Таразда ЮНЕСКО үшін тарту көп

Oinet.kz 15-04-2019 956

Screenshot_18.jpg

ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың бірінші аймақаралық жиынында Қазақстаның 33 тарихи ескерткіші («Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» аталымы бойынша) бүкіләлемдік мұра тізіміне қосылды. Сол асыл мұраның ішінде  қазақ жеріндегі ежелгі тарихқа бай өңірлердің бірі Жамбыл облысынан бес бірдей тарихи нысан бар. Олар: Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас қалалары. «Ежелгі Тараздың ескерткіштері» тарихи-мәдени мұражай қорығының директоры Тәкен Молдақыновтың айтуынша, осы нысандарда археологиялық қазбалар кезінде ежелгі заманда сауда айналымының өркендегенін дәлелдейтін көптеген артефактілер табылған. 

           Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Ақтөбе қалашығы болжаммен орта ғасырдағы Баласағұн қаласы деп саналады. Археологиялық қазбалар кезінде мұнда сарай кешені мен тұрғын үй құрылыстарының фрагменттері көптеп табылған. Ал VIII-IX ғасырларда салынған қызықты әрі құпиялы орындардың бірі Ақыртас қаласы  соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуынан мамандар қаланы шартты түрде Ақыртас деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Археолог Т.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған.

 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас VIII-XI ғасырлардағы Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас. Ақыртас VIII ғасырдың II-жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін. Бірақ, құрылыс белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы осы Ақыртас болуы мүмкін. Сондай-ақ,  Ұлы Жібек жолындағы ірі мәдени-сауда орталығы болған ежелгі Құлан қаласы шахристан үлгісінде салынған. Зерттеулер барысында қаланың   ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабат іздері байқалған. Археологиялық қазбалардан  қала орнынан ыдыстар – құман, қазан, құмыра, қақпақ, саптаяқ, шырағдан тағы басқа жәдігерлер табылған. Сондай-ақ  Қостөбе, Өрнек қалашықтарын қазу кезінде жүзімді өңдеу шеберханасы, күйдірген сары балшықтан қашап жасалған ғибадатхана, ортағысырлық мешіт табылған.             

            «Тараз – Ұлы Жібек жолының ірі түйіні, Батыс Түрік қағанатының алғашқы мемлекеттерінің саяси орталығы болған. Бүгінгі күні құпиясын әлі толық аша қоймаған  жоғарыда аталған қалашықтардың тарихтағы орны бөлек, сондықтан да ЮНЕСКО тізімге енуге әбден лайықты. Нысандарды зерттеп, реттеп, көрнекілеп туристерді тарту жұмыстарына бұған дейін де жергілікті билік көңіл бөліп келген. Мәселен Орта Азияда тең келмейтін, тек тастан соғылған Ақыртас қалашығына  жол салу биылғы жылдың жоспарына енді», – дейді Тәкен Молдақынов. 

       Еске сала кетейік, 2012 жылы Тараздың бұрынғы орталық базарының аумағында ежелгі Тараз қаласының қазба жұмыстары басталған болатын. Жақында ғана Қытай археологтары көмекке келіп, қазба жұмыстарын қыз-қыз қайнап жатыр. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қадағалауымен жүзеге асып жатқан жұмыстың нәтижесінде мұнда алдағы уақытта «Ашық аспан астындағы музей» құрылмақ. Осындай жәдігерлердің қатарына қосылып отырған бес бірдей нысан енді ЮНЕСКО-ның қамқорлығында. Ал ЮНЕСКО тарапынан мұндай құнды­лықтар айрықша қадағаланады. Тізімге алынған тарихи ғимаратта мәселен қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, олардың сақталуы қалай деген мәселе дәл осы ұйым сарапшыларының басты назарында. Мысал ретінде айтсақ, бүкіләлемдік мұра тізімге енген  Тамғалытасқа кезінде  қоршау жасатып, мұражайға айналдырған осы ЮНЕСКО. Яғни, Тараз жеріндегі тізімге енген «бестіктің» болашақта тарихтың тірі куәгеріне айналып, өзіміз және шетелдіктер қызығатын ірі музейге айналуы бек мүмкін. Бұл әрине, Жамбыл облысының туризм саласына да едәуір әсер ететіні сөзсіз. 

 Сөз орайы келіп тұрғанда ЮНЕСКО туралы азды-көпті бір ауыз сөз айта кетсек,   1945 жылы құрылған  Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымына (ЮНЕСКО) бүгінде 193 мемлекет мүше. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылы қабылданған. Аталған ұйымның негізгі мақсаты — бейбітшілік пен қауіпсіздікті елдердің білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын БҰҰ Қаулысында айтылғандай жалпыға бірдей құрметпен қарап, әділеттілік пен заңдардың орындалуын, адам құқығы, әрі негізгі бостандықтар негізінде барлық елге, түрі-түсіне, жынысына, тілі мен дініне қарамастан қамтамасыз ету арқылы нығайту. Ғылым мен мәдениетке баса көңіл бөлетін ЮНЕСКО тарихи жәдігерлерді қорғауды да өз мойнына алған. Қазақстанның ЮНЕСКО-мен осы салада бірігіп жұмыс істеу нәтижесінде Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасынының үш көрнекті ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.  Сол үштіктің алғашқысы болып 2003 жылы – «Қожа Ахмет Яссауи Кесенесі» енді, араға бір жыл салып 2004 жылы – «Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтары» және 2008 жылы «Сары-Арқа –Солтүстік Қазақстан далалары мен көлдері» номинациясы шеңберінде Қорғалжын және Наурызым қорықтары енген болатын. 

Мұрағаттан: 28.08.2014


«Қаз қонақ» - қараусыз қалған бренд
Ақтауда атом электр стансасы салынбайтын болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу