Жандос ҚОНЫСПАЕВ, дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы: Отарлау күні бүгінге дейін жүріп жатыр

Oinet.kz 06-05-2021 2288

Ауыл. Қала. Екеуін де адамдар мекендегенмен, айырмашылық көп. Мүмкіндіктер – бір төбе. Ешқашан қала баласының ағзасында болатын өзгерістер туралы ойланбаппын. Жуырда «туысқандар» деген чатқа келген видеоны ашқаным сол, тың деректермен таныс болдым. Спикерді әлеуметтік желіден қарап, қызығушылығым арта түсті. Әралуан тарихи деректер мен оқиғалар, фактілерді әңгімелейді екен. Видео көргендей емес, шәй үстінде әңгімелескендей әсер алдым. Жандос Абумұталифұлымен әлеуметтік желі арқылы сұхбат құру мүмкіндігіне ие болдық. 

image.png

–  «Қызметін айтып  (жазып) таныстыратын адамның басқа құндылығы жоқ па деп қаламын»  деген пікір білдірген екенсіз. Жандос Қоныспаевты кім деп таныстырар едіңіз?

– Жалпы адамның қызметі ғана бар десек жаңылысамыз. Оның іскерлігі, рухани құндылығы, қоғамдық миссиясы (бала тәрбиелеу, елге пайдалы болу секілді) бар ғой. Сол ауқымдағы еңбегін ескере бермейміз. Ел арасында «пәлен жердің әкімі», «түген жердің басшысы», «директоры» деген секілді қызметтік этикада қалуы тиіс лауазымдар көпшілік ортада ескеріліп, аталып жатады. Сонда ол адамның қызметінен бөлек ештемесі жоқ па деген сауал туындайды. Осы ойдың себебімен пікір білдірген едім. 

«Өзіңізді кім деп таныстырасыз» ,– десеңіз, айтайын. Мен – қазақтың қарапайым баласымын. Одан асқан ешнәрсем жоқ. «Өзім түзелсем, отбасым түзелсе, елім түзелсе екен»,– деп түзелуге тырысып жүрген пендемін. 

– «Аманат» фильмін мысалға алайықшы. Кенесары мен Ермұханның рухани диалогы іспетті уақыттан азат гармония бар.  Сіз келер шаққа осы шақтан не аманаттар едіңіз?

image.png

– «Аманат» фильмін екі рет көрдім. Өте ұнады.  Себебі бас қаһарман ретінде таңдалған тарихшы ғалым  Ермұхан Бекмаханұлы ізденіспен өмір сүрген. Қайтпас рухты бабалар ізін жалғаушы Кенесары туралы зерттеу жасап, очерктер жазып  елге қауыштырған азамат. Сол жолда тынымсыз еңбек етті, тіпті жазаланды. Сол үшін түрмеге тоғытылды. Қысқасы, Ермұхан Бекмахановты өте талапты өз тегін білетін маман деп таным қалыптастырдым. 

Сол фильмде тарихи деректерді Бекмахановқа ұсынған Халел Досмұхамедов «аманат» деп бір ауыз сөзбен құндылықтың жауапкершілігін ұқтыратын сюжеті бар. Менің елге аманатым «өздеріңді отарлатпаңдар» деген сөз. Отарлау күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Оның формасы, форматы жаңарған. Қай форматта болсын халық өзін отарлатпауы тиіс. Басқа нәрселер дүниеде аласы мен құласы аралас жүре береді. Сананы, адамды, ұлтты, елді отарлаған соң одан шыққан бұйым да, ұрпақ та оңды болмайды. Қысқасы, әрбір азамат, ел, халық  өзін отарлауға мүмкіндік бермеуі керек. Табиғи болмыс, түпкі қалыбынан алшақтамауы керек. 

– «Ашық алаң»  бағдарламасында қазақ тілді комментаторларға сөздік жүйесін жасау керектігі жөнінде айтқан екенсіз. «Қазақ күресін Моңғолияда көрсеткенде70-ке жуық тәсілдің атауын айтты. Ал біз 20-30 терминнің айналасында жүрміз»,– депсіз.  Егер сіз кітап жазсаңыз, қай тақырыпқа бойлар едіңіз?

– «Ашық алаң» бағдарламасында қазақ күресінің тағдыры, мәселелері туралы қордаланған тақырып аясында спикерлік еткенім бар. Тақырыпқа сай ашып әңгіме айтып, өзекті мәселелеріне диагноз қоюға тырыстым. Барлық нәрсені жүйелі жасағанды ұнатамын. Процессі ауыр болса да, жүйемен келген іс жақсы жемісін береді. Жақсы нәтиже көрсетуге түрткі болады. 

Кітап жазу процесін бастап кеттім. Тақырыбын қойып, бағытын нақтыладым. Адамның тұрмыс-салт тіршілігіне байланысты ауқымда. «Қазақ қоғамында өмір сүрудің 40 қағидасы» деген тақырыпта. Оның ішінде адамның өзін-өзі ұстауы, туыстық қатынас, қарыз алу мен беруде, қыз ұзатудағы мәдени һәм рухани құндылық аясындағы дүниені бастадық. Бұл туралы ең алғаш сіздердің газеттеріңіз арқылы айтып отырмын. Кітап мен 40 жасқа толғанша жазылады. Себебі 35 жастағы адамға өмір туралы толғану –қиын. Көз майым тамып, ақылым толысып, парасаттылықпен жазылған туынды болғанын қалаймын. 

– Ата-ананың балаға салар ең үлкен инвестициясы не? Әлеуметтік жағдайына шағым айтып, үкіметтен балалары үшін материалдық  жәрдем сұрайтын аналар көбейді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?

– Тәрбие. Тәрбие – адамнан -адамға беріледі. Ата-анаға баланың жаны, нәпсісі 15 жасқа дейін бағынады. Одан кейін бағына қоймайды. Соған дейін ата-ана баланың жаны мен руханиятына етене жақын болуы тиіс. 

Бауыржан Момышұлы «бесік жырын айта алмайтын аналардың көбеюінен қорқамын»,– деген екен. Неге десеңіз, аналар тән қажетін  әкімдіктің министрліктің алдында сұрап жүр ғой. Осы уақытта баланың көкірегі, кеудесі, жаны, руханияты толысатын, соның қорегі алынатын  кезеңді бастан өткеріп жатады. Бесік жырын алып қарасақ, іші толған тілек, жақсылық. Баласына деген ықылас, лебіздің барлығы «бесік жырының» ішінде. Дана қазақтың ақыл-ой парасатының жемісі ғой. Аналар сыртта берілуі тиіс неғайбыл заттай қажеттілікті сұрағанша, бесік жыры секілді рухани қажеттіліктермен перзентін қамтамасыз ете алса – инвестиция деген сол. 

Пайғамбардың(с.ғ.с)  күйеубаласы  Әли ибн Әбу Талиб «балаңды өзің болмайтын күнге тәрбиеле» деген. Яғни, өзіміз болмайтын күнде де баламыз өмір сүре алатындай тәрбие беруіміз керек. Мұхтар Әуезов «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Меніңше, үкіметтен анау сұрап, мынау сұрап өз қажеттілігін сұраумен бірнәрсе шешіледі деп ойламаймын. Бесік түзелсе, бәрі шешіледі. Алғыс пен бата-тілекке тойып өскен бала жауапкершілік арқалаған лауазымға тағайындалса, сол тұлға адамдардың түрлі жағдайын, жанын түсінеді. 

– Адамды жан және тән деп  қарастырайықшы.  Екі ауқымдық форматта қарасақ, спортта жеңімпаз тұғырына кім шығады? Спортта саясат бар ма,  әлде тек тактика ма?

– Қарастырмаймыз. Адам өзі жан, тән, ақылдан тұрады. Жан – үлкен ғылым, ол уақыт өткен сайын ашыла береді. Ол ғылымға көптеген нақты ғылымдар келіп тоқтап қалады. Мысалы, психология ғылымы оны «эмоция» деп қарастырады. Себебі жанның көңіл-күйі – эмоция. Темперамент – жанды белгілі бір өлшем бірлікке салған формасы. Ол өзгереді, эмоция өзгереді. Жан – құбылмалы дүние. Оны да тәрбиелеп отыру керек. 

Бұл ғылымды спортта қарастырсақ, жаны мен тәнін тәрбиелеп, биік деңгейге жеткізген адам жеңімпаз болады. Яғни, физикалық мүмкіндігі ішкі рухани қажеттілігіне жауап беруі – спортшының қарсыластарынан  озып шығу формуласы. Тұғырға жаны мен тәні қатар тәрбиеленген, қиындыққа салыстырмалы түрде өзгелерден басым төтеп беретін адам жеңіс тұғырына шығады. 

Спортта саясат бар. Саясат өзі керемет құрал. Кереметтігі сол, онда әділ әрекет ету форматынан шығып кетеді. Мысалы, саясатта жеңіске жету үшін адамдар түрлі қылықтарға барады.  Қызметте қалу үшін неше түрлі айла-тәсілдер жасайды. Саясат деген өзі бір қызық әрі «шыжық» дүние. Сондықтан спорт – спорт болуы керек. Әдебиет – әдебиет болу керек. Мәдениет пен білім де солай. Саясатта адамдар көксегеніне түрлі айла-шарғымен қулықпен жеткісі келеді. Сондай топ саяси құралдарды өзге салаларға тасымалдайды. Спорттағы тактиканы бапкерлер құрады. Ол жеңіске жету үшін ең тиімді құрал. Бапкерлер қарсыласты, орынды, спорт түрін зерттеп тактикалық жаттықтыруды таңдайды. Тактика – екі  жан мен болмыс, тәннің шеңберінде ең тиімді жолмен қарсыласты басып озу. Тактикасы мықты бапкер табысты болады. Тиімсіз, әділетсіз саяси құралдарды қолданатын адамдар талантты бапкер мен баланың жолын жабады. 

– Ережесіз жекпе-жекте де ереже бар ғой. Сіздің өмірлік қағидаларыңыз қандай? Ыбырай Алтынсариннің қай қырын үлгі тұтасыз?

– Ыбырай Алтынсарин – қазақтың маңдайына біткен тамаша азаматы. Оның биографиясын оқығанда, мен үшін, тұңғиық адамның тағдыры ашылды. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин қазақта тұңғыш парик киген адам. Себебі оның шашы сыдырылып түсіп қалған. Отарлық саясат жүріп жатқан тұста ауылына жау әскері шабуыл жасайды. Анасы қолындағы бір жасар баланы қазанды төңкеріп астына жасырады. Сол кезде ыстық қазан басын күйдірсе керек, шаш өспейтін болады. Сөйтіп өскен бала білім алып, парик киіп жүреді. Торғай өңірінде үлкен бәйге болады. 

Сол бәйгеде ағартушы, турашыл адам болған соң Ыбырайды төрешілікке қояды. Бәйгеде өз елінің аты қалып, өзге елдің аты озады. Ыбырай әділдіктен аттамай, турасын айтып,  өзге елдің жүйрігі қара үзгенін хабарлайды. Өз елінің жігіттері шыдамай Ыбырайдың басын жез қамшымен осып жібереді. Маңдайынан парлап аққан қан бетін жуып кеткен екен десе-ді. Бала кезінде бір, есейгенде бір басы жараланып, төсек тартып жатып қалады. Сонда өзінің ұлты орыс, медицина саласында қызмет ететін досы болады. Соған айтады: «менің өлімімді жүрек сырқатынан деп жаз. Қазақтың арасы бүлінбесін. Менің кегімді алам деп ауыл-ауыл бір-біріне шауып жүрмесін»,– дейді. Міне, бұл үлкен бір  түсініктің көрінісі. Даналықтың жемісінен туындаған амал. Ыбырайдың өлімінің өзі өнеге болған. 

–  «Білекті бірді жығады, Білімді мыңды жығады»,– дейді дана халық.  Сіз үшін жығылу деген не?

– Мен үшін, жығылу – мүмкіндікті қолданбау, білімді пайдаланбау, қолдағы малды текке шашу. Адамның жығылуы – қарабет болуында емес, бола тұра қолданбауында. Мұны – сорлылық дейді. Мұхтар Шахановтың «12-3=?» деген өлеңі бар. Өлең түйінінде бір елдің патшасы екінші бір елдің патшасынан ұтылады. Ұтылған елдің патшасы еліндегі жастардың барлығын «жастың ісі шала» деп жұмысқа алмай  мал бағу секілді болмашы істерге салып қойған екен. Жеңілген соң  атқосшы бала «- Сiздiңше, ең ауыр жаза өлу ме?

Ауыр жаза - тipi қалып, өзiнiң

Тауысып бар төзiмiн,

Қателiгiн өз көзiмен көруде,

Және оны түзетуге

Қолда билiк жоқтығына көнуде»,– дейді. Жығылу деген өзіңнің меншігіңді дұрыс нәрсеге пайдалана алмау деп ойлаймын. Өмір бір рет беріледі. Осында берілген сәттерді дұрыс іске жұмылдыру қажет. Біздегі ақыл, парасат, мал-мүлік, бала-шағаны, көлікті, үйді, денсаулықты дұрыс қолдану – тұғырға шығу. Өз энергияңды болмашыға жұмсап, адамдарды ренжітіп жүру – жығылу. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Мұхтар Қожа, археолог: «Түркістанға 3000 жыл» деуге ғылыми негіз жоқ»
Нұрлан Тұмабаев: Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу