Шымкентте мемлекеттік тілді оқытуға арналған «Бірлік алаңы» ашылды

Oinet.kz 22-10-2022 570

Шымкент қаласының Достық үйі базасында қазақ тілін үйрететін «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы жұмысын бастады.  

Screenshot_4.jpg

Кеңсе негізгі 4 бағытта қызмет көрсететін болады, соның бірі – этнос өкілдерін қазақ тіліне оқытуға, қазақтың ұлттық тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне баулуға бағытталып отыр.

Қазақ тілін, ұлттық құндылықтарын, дәстүрін насихаттау, қазақтың киелі жерлерін таныту арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру – орталық атқаратын негізгі жұмыс болмақ.

Орталық мемлекеттік тілдің базалық негіздерін үйрететін болады.  Ниет білдірушілердің барлығына қазақ тілін оқып-үйрену қолжетімді болады.

Шымкент қаласында 8 жоғары және 37 орта арнаулы оқу орындарымен меморандум түзіліп, бірінші кезеңде 920 этнос жастарын қазақ тіліне базалық оқыту жоспарлануда.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, тіл білуінің арқасында жетістікке жеткен этнос өкілдері практика жүзінде тіл дағдысын үйренуі үшін пікір алмасатын болады.

Жалпы, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту бағытында бірнеше тың жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын, өнерлі жастарды қолдауға бағытталған «Ұлт үні» байқауын, «Қазақ дастарханы» конкурсын, мемлекеттік тілді меңгерген жастарды насихаттауға бағытталған «Ұлы даланың – Ұлтаралық тілі» іс-шарасын, «Мәміле», «Мен қазақша сөйлеймін», «Мың жүйрік» ағартушылық жобалары бар.

Заманауи білім беру технологияларын пайдалана отырып мемлекеттік тілді үйретуге арналған «YouTube» каналында «TILTANYM»  сабағы жүргізілуде, жастар арасында әңгімелесу клубы, сұқбаттар ұйымдастырылып келеді.

Әлеуметтік желіде мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге  және мемлекеттік тілдегі сауда орындарының атауларын насихаттауға бағытталған «Тілге құрмет – елге құрмет», қазақ халқының ұлы ақын-жазушылары мен зиялы қауым өкілдерін насихаттауға арналған «Ұлылар ұлағаты» челлендждері жүзеге асырылуда.

«Бірлік алаңы» жобасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға осылайша өзіндік үлесін қоспақ.

Республика күніне орай Шымкентте ашылған «бірлік алаңында» алғашқы дебат өтті
«Халық қатысатын бюджет» жобасы нәтижелі іске асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу