Мемлекет басшысы ауылдағы оң өзгерістерге тоқталды
«Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды.

2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті.
Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.
Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек».
Ауыл – елдің мәдениеті мен салт-дәстүрінің қайнары, ұлттық бірегейліктің негізі. Сонымен қатар, ауыл – еліміздің аграрлық секторының тірегі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды аймақ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейту – Қазақстанның тұрақты дамуы мен экономикалық өркендеуінің басты кепілі болып табылады.
Себебі, ауыл шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Жергілікті өнім өндіруді арттыру арқылы импортқа тәуелділік азаяды, бұл елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Ауылдағы жұмыс орындарын көбейтіп, кәсіпкерлік қызметті қолдау – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ал, ауылдағы инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сүру деңгейін көтерудің маңызды факторы. Жол, су, электр жарығы, білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырады. Жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді енгізу арқылы еңбек өнімділігі артып, ауылдық жерлердің әлеуеті толық ашылады.


