіп барады.  Барлық мешіттерде уағыз-насихат жүргізіліп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыз  бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбектің  басшылығымен өңірдегі  мешіттерге үлкен ғұламалар шақырылып, жастарға тәлім-тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен адасқан жастардың беті бері қарап, жағдай ретке түсіп келеді.  

- Қазақтар о бастан Ханафи мазһабын ұстанады. Басқа мазһабтарды ұстанатын қандастарымыз да бар. Бұл еліктеушілік пе, әлде саналы таңдау ма? Бір ұлт өкілдерінің түрлі мазһабтарда болуының астарында қандай себеп бар? Ата-бабаларымыз ұстанып келген жол кейбір жастарымыздың тақиясына неге тарлық етеді? 

- Біздің ата-бабаларымыз  Әбу Ханифа мазһабын ұстанып өмір сүрген, Иншаллаһ,  осылай жалғаса береді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді ғой, негізі мазһабсыз жолмен жүремін дейтіндер бар, ол жастардың айнуына да көптен-көп себептер болды. Ең бастысы кешегі кезеңде  егеменді ел болып, шекараның барлығы ашылған уақытта шетелден «жалаңаяқтар»  кіріп келді. Біз оларды үлкен ғалым деп ойлап қалдық, содан жастарымыз олардан намаз оқуды үйренді, солардан жүріс-тұрысын өз бойларына сіңірді.  Біздің ата-бабаларымыздың жолы дұрыс емес екен ғой деп, солардың жолын ұстады. Келген «жалаңаяқтар» үлкен ғалым емес еді, олар біздің Әбу Ханифа мазһабында намаз оқымайтын еді. Олар: «Біз Құран және  Сүннетпен намаз оқимыз» дейтін. Ал біздің бейшаралар «Ата-бабамыз Құранмен, Сүннетпен жүрмеген екен, арабтан келгендер осы Құран мен Сүннетпен жүрген екен» деп, олардың «құйрығын» ұстап, осы адасу жолы басталды. Аллаға шүкір, енді қазір барлығы жақсы, міне  көріп отырсыз, жамағаттың 95 пайызы жастар, олар Имамы Ағзам, яғни Әбу Ханифа мазһабында. 

- Оңтүстік Қазақстан Облысы аумағында қандай исламға қатысты дәстүрлі емес ағымдар бар. Сол ағымдардың ұстанған жолы мен түпкі мақсат-мүддесі жайлы әңгімелеп берсеңіз. 

- Түрлі ағымдардың түпкі мақсаты  ел ішіне іріткі салу. Олардың жоғарыда отырған «шейхсымақтарының» да мақсаты сол, іріткі салу арқылы Қазақ елінде дінді жоғалту. Біз бұны Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қырғызстанда көрдік. Мақсаттары – мұсылмандарды қыру. Бұдан баршамыз сақ болуымыз керек.  

- Терроризм, діни экстремизм деген тақарыптар әлемдік геосаясат пен жеке елдердің мемлекеттік саясатының күн тәртібінен түспейтін атышулы мәселеге айналды.  Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз. 

- Исламға «терроризм» дегенді қосу  үлкен надандық. Бұл кәпірлердің, христиандардың, еврейлердің сөзі. Мұсылман адам террорист болған емес, болмайды да. Бірақ енді мұсылмандардың киімін киіп, атын жамылып, жарылыс жасап жатқандар бар. Біз оларды ешқашан мұсылман деп атамаймыз. Мұсылмандар ешқашан террорист болмаған. 

- Бүгінде «Халифат үлгісіндегі Ислам мемлекетін құрамыз» деген түрлі ұйымдар пайда болды. Сол ұйымдар жайлы не айтар едіңіз? 

- «Ислам мемлекеті», соңғы уақыттағы атауы  «ДАИШ» – негізі шайтани мемлекет. Ислами  мемлекетті құрып жатқан адамдар ондай болмайды. Олар шайтани мемлекетті құру үшін жас балаларды да, әйелдерді де, қарттарды да қырып жатқан шайтани қауым. Әли радиаллоһу анһудың (Пайғамбарымыздың с.а.с. күйеу баласы, төртінші халифа)  ондай адамдардан сақтаныңдар деп ескерткен көптеген өсиеттері де бар. Әлһамдулиллаһ, біздің жастарымыз бұны түсініп отыр, себебі оларға имамдарымыз, ғұламаларымыз жан-жақты кең түсініктер беруде.   

- Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы төрағасы, экс-муфти, Мухаммад Садық Мухаммад Юсуп мырза «Хизбут тахрир» мен «уаһабилерге қарсы ағарту, үгіт-насихат жолымен күресу керек, оларға қарсы мемлекеттік репрессивтік шаралар жағдайды ушықтыра түседі, жаһилиятқа қарсы мағрифат жолымен күресу керек» деген ой айтады. ҚМДБ, оның ОҚО өкілдігінің осы мәселе тұрғысындағы ұстанымы қандай? 

- Әлбетте, надандыққа надандықпен жауап беруге  болмайды. Надандыққа мағрифатпен жауап беру керек. Ал мағрифат дегеніміз – бұл білім. Бірақ бұған өкіметтің де таяғы керек, себебі небір «жалаңаяқтар» молданың айтып жатқан өсиетін құлағына ілмейді, себебі олар Құдайдан қорықпайды. Бірақ олар таяқтан қорқады. Аюда бақыра берсе, таяқпен ұрсаң, бақырмайды, сол үшін бұл жерде өкіметтің де таяғы керек. 

- Кеңес Одағы тұсында қазақтар діни тұрғыдан монотеист немесе атеист болып бөлінсе, бүгінде намазхандардың өзі неше топқа бөлініп кетті. Қазақтың діни тұтастығын қалай қалпына келтіруге болады? Осы тұрғыда мешіттер қауымының басым бөлігін құрап отырған жастарға  не айтар едіңіз? 

- Бұл бөліну үлкен қауіп тудырып отыр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп қазақ атамыз бекер айтқан емес. Қазақ қашан бірігетін болса, ынтымағы бір болса, оны ешқандай жау алмайды. Себебі қазақ – батыр халық. Кешегі жоңғарға да, қалмаққа да берілмеген халық. Сол уақытта жоңғарға да, қалмаққа да қарсы тұрғандар біздің иманды бабаларымыз. Ол заманда қазақтың діні мен тілі бір болатын. Ұлттың, үмбеттің тұтастығын сақтау үшін біз көптеген медреселер ашуымыз керек. «Қазақстанда үкімет бөлек, дін бөлек» деген әңгімелер бар ғой, бірақ біздің үкіметіміз де, дініміз де бір, себебі біз – қазақ мұсылмандарымыз. Енді көбірек институттар мен университеттерде, мектептерде діни тәлім-тәрбиені күшейтуіміз керек. Біз кешегі советтің заманындағыдай анда-санда емес, апта сайын, күн сайын діннен хабар беріп тұруымыз керек.  Теледидар, радио мен газет-журналдарда кері ағымдар жайлы ақпаратты көбейтуіміз керек. Адам дұшпанды көргеннен соң сақ болады. Себебі діндарлық «шапанын» жамылып жүрген дұшпан бар, сол дұшпаннан сақ болуымыз керек. Иншаллаһ, қазір мен бұдан қорықпаймын, Қазақстанның көптеген мешіттерінде боламыз, 95 пайыз жастар – өзіміздің мазһабымызда. Анау «жалаңаяқтар» ертен тәубаға келеді, есін жинайды, қазір олар біраз қызып тұр, бірақ тәубаға келеді, иншаллаһ, себебі түбі қазақ қой. 

- Намаз аяқталып, дұға жасалып жатқан кезде кейбір жастарымыз баса-көктеп  мешіттен шығып кетіп жатады. Жастардың осы әдепсіз әрекеттерін тыюға бола ма? 

- Қазір біздің муфтиіміз мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға өте қатты кіріскен. Көп мешіттерді араладық, бұл бассыздық қазір тоқтаған. Бір-екі мешітте де ғана кездеседі мұндай қылықтар. Мешітке кірерде жамағаттың үстінен аттап өту – өзінің, әке-шешесінің тексіз екенін көрсету. Текті адам басқаны сыйлайды. Кеше мен Ақтөбе аэропортында отырсам, қытайлықтар айқайлап, бар даусымен күліп жатыр. Мен қолыммен ымдап, «жәй күл» дедім. Ол маған көзін аларта қарап кетті де, бір үлкен, иығы қақпақтай қазақ жігітті шақырып келді. Әлігі қазақ жігіті маған келіп: «Бұл қалағанынша күледі» деді. Мен «ол қалағанынша күле алмайды, мына шаңыраққа қарасын, сен кеудең үлкен батыр екенсің, бірақ ақшаға сатылған қатын болма, қазір қытай өзінше күліп жатыр, ертең ол біздің үстімізден күлетін болады» дедім. Әлһамдулиллаһ, біздің еліміз – қазақтың елі, қазақ мұсылмандарының елі, басқаны басындырмаймыз, жалған жолға алданбаймыз, иншаллаһ, бәрі жақсы болады!

Сұхбаттасқан Үсен Асқаров,

Мұрағаттан, 2015 ж

Намаз оқымағанның бәрі кәпір ме?
Неке жүзігін тағу шарт па , күнә ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу