Нұрлан Тұмабаев: Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

Oinet.kz 13-05-2021 2481

Таяуда ғана Түркістан облысы Полиция департаменті Созақ ауданында Қазақстанның Қызыл кітабына енген аңдарды аулаған браконьерлерді ұстағанын хабарлады. Олардан 8 ақбөкен, 14 киік мүйізі, тіркелмеген тегіс ұңғылы 2 аңшы мылтығы, 1 мотоцикл тәркіленді. Қарулы топты құрықтаудың оңай емесі анық. Осы сияқты оқиғалардың мән-жайын білмекке, Түркістан облысында табиғатты қорғау бағытында қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын оқырманға жетізбекке бекініп,  Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау аға инспекторы Нұрлан Тұмабаевқа жолықтық. 

Screenshot_8.jpg

Нұрлан Жамалұлының айтуынша, браконьерлерді ұстау барысында олардың қашып құтылудың амалдарын қарастырып, қару кезенетіндері де кездеседі. Бұл полиция инпекторларының өмірлеріне қауіп төндіреді. Үлкен-үлкен лауазымды қызметте отырған көке-жәкесін айтып қорқытатындар да бар екен. Аты аталатын шенеуніктердің кімдер екенін сұрадық.

– Аты-жөндерін айта алмаймын. Бірақ, бұл жасыру емес. Қай шенеунік болса да браконьерлікке қатысы анықталмайынша жария етпейміз. Ал, заңсыз аң аулаушылар шені жоғары азаматтың аты аталса табиғатты қорғау инспекторлары өздерін босата салады деп ойлап, өктем-өктем сөйлеп, осындай қитұрқылықтарға барады. Бірақ, тергеу барысында ол адамның қатысы жоқтығы анықталып жатады, – дейді Нұрлан Тұмабаев. 

Түркістан облысында табиғатты қорғау инспекторлары да санаулы екен. Облыс орталығындағы Табиғатты қорғау тобын үйлестіруші екі аға инспекторды қосқанда 18-ақ маман, жетіспейді. 16 қызметкер төрт топқа бөлініп, заңсыздық орын алған оқиға орындарына шұғыл аттануды әдетке айналдырған. Рас, қарулы браконьерлер тобы төртеуге мойынсына бермейді. Олардың қашса жеткізбейтін көліктері тағы бар. Сондықтан полицейлер «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесе әрекет етеді.

– Басымызды қауіп-қатерге тігіп, қылмыскерлермен олардың жағдайын түсінген кейіпке еніп сөйлесеміз. Райынан қайтарып, көндірудің барлық амалын қарастырамыз. Қажет болса, қаруларын тәркілеп алғанға дейін өзіміз де айтқан көке-жәкесін танитындай сөзге тартамыз. Көкесі бір қоңырау шалса, құқықбұзушылықты болмағандай тіркемей-ақ босататынымызды айтып алдап жұбатамыз. Өйткені сол сәтте сотталатынын естісе, қолындағы қаруымен біреуімізді не өзін жарақаттауы мүмкін. Суицид жасауы да ғажап емес. «Білместігің үшін сотталмайсың, заңда қарастырылаған» дейміз.  Сақтық шаралары үшін амалсыз осылай өтірік айтуымызға тура келеді. Бірақ, заңды білмей жауапкершіліктен құтқармайды. Яғни, ешкім де құтылып кете алмайды, – дейді Нұрлан Жамалұлы.

Жоғарыда жазғанымыздай, Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, экологиялық қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында, бірқатар мақсатты іс-шаралар ұйымдастырып, жүзеге асырады. Биыл жыл басынан бергі 3 айда «Қызғалдақ», «Жер қойнауы», «Уылдырық» алдын алу іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 8 экологиялық қылмыс пен 457 экологиялық әкімшілік құқықбұзушылық анықтаған. Құқықбұзушыларға 2 млн 280 мың 173 теңге айыппұл салынған. Атап айтқанда, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 1 жайты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, 8 дерек бойынша келтірілген залал ірі көлемде болмауына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құзыреттілігі бойынша Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне жолданыпты. Олардан құқықбұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 14 техника (2 эксковатор, 4 жүктиегіш, 8 жүк тасу көлігі) заңды шешім қабылданғанша, айыптұраққа жабылды. Бұдан бөлек, жер қойнауын заңсыз пайдаланған 2 дерек Кентауда, 2 дерек Отырар ауданында тіркелсе, Созақ, Шардара аудандарында бір-бір құқықбұзушылықтан анықталған. Олардан алынған 10 жүк көлігі мен 2 жүктиегіш те айыптұраққа қойылды.

Аңшылық бойынша үш айда Созақтағыдан басқа, Шардара аудандық Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау инспекторлары «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-нің қызметкерлерімен бірлескен іс-шара барысында қарақұйрық атқан браконьерлер ұстады. Осы бағытта облыста 109 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. 

Сонымен қатар, жасыл желектердi күтiп ұстау мен қорғау ережелерін сақтамаған 27 әкімшілік құқықбұзушылық есепке алынған. Бұдан бөлек, 144 басқа да әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оның 9-ына 65 мың 636 теңге айыппұл салынып, 135-іне ескерту шарасы қолданылған.

Қазіргі таңда балық уылдырық шашатын кезеңде браконьерліктің жолын кесу мақсатында облыста 8 сәуірде басталған «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. «Уылдырық» 31 мамырға дейін жалғасады. Дегенмен, табиғатты қорғау инспекторларымен 27 сәуірге дейін 10 қылмыс, 178 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 2 млн 173 мың 165 теңге айыппұл салыныпты. Заңсыз балық аулау қылмыстары Шардара, Келес аудандарында екі-екіден, Мақтарал ауданы мен Кетау қаласында бір-бірден тіркелді. Құқықбұзушылардан 2 электроқармақ, синтетикалық моноталшықтан жасалған 300 метрден астам аулар, 14 шанышқы (острага), 11 фонарь, 11 қайық (2-еуі моторлы) және заңсыз ауланған бір тоннаға жуық балық тәркіленді.

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер жұлу бойынша 3 дерегі Бәйдібек ауданында анықталды.  

Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі Табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Нұрлан Тұмабаевтың айтуынша, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзудың алдын алу, анықтау, жолын кесуге бағытталған жұмыстар жалғаса береді.

"Рейтинг" газеті

Жандос ҚОНЫСПАЕВ, дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы: Отарлау күні бүгінге дейін жүріп жатыр
Саят Медеуов: Міндетті түрде той-бизнес болуы керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу