Наркенже СЕРІКБАЕВА, дәстүрлі әнші: Елдікіндей ағам, жұрттыкіндей жарқыраған байлығым жоқ шығар...

Oinet.kz 24-09-2020 8963

«YouTube» видео хостингінде бейнежазба астындағы  пікірлерді оқығанды жақсы көремін. Әншілердің миллиондап ақша жұмсаған клипін сынаған халықтың ойына шошынатынмын. «Қазаққа не жағады осы?» деп таңданамын. Жақында әніне бірде –бір жағымсыз коммент жазылмаған әншіні тауып қайран қалдым. Көп қаражатсыз, ақ дастархан басында ән шырқап отырған Наркенже Серікбаеваның үні құлақ құрышымды қандырды. Күміс көмей, жез таңдай әнші деген сипат Наркенжеге арналғандай, сірә! Шырпыдай тынып тыңдаған халықтың ықыласын көріп қуандым. Әлі де көңілі әнді ұғатын ел екенбіз... Жүректің сөзін жүрекке мөрлеп айтатын Наркенжемен сөйлеспекке қамдандық. Клипке милиондап қаржы салмаса да, ән үшін жанын салатын әншінің әлеміне бірге саяхаттайық!

image.png

– Жетістік дегенді қалай түсінесіз? Өзіңізді саналы өмірінде жетістікке жеткен адаммын деп бағалайсыз ба?

– Жетістік – арманның өміріңе ойысуы. Барлық мұрат-мақсатыма талмай қанат қағып жетіп жүрмін. Уақыты мен бақыты қатар адам болу – жетістік. Мен бақыттымын! Одан асқан жетістік жоқ шығар?

– Жасыратыны жоқ,  әннің құны түскендей. Мәнсіздік өрістеді. Сіздің талғам таразыңызда қандай әндер елге жетуі тиіс?

– Ел есінен шығуға айналған есті әндерді елге жеткізгім келеді. Ұлттың бояуын, интеллектін терең сіңірген әндерді ұлттық кодта сақтасам деймін. Дәстүрді жаңғыртуды мұрат еттім. Сөз – кие, ән – аманат. Өткен жақсылардың болашаққа айтар үнін сақтасам деймін. Тыңдарманға айтар ойы бар, мұраға асыл ойды қалдырған әндерді шырқаймын. 

Мұхтар Шаханов айтпақшы, «жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын» мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз?

image.png

– Жоғалтқан ештеңем жоқ деп ойлаймын. Сахнаға кеш шықтым.  Кішкене уақыт жоғалтқан болармын. Өнер өлкесінде кеш танылуыма себеп те жоқ емес. Он бір перзенттің кенжесімін. Отбасымда маған қолдау көрсетерлік керемет жағдай болмады. Алланың қолдауымен, «жетсем» деген мұратымнан танбадым. Қызығы мен қиындығы қатар уақытты артқа тастап сахна төріне көтерілдім. 

Өнер адамы болған соң, ізденетін дүнием көп. Мұхтар ағаның «Өнер адамы ізденбесе, келе-келе көрерменге айналады» дегені бар. Сол сөз маған алға жетелейтін компастай әсер береді. Көрерменге айналмау үшін, тыңдарман жоғалтпау үшін ізденемін.

Өмірде үміт арқалаған перзент, аяулы жар, ана болдым. Өнердің парқын білетін халықтың сүйіспеншілігіне бөлендім. Он үш конкурстың лауреатымын. Қайсыбірін айтайын, бастысы – болмысынан бақыт тапқан адаммын!

Сізді түбі сахнаға шығуыңызға сендірген қандай үміт?

–Табанды мінезім мақсатымды өзгертпеуіме сеп болды. Ес білген шағым, 8-9 сыныпта ән айтып теледидарға шыққан балаларды көрсем, кеудеме өксік тығылатын. Бәйге аңсаған қаңтарулы жүйріктей көзімнен жас парлайтын. Баланың табанындағы жара ананың маңдайына қадалады ғой. Әкем жантәсілім еткен шақ еді. Анам: «Қолымда ештеңем жоқ, болса да,  сені сахнаға жеткізер жолда барымды аямас едім, балам!»,- деп жігер сыйлайтын. Менің бойымдағы дарынды қор етпеу үшін де тыңдарманыма ән жеткізгім келді. Мен – Наркенже, елдікіндей ағам жоқ шығар, жұрттыкіндей жарқыраған байлығым жоқ шығар, әуелі Алланың арқасында жетсем деген мұратым арқылы тыңдарманыммен қауыштым!

– Шәкәрімнің «Ән – өлшеуіш, өлең – күміс, Қоспаңыз мыс аралас» дегенінен асқан әнге сын жоқ шығар. Наркенженің үнінде ескен өр мінез, өктемдікті қалай қорғайсыз? Дауысыңызды қалай күтесіз, жаныңызды қалай сақтайсыз осы?

image.png

– Ән жүрекпен шырқалса, әуезді үнді мінез көмкере түседі. Өр мінез қанымда бар. Өрлік жұқпа мінез емес, тума мінез. Оны сақтауға тырыспаймын.   Жан әлеміңдегі барыңды, қиындығыңды, қуанышыңды әнге бояу еткенің  – жүрекке жеткізетін жол. Әнді жүрегіме енгізіп орындағандықтан, тыңдарманға өрлік байқалар. 

Даусымды күту үшін мұздай су ішпеуге тырысамын. Өлең айтып отырып шай ішпеймін.  Кейбір адамдар жұмыртқа жұтып күтінетінін айтса таң қаламын. Менде ондай дағды жоқ. Ең маңыздысы – деннің саулығын сақтау. 

Жан бақшасын абаттандыратын кекшілдік пен өкпешілдіктен ада болу  ғой. Бұл сезімдерден өзімді аулақ ұстаймын. Ешкімге ренжімеймін, ешкімді ренжітпеймін. Сөзге таласып, ұрыспаймын. Адам тозаңдай нәрсеге ренжісе де, жаны құлазиды. Мен мұны ескеремін. Өзінің жаны тыныш адам, жан-жағындағылардың тыныштығына зауал келтірмейді.  Жанымды жақсы күтуге тырысамын!

– Сіз үшін өнер иесі қол жеткізе алатын ең маңызды құндылық не?

– Тыңдарманын табу. Жадыда қалу. Сахнаға шығар жас көп. Халық ұмытпастай даралықпен тарихта қалатындар аз. «Наркенже» десе, дәстүрлі әнші ойға оралғанын қалаймын. Өр мінезім, үнімдегі бояу – ел есінде қалса екен деймін. 

– Дарын туыла ма, қалыптаса ма? Сізді дәстүрлі әншілікке жетелеген қандай мақсат?

– Дарын туылады. Дарынның қаншалықты қалыптасатындығы жөнінде сөз қозғай алмаймын. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарын дүниеге келеді. Әкем Абдолла Серікбаев жыршы болған адам. Әкем қайда барса да соңынан қалмайтынмын. Әкем «аманбысың, Қазақстан аймағым» деп жырлап отырғанда аузым ашылып тыңдайтынмын. Соның әсері болар мен алты жасымнан бастап ән сала бастадым.

Негізі менде музыкалық білім жоқ. Осыны айтсам жұрттың бәрі таңғалады. Олардың таңғалғанына мен де қайран қаламын. Бұл қазақтың қанында бар дүние ғой. Әрине, арнайы білімің болғаны жақсы. Қазақтың қара қызы қара домбырамен ән салғанға таңырқайтын күнге де жетіппіз-ау деп ойлаймын кейде.

– Бірде желіде қызыңызға арнаған жазбаны көзім шалды. Қашан да қолдайтыныңызды жеткізіпсіз.  Жүрекке жылы тиді. Ата-ананың балаға берер ең үлкен мұрасы не деп ойлайсыз?

image.png

Әнші қызы Жансаямен

– Адамдар дүниеге уақытша келген соң, мәңгілік ештеңе жоқ шығар. Ақша да, үй де, көлік те ғұмырсыз мұра ғой.  Балама мәңгілік рухани азық етер мұра ретінде тәрбиені қалдырдым. Бала артық әрекетке барғанда, ұят боларын сездіру арқылы анамнан алғанымды балама жеткіздім. 

Тұнық мұң көмкерген әндерді сезініп шырқайсыз. Бұл қасиет өнерді түсіну ме әлде адамды түсіну ме. Наркенже қай уақытта мұңаяды?

– Мен жүрекке жақын қабылдауға бейіммен. Жиі мұңаямын.  Әнді жүрегіме енгізіп аламын. Оны жазған адамның бар сезімін өзіме қабылдаймын. Жай адамнан ән шықпайды.  Сезімталдықтан ән туады. Ән – тағдырдың жүгін көтерген жүректің сөзі. Әннің киесіне бойлап, иесінің айтпағын әлемге жеткіземін. 

– Илон Маск Марсты игеруді армандайды. Әнші Наркенже нені армандайды?

image.png

– Теледидардың алдында жылап отыратын қиялшыл қыздың арманы орындалды. Бұрын отбасымның менімен мақтанғанын қалайтынмын. Аллаға шүкір, он бауырымның мақтанышымын. Ақ жүріп, адал тұрудан асқан арман бар ма? Елдің есіне есті әндерді жаңғыртуды аңсаймын. Руханиятқа қызмет еткім келеді. 

– Сізді таңертең оянуға итермелейтін күш?

– Таланттардың танылғанына жол ашқым келеді. Дәстүрлі ән мектебін ашуға ниеттеніп жүрмін. Талай өскіннің кеудесіндегі арман отын маздата алатыным ертеңгі күнге артқан үмітімнің жүгін арттырады. Зейнолла Қабдоловтың: «Талант дегеніміз 2 пайыз, 98 пайыз - еңбек», дегені бар. Таланттың еңбегіне дем беріп, шеберханамда шыңдағым келеді. 

–Риясыз әңгімеңізге рақмет, ескінің есті үнін әлемге жеткізуіңізге тілектеспіз!

 Наркенженің үнін естісем, Әміре Қашаубаевтың «Алтын қорда» сақталған әнін жаңа тыңдағандай сезімде боламын. Ұлтқа қызмет ету мінезден туады. Мені танымаса да, асқан ықыласпен тыңдады. Қарапайым қалыпта.  Таза мінсіз асыл тастың су түбінде жатпасы нық. Наркенже өнердің сафтығын сақтау жолында жүрген жан екенін ұға түстім. 

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН

Торғын Жолдасбекқызы, жазушы: Тірі болудан кеш қалмаңызшы
Назгүл КЕНЖЕТАЙ, халықаралық журналист: Өзгерістер үшін халықта саяси сана өзгеруі қажет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу