«Қаз қонақ» - қараусыз қалған бренд

Oinet.kz 14-04-2019 1502

Screenshot_23.jpg

Осыдан ондаған миллион жылдар бұрын Ертіс өзенінің Кереку өңірі қазіргі Африкадай болған. Африканың бастауы осы аумақ болған, яғни бүгінгі Кереку жері. Ғалымдардың айтуынша, ол жерде кәдімгі лавр, банан, пальма ағаштары өсіпті. Павлодар шаһарының іргесіндегі Ертіс өзенінің жағасынан табылған көптеген тропикалық аңдардың қаңқалары осыны айғақтайды. Мамонт, керік (жираф), түйеқұс,мүйізтұмсық - хилотерий, гиенаныайтпағанда бүгінде жойылып кеткен үш бақайлы гиппарион жылқысы мен қанжар тісті жолбарыс- махайродтың мекен еткені рас. Бұл төңіректе теңіз болған деп болжам айтады мамандар. Оған да дәлелдер бар. Осы жерден табылған қазіргі итбалық тұқымдас жануарларға ұқсас хайуандардың қаңқалары соны айғақтайды. 

Мамандардың айтуынша, Кайназой дәуірінде өмір сүрген аң-құстардың жаппай қырылуы немесе олардың мекен ауыстыруы климаттың күрт өзгеріске ұшырауынан. Әлемде бұл жаңалықты алғаш рет 1928 жылы Ресей ғалымы Юрий Орлов ашты. Арада бір жылдан кейін «зерттейміз» - деген желеумен Ертіс жағасынан 16 тонна аң сүйектірін арнайы экспедиция Мәскеуге артып кетті. Алғашқы жүргізілген қазба жұмыстары бұл құндылықтардың баға жетпес байлық екенін көрсетті. Солтүстік өңірге жататын Павлодар жерінен тропикалық аң-құстар қаңқасының табылуы әлем назарын аударды. Қазір мұндай табиғат сыйы жер бетінде жоқтың қасы. 1971-ші жылы «Қаз қонақ» (кей деректерде «Құс өткелі» орысша - атауы «Гусиный перелёт» - Е.С) республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштердің қатарына қосылды. Сол кезде-ақ бұл жерге ашық аспан астындағы мұражай салу жоспарланған-ды. Алайда келмеске кеткен Совет үкіметімен бірге ол да, «жабулы қазан жабулы күйінде қала берді». Арада отыз жылдан кейін «Қаз қонақты» тәуелсіз Қазақстанның табиғат байлықтарының тізіміне енгізді. Арадағы апыр-топырдан кейін 2001-ші жылы «Қаз қонаққа» «Егемен Қазақстанның табиғат ескерткіші» деген мәртебе берілді. Ауызды көпіртіп ашық аспан астындағы мұражай-саябақ жасаймыз деді. Алайда, айтылған сөз атылған оқ болып қалды да, әйгілі ескерткіш бүгінгі күні жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Құжат жүзінде «ерекше қорғалады» дегені болмаса, қазір бұл жер, қалалықтардың қоқыс төгетін орнымен желіккен жастардың жын ойнағына айналған. Әлемде теңдесі жоқ табиғат сыйы бас көз болатын биліктің жоқтығынан құрып барады. Әрине, жергілікті халық бұл жердің құндылығын біле бермейді. Оның үстіне, аумақтың айналасы қоршалып белгілер қойылмаған соң, бұл жер жын ойнаққа айналғаны жасырын емес. Егер бұл аумақты қоршап, кезінде осы өлкені мекен еткен аң-құстардың бейнесін орнатып сая-бақ жасаса немесе ашық аспан астындағы мұражай тұрғызса, тек қана Павлодар емес, Қазақстанның атын әлемге тағы бір ерекшелігімен көрсетіп, (әрине жақсы жағымен) туристер тартатын брэнд болары анық. Қайбір жылдары Жапондықтар ашық аспан астындағы мұражай салып берейік деп ұсыныс айтқан. Деседе, бұл әңгіме де сиырқұймышақтанып сұйылып кетті. Бірақ олар да ертеңгі күні өз қамдарын ойлап отырмасына кім кепіл. Тіпті, туристерді айтпағанда жергілікті тұрғындар бұл жерді мақтан тұтып, саябақта серуен құрар еді. Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметовтің айтуынша, «Қаз қонаққа» қарау болмаған соң ол жердегі сүйектерді су шайып, Ертіс бойымен ағызып әкетіп жатыр. Суық қолды қарақшылар да жоқ емес. Қазір ғаламтордағы «қара базарда» палентологиялық ескерткіштерді сатамыз дегенде кездесіп жүр. Мамандар, бақылау болмаған соң қара ниеттілердің «Қаз қонақтағы» қаңқаларға қол салып жүргенін жасырмайды. Жақында Павлодардағы «География үйі» қоғамдық бірлестігі,шаһардан 40 шақырым жердегі Жаңа қала ауылы тұсынан тропикалық жан-жануарлардың 19 дана сүйек бөлшектерін тапты.Демек, Ертіс бойын әлі де зерттеп қазатын болса неше түрлі жәдігерлердің табылатыны анық. Сол себепті, еліміздің беймәлім бренді болып қалған «Қаз қонақты» қаперге алып, қайтадан зерттеулер жүргізу қажет-ақ. Павлодар облысының қазіргі билігі осыған бір назар аударар деген үмітте жоқ емес.

Мұрағаттан: 07.08.2014


Керекуді Баян батыр ескерткіші қорғайды
Таразда ЮНЕСКО үшін тарту көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу