Нұрсұлтан НҰРДИНОВ: Ғылымның негізінде сенім, жауапкершілік, төзімділік және сабыр жатыр

Oinet.kz 17-07-2026

personel_656_672dc3335f4a2.jpg

     Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, PhD, Қауымдастырылған профессор: 

– Нұрсұлтан Сейсенбайұлы, ең алдымен, «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағыңыз құтты болсын! Бұл мәртебе сіз үшін нені білдіреді? Оған жету жолында қандай еңбек пен жауапкершілік жатыр?

– Көп рақмет, құттықтауыңызға! Мен үшін «Қауымдастырылған профессор (доцент)» ғылыми атағы – тек жеке жетістік немесе белгілі бір кезеңнің қорытындысы ғана емес, ғылым жолындағы үлкен жауапкершіліктің жаңа баспалдағы. Ғылыми бағытты саналы түрде таңдаған сәттен бастап, еліміздің ғылымын дамытуға өз үлесімді қосуға толықтай бет бұрдым. Осы жолда уақытпен санаспай, күндіз-түні еңбек етуге, үнемі ізденуге және өзімді дамытуға бел будым. Бүгінгі нәтижені сол еңбектің жемісі деп қабылдаймын.

Әрине, бұл жетістікке жалғыз өзім жеттім деп айта алмаймын. Халқымызда «Жалғыздың үні шықпас» деген терең мағыналы сөз бар. Ең алдымен, бұл – Алланың берген мүмкіндігі мен қолдауы. Сонымен қатар отбасымның түсіністігі мен демеуі, әріптестерімнің қолдауы және ұстаздарымның бағыт-бағдары мен үшін аса маңызды болды.

Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің менің ғылыми әрі кәсіби қалыптасуымдағы орны ерекше. Университет маған ғылыммен жүйелі түрде айналысуға, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық тәжірибе жинақтауға және өз әлеуетімді дамытуға мол мүмкіндік берді. Сондықтан бұл атақты өзімнің ғана емес, мені қолдаған отбасымның, әріптестерімнің және университетімнің де ортақ жетістігі деп санаймын.

Менің ойымша, ғылымда жетістікке жету үшін ең алдымен адамда таудай талап, шынайы ынта және тұрақты еңбек болуы керек. Ал бұл ғылыми атақ мен үшін мәреге жету емес, керісінше, еліміздің ғылымына бұдан да көп еңбек сіңіруге міндеттейтін жаңа жауапкершіліктің басталуы.

–  Университетте молекулалық биология мен медициналық генетика бағытындағы ғылыми зерттеулердің қазіргі деңгейіне қандай баға берер едіңіз? Бұл салада қандай тың жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Қазіргі таңда біз жүргізіп жатқан зерттеулердің басым бөлігі молекулалық биология мен медициналық генетикаға бағытталған. Себебі көптеген аурулардың клиникалық белгілері жақсы зерттелгенімен, олардың молекулалық-генетикалық ерекшеліктері, әсіресе, Қазақстан халқы мен біздің өңір тұрғындары арасында, әлі толық ашылған жоқ. Бүгінде әлемдік ғылым ауруларды жасушалық және генетикалық деңгейде зерттеуге басымдық беріп отыр. Сондықтан тұқым қуалайтын ерекшеліктерді анықтау диагностика мен емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы ғылыми тобымыз метаболизмдік синдромға арналған жобаны сәтті аяқтап, маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Қазір екі ірі генетикалық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Оның бірі – мен жетекшілік ететін Түркістан облысындағы дәріге төзімді эпилепсиямен ауыратын науқастардың генетикалық профилін зерттеу. Жоба аясында аурудың молекулалық себептері анықталып, генетикалық өзгерістер мен клиникалық көріністер арасындағы байланыс зерттелуде.

Екінші жоба – метаболизмдік синдром мен стоматологиялық денсаулықтың өзара байланысын зерттеуге арналған пәнаралық жұмыс. Бұл зерттеуде генетика, молекулалық биология, медицина және стоматология бағыттары біріктірілген. Сонымен қатар биыл генетика саласына қатысты екі ірі гранттық конкурсқа өтінім бердік. Қолдау тапқан жағдайда университетіміздегі молекулалық-генетикалық зерттеулердің ауқымы кеңейіп, халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға мүмкіндік туады.

Бұл жобалардың маңызы ғылыми мақалалармен ғана шектелмейді. Генетикалық бейімділікті ерте анықтау аурудың алдын алуға, диагноз қоюды жеделдетуге, емдеудің тиімділігін арттыруға және денсаулық сақтау шығындарын азайтуға ықпал етеді.

Жалпы, университетіміздегі молекулалық биология мен медициналық генетика саласы бүгінде қарқынды даму кезеңінде. Бізде білікті мамандар, заманауи зертханалар және ғылыми ізденіске деген үлкен ынта бар. Ендігі мақсат – осы мүмкіндіктерді нақты нәтижеге айналдырып, өңір халқының денсаулығына қызмет ететін зерттеулерді жүйелі түрде жалғастыру.

– Қазіргі стоматология саласында генетика мен молекулалық зерттеулердің рөлі артып келеді. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар алдағы жылдары стоматологиялық көмектің сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Стоматология саласының даму деңгейін белгілі бір дәрежеде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланыстыруға болады. Табысы төмен, күнделікті қажеттілігін әрең өтеп жүрген адам стоматологиялық емді кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Ал халықтың әл-ауқаты жақсарып, табысы артқан сайын адамдар тіс саулығына, эстетикаға және сапалы емге көбірек көңіл бөледі. Сондықтан елдегі стоматологиялық қызметке деген сұраныстың артуы – қоғамның тұрмыс деңгейінің жақсаруының да бір көрсеткіші.

Алайда стоматологияның шынайы дамуы тек пломба салу, протездеу немесе брекет орнату сияқты классикалық қызметтердің көбеюімен өлшенбеуі тиіс. Біздің салада кейбір мамандар дәстүрлі әдістер арқылы тұрақты әрі жоғары табыс тауып жүргендіктен, өз білімін үздіксіз жетілдіруге, ғылыми ізденіске немесе жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге асықпай жатады. Өйткені білім алу мен жаңа әдісті меңгеру көп уақытты, күш-жігерді және табандылықты талап етеді. Халқымыз «Білім – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Ал маман сол уақыт ішінде өзінің қалыптасқан жұмыс тәртібінен немесе табысынан айырылып қалудан қауіптенуі мүмкін.

Осының салдарынан стоматологияның кейбір бағыттарында кадрлардың біліктілігі, ғылыми белсенділігі және жаңа тәжірибелерді енгізу қарқыны жеткіліксіз болып отыр. Ғылыми орта қалыптаспайынша, сапалы жобалар, халықаралық мақалалар, дәйексөз көрсеткіштері мен өзге де ғылыми нәтижелердің жоғары болуы қиын. Сондықтан стоматологиялық білім беру мен ғылымға елеулі реформалар қажет деп есептеймін.

Ал генетика мен молекулалық зерттеулерді стоматологияға енгізу аурудың пайда болу қаупін алдын ала бағалауға, кариеске, пародонт ауруларына, тіс-жақ аномалияларына бейімділікті анықтауға және әр пациентке дербестендірілген ем таңдауға мүмкіндік береді. Болашақ стоматологиясы тек зақымдалған тісті емдеумен шектелмей, аурудың алдын алуға және оның молекулалық себептерін анықтауға бағытталуы тиіс.

 Егер маған болашақта мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға мүмкіндік берілсе, ғылым мен білімнің осындай әлсіз тұстарын ерекше назарға алып, әр мәселені лупамен қарағандай терең зерттер едім. Дегенмен елімізде бұл саланың болашағы бар және алдағы уақытта стоматология ғылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.

– Ғылыми зерттеу барысында есте ерекше қалған қиындық немесе күтпеген жаңалық болды ма?

– Әрине, мұндай жағдайлар аз болған жоқ. Ғылыми зерттеудің дизайны мен жоспарын алдын ала мұқият құрастырғанымызбен, тәжірибе барысында бәрі қағаздағыдай жүзеге аса бермейді. Міндетті түрде күтпеген кедергілер мен форс-мажорлық жағдайлар кездеседі. Меніңше, нағыз зерттеушінің табандылығы дәл осындай сәттерде сыналады.

Бір ғылыми жобамыздың маңызды кезеңін Түркиядағы зертханада орындауға тура келді. Ол үшін Қазақстанда оқшауланған ДНҚ үлгілерін сапасын жоғалтпай, белгіленген жерге жеткізу қажет болды. Генетикалық материал өте сезімтал болғандықтан, оны арнайы мұздатқыш қаптамалармен орап, суық тізбекті үзбей тасымалдау керек еді. Әуежайдағы рәсімдер, жол ұзақтығы және материалдың бұзылып кету қаупі бізге үлкен психологиялық салмақ түсірді.

Қазір сол кезеңді еске алсам, ғылым жолындағы нағыз жанкештілік болғанын түсінемін. Бір жағынан, жылдар бойы атқарылған еңбектің нәтижесі сол үлгілерге байланысты болса, екінші жағынан, шетелге ғылыми материал жеткізудің жауапкершілігі де өте жоғары еді. Бақытымызға қарай, қажетті материалдар зертханаға аман-есен жетіп, жоспарланған зерттеу сәтті орындалды. Кейін сол еңбектің нәтижесінде ғылыми мақалалар, оқу басылымдары және басқа да пайдалы ғылыми өнімдер дайындалды. Мұның барлығына шүкіршілік етемін.

Зерттеу барысында кездесетін тағы бір үлкен қиындық – пациенттермен жұмыс істеу. Генетикалық және молекулалық зерттеуде әрбір пациент, әрбір қан немесе биологиялық үлгі біз үшін өте құнды. Кейде пациентке зерттеудің маңызын ұзақ түсіндіріп, ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін қан үлгісін алу мүмкін болмай қалады. Кейде пациент соңғы сәтте зерттеуге қатысудан бас тартады.

Мұндай кезде зерттеуші ретінде шарасыздық сезімін бастан өткересіз. Әсіресе сол пациенттің клиникалық жағдайы зерттеу үшін ерекше маңызды болса, оның деректері жұмысыңыздың ғылыми құндылығын арттыра алатынын түсінесіз. Кейін де: «Сол пациент зерттеуге қатысқанда, нәтижеміз бұдан да толық болар ма еді?» деген ой көңіл түкпірінде қалып қояды. Дегенмен пациенттің таңдауын құрметтеу – ғылымдағы ең басты этикалық қағидалардың бірі.

Осындай жағдайлар маған ғылымның тек зертханалық тәжірибе, биологиялық материал немесе статистикалық көрсеткіштерден тұрмайтынын үйретті. Ғылымның негізінде адам сенімі, жауапкершілік, төзімділік және үлкен сабыр жатыр. Кейде ең маңызды жаңалықты зерттеу нәтижесінен ғана емес, сол нәтижеге жету жолынан да табасың.

 –  Сізді тек ғалым ғана емес, өнерге жақын жан ретінде де танимыз. «Тұран дауысы» байқауында Бас жүлде иелендіңіз. Музыканың өміріңіздегі орны қандай?

– Музыканың менің өмірімдегі орны ерекше. Марқұм әкем ән айтып, домбыра тартатын. Сол өнерге деген сүйіспеншілік маған да дарыған шығар. Қандай ортада болсам да ән айтып, адамдардың көңіл күйін көтеруге тырысамын. Музыка – мен үшін жай ғана хобби емес, әкемнен қалған рухани мұра.

Шынымды айтсам, егер генетика саласын таңдамағанда, консерваторияға түсіп, кәсіби музыкамен айналысуым да мүмкін еді. Бала кезімнен түрлі байқауларға қатыстым, бірақ көп жағдайда жүлдеге іліге алмадым. Соған қарамастан өнерге деген қызығушылығым ешқашан бәсеңдеген жоқ. Кейін «Музорда» және «Нұрсері» топтарының құрамында ән айтып, түрлі шығармашылық жобаларға қатыстым.

«Тұран дауысы» байқауында Бас жүлде иелену мен үшін ерекше қуаныш болды. Оны бала күнгі орындалмай қалған арманның орындалуы деп қабылдадым. Арнайы музыкалық білімім болмаса да, бұл Алланың берген табиғи таланты деп есептеймін.

Ғылым мен өнер бір-біріне кедергі емес. Ғылым ақыл-ойымды шыңдаса, музыка жан дүниемді тынықтырады. Сондықтан бұл екеуін менің өмірімді толықтырып тұрған қос қанатым деп санаймын.

– Алдағы уақытта қандай ғылыми жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз? Қазақстан ғылымына қандай үлес қосуды армандайсыз?

– Өте маңызды сұрақ. Менің негізгі ғылыми бағытым – онкология. Докторлық диссертациялық жұмысым да ми ісіктерін молекулалық деңгейде зерттеуге арналған болатын. Алайда Қазақстанға оралғаннан кейін ғылыми жұмыстарды жалғастыру үшін түрлі мүмкіндіктер іздеп, эпилепсия, метаболизмдік синдром және басқа да медициналық-генетикалық бағыттардағы зерттеулерге араластым.

Шынымды айтсам, мұны өз бағытымнан алыстау деп емес, ғылыми тәжірибемді кеңейткен кезең деп қабылдаймын. Әртүрлі аурулардың генетикалық және молекулалық негіздерін зерттеу маған жаңа әдістерді меңгеруге, пәнаралық топтармен жұмыс істеуге және медициналық мәселелерге кеңірек көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Сондықтан өткен жолыма өкінбеймін.

Дегенмен алдағы уақытта өзімнің негізгі бағытыма қайта оралып, онкологиялық ауруларды молекулалық-генетикалық тұрғыдан зерттеуге арналған ірі жоба ұсынуды жоспарлап отырмын. Әсіресе ми ісіктерінің пайда болу механизмдерін, молекулалық маркерлерін, ерте диагностикасы мен дербестендірілген ем мүмкіндіктерін зерттеу мен үшін әлі де аса маңызды.

Қазақстанда көптеген онкологиялық аурулардың клиникалық қырлары зерттелгенімен, олардың молекулалық және генетикалық ерекшеліктеріне қатысты әлі де толықтыратын тұстар бар. Менің арманым – осы олқылықтардың орнын толтыруға, халықаралық деңгейде мойындалатын зерттеулер жүргізуге және алынған нәтижелерді нақты клиникалық тәжірибеге енгізуге үлес қосу.

Сонымен қатар өзім ғана нәтиже көрсетумен шектелмей, молекулалық биология мен медициналық генетикаға қызығатын жас ғалымдарды тәрбиелеп, тұрақты ғылыми мектеп қалыптастырғым келеді. Қазақстан ғылымына қосатын ең үлкен үлесім – елімізде орындалатын сапалы зерттеулер, білікті жас мамандар және пациенттердің өміріне нақты пайда әкелетін ғылыми нәтижелер болса деп армандаймын.

Әңгімелескен – Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Амина АБУШАХМА: Әлемдік тәжірибені ел игілігіне пайдаланғым келеді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу