Торғын Жолдасбекқызы, жазушы: Тірі болудан кеш қалмаңызшы

Oinet.kz 19-09-2020 4826

Қуандым. Жыладым. Сүйіндім. Күйіндім. Аяқтағым келмеді. Бұл менің Торғын Жолдасбекқызының кітабын оқығандағы ықыласым еді. Лондон ұйымдастырған «Open Eurasia» конкурсынан жеңгеннен танитын едім.  «Араша», «Кеш қалма» кітаптары оқырманын тауып, желіде әсерімен бөлісушілер көп. Торғын қазірде Sector X радиосында «Шексіз мүмкіндік», «Араша» атты бағдарламаларды жүргізеді. Қаламгердің өжет әлеміне бірге саяхаттайық!

Сұхбат.jpeg

– Мұхтар Шаханов айтпақшы, «жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын» мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз?

– Не жоғалттың дейсіз бе? Сенімді жоғалттым , өзімді жоғалттым деп ойладым бір кездері. Сөйтсем, олай емес, жәй ғана өзіме барар жолда адасыңқыраған екем. 

   Біраз жылдан бері қаламды бағытымды жарық етер шам ретінде пайдаланып келемін. Соның арқасында өзіме кенелдім. Таптым.

   Содан шығар, қазір еш нәрсе іздемеймін. Өмір сүріп жатырмын. Барымды алғыспен қабылдап, шүкір етіп, дәл осы сәтте бар болып, толыққанды өмір сүріп жатырмын.

– Кейіпкерлеріңіздің бәрін жақсы көресіз. Аяйсыз. Аялайсыз.   Сөйлемдеріңіздің құрылымы да бөлек.  Жазу үстелін көргенде ойыңызға не келеді?

– Жазу үстелі, басқа үстел деп бөліп көргем жоқ (Жымиды. Б.Ә). Көңіл күйін талғағаныммен, қоршаған ортаға қатысты күй талғамаймын. Мұны "Араша" деген әңгіме жинағының 80%-ын ұялы телефонға терген жан ретінде жазып отырмын. Жазуым үшін үшін үстелдің де, тыныштықтың да қажеті шамалы. Әрине бола қалса жақсы ғой, кейде ыңғайы келмей қалады. Ондайда күтпеймін. Ең жақын үстел мен қолда бар техниканың көмегімен жаза беремін.

– Әңгімелеріңізде өжеттік бар. Эмоциясын көптен жасырған жалғыздық байқалатындай.  Торғын елден не жасырады осы? Жазғыңыз келетін,  бірақ жазбаған дүниеңіз бар ма?

– "Жасыратын" деген келмес, әлі піспеген дүниелер бар. Сыздауықты да пісірмей сықсаң ауырлау тиеді. Тамыры қалып қалуы да ықтимал. Сол сияқты мен де кей тақырыпты піссін деп қозғамаймын. Сосын өзім шала білген, нық көтере алмаймын-ау деген тақырыпқа да баспаймын. 

     Өмірімнің бір кезеңінде эмоциямды расында көп жасырдым. Соның салдарын әлі де байқаймын. Кейде іштей ішек-сілем қатып күліп отырсам да, сыртым үнсіз. Жақындарым оған үйренген.

– Күлдіресіз.  Сол сезімді өзіңіз бүлдіресіз.  Жылатасыз.  Кейіпкерлеріңіздің сорынан бақ іздетесіз оқырманға.  Көркемдік шешімді қатаң жасайтыныңыздың сыры неде?

image.png

– Адамдардың көбі неге бақытсыз екенін білесіз бе?! Біздер бақытты болу үшін өміріміз жақсы болу керек деп өмір сүреміз. Және жақсы мен жаманның не екенін өзіміз үшін жақсылап ажыратып алғанбыз. 

     Мысалы мен "арбаға отырғалы бағым жанды" деймін. Сенесіз бе? Алты жыл бұрын бойымнан күш біртіндеп кетіп жатқанда, дәрігерлер бір ауыздан "қайтымы жоқ" деп жатқанда мен мұндайға сенбес ем. "Мүгедек болғанда не жақсылық бар?" дер ем. "Сор ғана" .

    Енді не өзгерді деп отырған боларсыз. Мен өзгердім. Өзіме кенелдім. Рухыммен бетпе-бет кезіктім. Өзімнің кім екенімді. Қаншалық Алланың мейіріміне бөленген. Нұрына шомылған, азат рух иесі екенімді білдім. Және сол азат рухты арбаға таңылған осал тәннен босаттым. Бұл тура сол арбаға отыру кезімен тұспа-тұс келді. Сордың сор емес екенін, бақтың бақ емес екенін, мұның бәрі өмір ғана екенін содан білемін. Содан бақыттымын. 

   Әр жазбамда оқырманыма  «басыма түскен қиындық пен қайғы біткенде, немесе азайғанда бақытты боламын» деп жүріп, ТІРІ БОЛУДАН КЕШ ҚАЛЫП ҚАЛМАҢЫЗШЫ дей беретінім де содан.

– «Өмір-өліммен дос болу» диді Асылзат Арыстанбек.  Сіз үшін өмірдің өлшемі қандай.  Торғынның азат рухы тірі болуға жеткелі не тындыра алды?

– Асылзаттың ойымен толық келісемін.Өмірдің өлшемі өмір ғана шығар... Әркімнің өз өмірі. Жүз жерден сүйсең де, қадір тұтсаң да, өзгенің өмірі ол өзгенің өмірі болып қала береді. Баламның өмірі де солай. Мендік емес. Мендегі бар өз өмірім ғана. 

     Өзіме риза болуды үйрендім. Қатемді кешіріп, кемшіліктерімді қабылдауды үйрендім. Ал соңғы жылда жарық көрген "Араша" мен "Кеш қалма" атты кітаптарым, басқа да шығармам соның жемісі деп білемін.

– Жазатын шығармаңыз түсіңізге кіретінін айтқан екенсіз.  Түсіңіз өңіңізге транс жасайтын кез бар ма?

image.png

– Рас алғаш жаза бастаған жылдары солай болатын. Біраз әңгімем түсіме негізделді. Өкінішке орай дейін бе, жоқ әлде бағыма қарай ма, қазір олай емес. Өзім жаза білетініме сенбегеніммен, түпсанам оны анық білсе керек. Сол себепті жаза бастауым үшін түс арқылы ой тастап отырды деп ойлаймын.

    Трансформацияға келер болсақ. Түс пен өң бір-бірімен жіптей иіріліп жатады деп ойлаймын. Жәй ғана біз оны көп жағдайда тарқата білмейміз.

– Шығарма да бір бала. Тәртіппен қарайсыз бәріне.  "Адамның ұшуы неге қиын?"  әңгімесінде бала болмысына араша болған ананы таныдық.  Қара Торғайдың ана болмысы қандай екен?

– «Бұрындары жақсы ана бола алмай жүрмін» деп мазам қашатын ана болсам, қазір жәй ғана анамын. Барыммен, қолымнан келгенінше. Алаңсыз. 

   Әлі де кейде өз бойынан баласының өз күнін өзі көре алатындай ересек екенін көруге асығатынын байқап қалатын анамын. Солай бола қалса, "Аллаға сенен асқан пана жоқ. Балам саған аманат!" деп жаны жай табатын анамын.

– Педофилия туралы әңгімеңізді оқу ауыр болды.  Жабық тақырып.  Тың.  Ана төзбейтін азапқа жазушының жүрегі қалай төзеді?

– Қоғамымызда өршіп тұрған тақырыпты біле тұра, жауып қойғанымыз, айтпағанымыз, жазбағанымыз, баланы бірге зорлаумен тең болар. Зорланған қыздарымыз көбіне болғанды ашық айта алмайды. Өзгені емес, өзін кінәлайды. Өзін қорғай алмағаны үшін, ең жоқ дегенде әшкере ете алмағаны үшін өзін лас көреді. Ең сорақысы сол үшін өмір бойы әлгі педофилдың құрбаны боп, сол сәтпен, сол сәтте өмір сүреді. 

Бұған қарсымын. Кез-келген қыз бала «тарт қолыңды» деп айта алатындай өзіне сенімді болса екен деймін. Өзін кешіріп үйренсе екен деймін.

– Торғын Жолдасбекқызының өміріне арнап биографиялық фильм түсірді делік.  Жанрының қалай болуы мүмкін?

– Мотивациялық. Бұған жүз пайыз сенімдімін.

– Бір хабарда группаласыңыз Айбек Нәби " Торғынның бұрымынан аяқ тартатынмын" дейтіні бар.  Ұтымды.  Сіз үшін сұлулық қай ауқымда,  ол да бір мінез емес пе осы?

– Қыз күнімде "тек аппақ қыздар сұлу болады" деуші ем. Қазір соған күлкім келеді. Сұлулықты материалды, көруге ұстауға болады деп жүріппін. Яғни, сырт келбет. Сөйтсем расында сіз айтпақшы сұлулық дегеніміз мінез, болмыс екен ғой. Оны ұзақ уақытқа бояп, жасырып қоя алмайсың. Түбі көрініп қалады. Сол себепті сырты сұлудың бәрі бірдей сүйікті емес.

– Ғажайыпқа сенесіз бе,  неге адамның ең асыл мінездері есейген сайын жұтай береді?

– Ересектерге ғажайыпқа сенуді қайта үйрену керек шығар. Өз басым өмірім үлкенді-кішілі ғажайыптан тұратынын қайта көре бастағаныма көп болған жоқ. 

    Қалайша ұмытады оны адам? Себебі көп қой. Ең басты қорқыныш болар. Қорқыныштың да түрі көп. 

     «Өзгенің баласы» деген бір ауыз сөздің өзін алып қарасақ, өзгенің бәріне бізге тиесіліні тартып алатындай үрке қарап, сонымызды жасыру үшін әлгінің артықшылығының өзінен кемшілік тауып, мін іздеуді үйрендік. Ақыр соңында тек кем-кетікті көру әдетімізге айналды. Өз бойымыздағы жақсыны да көре алмайтын болдық.

   Сөйтіп жүріп, армандау, сену мен ұша білуден өз еркімізбен бас тартқанымызды өзіміз де ұқпай қалдық. 

  Ақыр соңында өзімізге деген сеніміз азайғаны сонша, бар бақыт, шаттық пен жақсыға, ғажайыпқа ылайықты жан екенімізді де ұмыттық. Ғажайып өмірімізге сол үшін жолай алмай қалған шығар...

– Ұша білетін азат рухыңызбен тірі болыңыз!  Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұқбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН

Бекжігіт Сердәлі, композитор: Адам еш уақытта айналасына зиянын тигізбеуі керек
Наркенже СЕРІКБАЕВА, дәстүрлі әнші: Елдікіндей ағам, жұрттыкіндей жарқыраған байлығым жоқ шығар...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу