Қазақы тазы Болоньяда өтетін World Dog Show 2026 көрмесінде таныстырылады

Oinet.kz 06-06-2026

2026 жылғы 2–7 маусым аралығында әлемдік кинологиялық қауымдастықтың назары Болонья қаласына аумақ: мұнда халықаралық кинологиядағы ең маңызды оқиғалардың бірі — World Dog Show 2026 Дүниежүзілік иттер көрмесі өтеді.

1000617186.jpg

Қазақстан үшін World Dog Show 2026 көрмесіне қатысудың маңызы ерекше: әлемдік кинологияның басты алаңдарының бірінде 2024 жылы FCI Халықаралық кинологиялық федерациясы тарапынан алдын ала танылған ұлттық тұқым — қазақы тазы таныстырылады. Қазақстан кинологтар одағының осы іс-шараға қатысуы тұқымды түпкілікті халықаралық тануға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі болмақ.

2 маусымда өтетін FCI судьяларының IV дүниежүзілік конгресіне қатысу Қазақстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл — әлемнің түкпір-түкпірінен төреші-сарапшылар жиналатын кәсіби алаң. Қазақстан кинологтар одағы үшін бұл халықаралық төрешілер корпусымен бір кәсіби форматта жұмыс жүргізіп, әртүрлі елдердің судья-сарапшыларына қазақы тазы туралы негізгі білімді жеткізудің сирек әрі өте маңызды мүмкіндігі. Өйткені алдағы уақытта дәл осы мамандар қазақы тазыны ірі әлемдік көрмелерде бағалайтын болады.

Конгресс аясында Қазақстан кинологтар одағы қазақы тазыға арналған арнайы дәріс өткізеді. Баяндама барысында тұқымның тарихы, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен байланысы, тазының функционалдық мақсаты, сондай-ақ оның бірегей типін айқындайтын негізгі тұқымдық ерекшеліктері таныстырылады. Ерекше назар тұқымдық типке, экстерьерге, тән қозғалыстарға, темпераментке және рингтегі сараптамалық бағалау кезінде басты маңызы бар басқа да ерекшеліктерге аударылады.

Мұндай формат тұқымды жай ғана таныстыруға емес, FCI сарапшылары арасында қазақы тазы туралы дұрыс кәсіби түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл алдын ала халықаралық тану кезеңінде аса маңызды, өйткені тұқымның әлемдік аренадағы әрбір таныстырылымы оның әрі қарай қабылдануына, дамуына және түпкілікті танылуына ықпал етеді.

Халықаралық төрешілер корпусымен кәсіби жұмыс жүргізілгеннен кейін қазақы тазыны таныстыру кең аудиторияға бағытталған форматта жалғасады. 3–7 маусым аралығында World Dog Show 2026 аясында Қазақстан кинологтар одағының қазақы тазыға арналған презентациялық стенді жұмыс істейтін болады.

Презентациялық іс-шаралармен қатар ең жауапты көрмелік кезең — қазақы тазылардың рингке шығуы басталады. 5 және 6 маусым күндері тұқымның он екі өкілі халықаралық сарапшылар мен көрермендердің алдында жоғары бағалар мен титулдар үшін бақ сынап, өз сұлулығын және тазыны Қазақстанның танымал ұлттық тұқымы ететін ерекше болмысын көрсетеді.

5 маусымда қазақы тазы World Dog Show көрме бағдарламасының маңызды іс-шаралары — Club Show және ENCI Winner аясында таныстырылады.

6 маусымда қатысу Дүниежүзілік көрменің негізгі бағдарламасында жалғасады. Сол күні қазақы тазы әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинологиялық қауымдастықтың назарын аударатын жарқын халықаралық шоу — TOP Dog 2026 алаңында да ұсынылады.

TOP Dog 2026 — кең аудиторияға, медиаға және халықаралық көрме қауымдастығына бағытталған әсерлі көрсетілім. Алдын ала халықаралық тану кезеңінде тұрған қазақы тазы үшін мұндай алаңның құндылығы ерекше. Бүгінде тұқымды әрі қарай ілгерілету үшін тек сараптамалық бағалар алу ғана емес, оның әлемде танымал бола түсуі де маңызды.

TOP Dog 2026 қазақы тазыға кәсіби сараптамалық бағалау шеңберінен шығып, кең халықаралық аудиторияға жарқын әрі эмоциялық форматта ұсынылуға мүмкіндік береді. Бұл алаңда тұқым Қазақстанның мәдени кодының тірі бір бөлігі ретінде — танымал, өзіндік болмысы бар және жаһандық аренада өз орнын алуға лайық тұқым ретінде көріне алады.

Еске сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын — тазы мен төбетті сақтау және дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүйелі түрде дамып келеді. 2023 жылғы 3 қаңтарда осы жұмыстың құқықтық негізін бекіткен Қазақстан Республикасының қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі Заңы қабылданды.

2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI «Қазақы тазы» тұқымын алдын ала негізде танып, Қазақстанға тұқымның шыққан елі мәртебесін бекітті. Енді белгіленген кезең ішінде — кемінде 10 жыл бойы — Қазақстанға тұқымды дамытуды, түпкілікті тануға қажетті асыл тұқымдық және өзге де деректерді жинауды жалғастыру қажет.

Қазақстан кинологтар одағы

Уақыты: 2026 жылғы 2–7 маусым

Өтетін орны: BolognaFiere көрме орталығы, 30-холл, B26-C25 стенді, Viale della Fiera, 20, 40128, Болонья, Италия

БАҚ аккредитациясы: Болысбай Іңкәр Мақсатқызы, тел.: +7 775 284 91 71

Жеткіліктілік шектерін көтеру қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталған
Казахский тазы будет представлен на World Dog Show 2026 в Болонье
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу