Бекжігіт Сердәлі, композитор: Адам еш уақытта айналасына зиянын тигізбеуі керек

Oinet.kz 17-09-2020 2228

Павлодар. Республикалық жас журналистер олимпиадасы. Экскурсия көлігінде Қазақстаннан жиналған студенттер таныстығын арттыруда. Бір-біріне көңілі ауған қыз-жігіттер әнге жүгінді. Арамызда қуақылау бір жігіт «Жас жұбайлар» әнін бастап кетті. Ұстаздар отырған тұстағы түркістандық қатысушылардың жетекшісі Бекжігіт ағайға назарым ауды. Марқайып отыр. «Менің әнім» деп кеуде керудің ізі де жоқ. Әуелете ән айтып тұрған жігітті ымдап шақырдым. «Әннің авторы көліктің алдыңғы бөлігінде отыр. Бекжігіт Сердәлі деген ағай, әне» деп нұсқап көрсеттім. Көзімен тінте қарап, «Ешқайсы композиторға ұқсамайды ғой» деп салды сабазың. Күліп жібердім. Бекжігіт ағайдың бөлектігі – ерекше болуға талпынбайтындығында ғой, шіркін!

image.png

–Ұстаз, 60 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Көңіліңіз даладай кең, баладай аңғал  қалыпта.  Қазақ өзі алпысты қарттықтың бастауы деп бағалайды ғой. Сізді алпыста десе, сену қиын. Өзіңіз қалай күтінесіз?

– Айналамдағы жақсы адамдар, көңілді орта, пейілі ақтарылған достар – ең ғажап күтім.  Қариялықтың алғашқы белгілеріне төтеп бере алатын жігіттік шақтың жақсы бір терапиясы болса керек.

– «Армандайтыным – Алматы, Астана сияқты үлкен қалада тұрып, өнер ортасында жүру» деген екенсіз. Неліктен ғұмырыңызды Түркістан қаласында өрбіттіңіз? Өкінбейсіз бе?

– Есiмнен кетпейтiн сәт – 86-ның ызғарлы Желтоқсаны. Таңертең сабақтан қашып кетудiң мұң болғаны, алаңдағы ұлтым деп оянған рух – бәрi есте… «Алаңға неге барасыңдар? Араларыңда Оңтүстiктiң балалары неге көп? Партия жиналысында ұлтшыл декандарың Темiрбек Қожакеевтi қолдап сөйлеп жүрген қайсың?». Қойшы, әйтеуiр, қарша бораған осы сияқты зiлдi сауалдардың саны бiтiрушi курс түлектеріне «Бiрде-бiреуiң Алматыда қызметке қаламыз деп дәмеленушi болмаңдар. Сендердей ұлтшылдықтың уымен уланғандарды астанада қалдыру – қауiптi. Алыстағы аудандық газеттердiң сапасын көтересiңдер!» – деген суық нұсқауға ұласты. «Қазақ» радиосына орналасып қойған жерiмнен қайта босап, шалғайдағы кеншiлер қаласы Кентаудан бiр-ақ шықтым. 

Әр адам өзінің туып-өскен мекенінде бақыт пен баянды ғұмырын өткізуді аңсайды. Біреулер үлкен қалаларда тұрып, «шіркін-ай, туған ауылымды сағындым» деп сағыныштан өзегі өртеніп жатады. Ал, біз бақыттымыз. Олар сияқты туған ауылды сағынып ұнжырғамыз түспейді. Бәрі қасымызда. Сондықтан өкінбейміз.

–Шәкірттеріңізбен досыңыздай сырласасыз. Сіз үшін сыйластық өлшемі қандай? Кімдермен доссыз?

– Адамдар арасындағы ең жаман нәрсе – алшақтық. Бастық бағынышты адамына бөтен көзбен қараса, барлық жұмысын атқарып жатқан қызметкерінің жұмыс істеу қабілеті төмендей бастайды. Ал, керісінше, оны да өзіндей көріп, бауырына тартса жұмыс өнімділігі артады. Шәкірттер де сол сияқты. Олар үйінен алыста жүріп ата-анасын сағынады. Сондайда ұстаздың бір ауыз жылы сөзінің өзі ұшқан ұясында жүргендей көңіліне жылылық ұялатады. Шәкіртті досыңдай жаныңа жақындатсаң, ол да сені әкесіндей қамқорлығына алып, ішкі жан дүниесін ақтарып салады. Ал оның жан дүниесінен көп сыр алуға, шығармашылығыңа пайдалануға болады.

Көбіне менің достарым 80-дегі қария, не 20-дағы жасөрім болып келеді. Бәрімен құрдасымдай сөйлесуге, сырласуға тарысамын. Кейде менен үлкен ғой демей, қалжыңдап жіберетінім бар. Ондайда олар өкпелеп, ренжіген емес. Қайта керісінше, жымиып, әзіліме әзілмен жауап беруге тырысады. Адамның бір-біріне күліп жүргені дұрыс емес пе? Бізді көбіне осы алшақтық алыстатып бара жатқандай. Содан қорқамын.

–Ылғи уақытты өлшеп, кеш қалмай жүресіз. Кісі уақытына қылдай қиянат жасамайсыз.  Сіз үшіт уақыт деген не?

– Уақытым жоқ дейтіндерге таң қаламын. Уақыт әрине, әмірші. Бірақ сен Адам емессің бе? Әміріңді жүргізетін сәтің болды. Жоспарла, ретте, уақытты өз мүмкіндігіңе пайдалан. Таңнан кешке дейін сотка шұқылап отырсаң, әрине, уақытың жетпейді. Біздің барлық уақытымызды осы ұялы телефон, әлеуметтік желі мен «ватсап» ұрлап жатқанын түсінген күні, біз уақытқа әмір жүргізе бастаймыз. Уақыт сенің айтқаныңмен жүрген күні барлық шаруаң жай-жайымен біте бастайды. Өз басым бес-алты жұмысты қатар жүргізе алатын қабілеттемін. Біреулерге бір істі тапсырсаң, басқа шаруаға бара алмай сол іспен әуре болып талай уақытын жоғалтып алады. Бірнеше істі қатар жүргізсе, әрі миың жұмыс істейді, әрі шаруаң тез бітіп қалады. Әрі қарай демалып, жеке шаруаңмен айналыса бер. 

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Өмірге қайта келсем, дәрігер болар едім. Кешегі індет жайлаған қиын күндері дәрігер тапшылығын сезінгенде осылай ойладым. Себебі, адамға ең керегі – денсаулық екен. Онсыз мына ойнап-күлгенің көк тиын. Адамға еш жері ауырмай, жақсы өмір сыйлағаннан асқан бақыт бар ма?

– Сізге тағдырыңыздағы ең маңызды ақылды кім айтты? Не деген еді?

– Ең дұрыс жолды сілтеген адам – қазір көзі тірі, жасы 84-тегі әкем болды. Әлі де бағыт-бағдар беріп тұрады. «Адам еш уақытта айналасына зиянын тигізбеуі керек.  Ол да сен сияқты, жақсы өмір сүруге оның да қақысы бар» деген еді.

– Өмірде өкінетін шешіміңізді өзгертуге мүмкіндік болса, нені өзгертер едіңіз?

– Өкінетін сәттер қай адамда да көп. Тосын сәттерде дұрыс шешім қабылдау қиын. Кейін барып өкінесің. Үш нәрседе қателеспеу керек екен: біреуге қатты сөз айтпаудан, біреудің шын пейілмен ақтарыла айтып жатқан әңгімесін тыңдамаудан, мүмкіндігінше әлдекімге жақсы комплимент айтудан.

– Ылғи әндетіп, ыңылдап жүресіз. Ұстаздық қызмет қара жұмыстай шығармашылығыңызға шек болмады ма?

– Жоқ, керісінше, шабыт сыйлайды. Әндететінім – ән іздеймін. Жақсы ән туса екен деймін. Бірақ... жақсы ән ғасырда бір туады. Күнде «хит» ән шығарып жатырмын дейтіндер, өздерін өздері алдайтындар. «Хит» әнді халық өзі-ақ таңдап алады. Оған осыны ғана тыңда деп зорлап ән тықпалау – өнерді қорлау. Кейде бір әншінің жалғыз әнінің күндіз-түні экраннан түспей жататынын көргенде аяп кетемін.

Әлдебiреулер сияқты алдын-ала жоспарлап, тапсырмамен ән жазған емеспiн. “Сүйіктіме”, “Ғашығыма” деп ән жаза беретiндер бар ғой. Ән жоспарсыз, жүрек әмiрiмен тууы тиiс. Ал жүректiң ән туғызуы өте сирек. Содан да болар, менде ән аз. Осы “менiң пәлен жүз әнiм бар” дейтiндерге таңғаламын. Ел айтпаған ән – ән емес. Кейде менен “қанша әнiңiз бар?” деп сұрайды. Мен ел iшiнде айтылып жүрген әндерiмдi ғана есепке алып, сонша әнiм бар деп жауап беремiн.

Халықтың ықыласына бөленудің жүгі жеңіл емес қой. Ақиқатқа бергісіз аңызың көп болады. Шығармашылық иелерінің шабыты, күйі туралы еспе әңгімелер тым қызық. Бекжігіт Сердәлінің шығармашылығы  күй талғай ма?

– Оңашалықты қалайтыным рас. Бірақ, көп әндерім жол үстінде туған. Не пойызда, не автобуста... Ваннада отырып ән жазған кездерiм бар. Жазды деген аты ғой, ыңылдап домбыраға не магнитофонға түсiргенiмдi айтамын. Жалпы, әндi домбыра арқылы, не саусағымды шертіп отырып шығарамын. Бiрнеше рет қайталап, еске сақтауға тырысамын. Есте сақталмағаны ұмыт болады. “Ұмытылғаны – нашар ән болғаны” деп өзiмдi жұбатамын.

– Сол жолда туған әніңіздің қалай шыққанын есіңізге алыңызшы?

image.png

– …Бұл күтпеген жағдай едi. Студенттік шақ. Курстас дос Құлтөлеу үйленiп, бүкiл топ мұғалiмдердiң көзiне түспей, “Жезқазған, қайдасың?!” деп тартып кеттік... Жүрдек пойыз. Вагон толы студентпіз. Үстел үстiнде дастархан етіп жайған “Лениншiл жастың” (қазiргi “Жас Алаш”) қиындысы жатыр. Қиындыда – жарасымды екі жұпты бейнелеген фотоэтюд. Оған жазылған екi шумақ өлең. Авторы көрсетiлмеген. “Суреттi түсiрген Р.Ханалиев” деп қана тұр. Газет бетiндегi суретте бейнеленген бозбала мен бойжеткеннiң сезiмдерiн дәл көрсетiп, дөп басқан жыр жолдары маған қатты ұнады. Курстас құрбылардың бірі «тойға апара жатқан сыйлығымыз қайда?» деп қалмасы бар ма? Соңғы тиынына дейін билетке жұмсаған студентте қай бір сыйлық болсын. Ойланып қалдық. Манағы өлең еске түсті. Оңашада әуен туды. Әлгi екi шумақты салып айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән дүниеге келгендей болды. Тойға асығып, көңiлдерi алабұртып келе жатқан курстастарға тыңдатып көрiп едiм, бәрiне ұнай кетті. Жезқазғанға барғанша қосыла шырқап, жаттап та алдық.

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төрiне қоныңдар.

Ақ тiлек – батамыз, мiнеки:

Бақытты болыңдар, болыңдар!


“Жас жұбайлар” атты жаңа әндi сәлден кейiн бүкiл вагон, ал Жезқазғандағы тойдан соң бүкiл ауыл айтып кеттi. Кейiн ол студент жастардың аузынан тастамайтын сүйiктi әнiне айналды. Тыңдаушының да тыңдаушысы бар ғой. “Ой, бауырым, әнiң ән-ақ екен, бiрақ сөзiн кiм жазған?” деп қадала сұрап қоймайтындар да табылды. Расында да әдемi әнге себепкер болған қос шумақ кiмдiкi екен? Өлең авторын “Лениншiл жастың” редакциясынан сұрап едiк, ешкiм бiлмедi. “Суреттiң астыңғы жағында қалған бос орынға жазыла салған өлең ғой” дестi ондағылар. Сөйтiп, “Жас жұбайлар” әнiнiң мәтiнiн жазған ақынды iздеу басталды.

… ҚазМУ қалашығындағы бесiншi жатақханаға бiрде “Лениншiл жастың” жiгiттерi кездесуге шақырылады. Болашақ журналистер мен осы шақ журналистерi бiр-бiрiне түрлi сұрақтар қойып, сұхбаттасып, сырласты. Кеш соңында журфактың студенттерi қонақтарға арнап ән айтады. Сол баяғы “Жас жұбайлар”. Ән аяқтала бергенде “Лениншiл жастың” сол кездегi әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi, бүгінде Президент Әкімшілігінде жұмыс істейтін ақын Өтеген Оралбаев орнынан атып тұрып: “Бұл мен ғой! Менiң өлеңiм ғой!” деп айғай салды. Тамаша әннiң қос авторы арада екi жыл өткенде осылай табысқан едік…

– Шығармаға жақын студенттерді қолдауда алдыңызға жан салмайсыз. Бағыт көрсетесіз. Ал сіздің ұстазыңыз кім?

– Шығармашылық адамды жақсылыққа жетелейді. Сондықтан жастарды шығармашылыққа баулу - тәрбиенің ең маңызды өзегі. Кейде біреулердің бойында жақсы таланты бар, бірақ көрсеткісі келмейді. Ал, одан қоғамға үлкен пайда келуі мүмкін. Мұндайларға қозғау салу керек. Сонда ол ашылады. Менің ұлық ұстаздарым – Темірбек Қожакеев, Намазалы Омашев, Қуандық Оразбекұлы болды. Бұлар тек сабақ беріп, ақыл айтып қана қоймай, өмірлік ұстанымыма бағыт берген, рухани байлық сыйлап,  әкемдей қамқоршы болған ағаларым. Әлі күнге дейін хабарымды алып, жаныма жалау болып жүреді.

–Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН


Сапарбай ОСМОНАЛИЕВ, қырғыз суретшісі: «Сүйікті картинамды көрмеге қоюға қорқамын»
Торғын Жолдасбекқызы, жазушы: Тірі болудан кеш қалмаңызшы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу