Базалық зейнетақы дегеніміз не және оның көлемі қалай анықталады.

Oinet.kz 12-06-2026

Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ең маңызды элементтердің бірі – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі. Бұл төлем елдегі экономикалық өзгерістер мен инфляция деңгейіне байланысты жыл сайын индекстеліп, өсіп отырады.

Мақалада базалық зейнетақының мәні, оның көлемі қалай есептелетіні және биылғы басты өзгерістер туралы баяндалады.

Базалық зейнетақы төлемі — бұл еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржы көлеміне қарамастан, зейнет жасына жеткен барлық Қазақстан азаматтарына мемлекет тарапынан берілетін  ақшалай көмек.

Базалық зейнетақының мөлшері бірегей теңдестіру принципіне негізделген: ол адамның зейнетақы жүйесіндегі жалпы қатысу өтіліне тікелей байланысты. Бұл өтілге 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі де, 1998 жылдан кейінгі БЖЗҚ-ға аударылған міндетті зейнетақы жарналарының мерзімі де кіреді.

Жүйе азаматтарды ресми жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында құрылған.

Бүгінгі таңда базалық  зейнетақы   төлемін  есептеу ережесі  төмендегідей сараланған :

1. Ең төменгі мөлшер (70%): Жүйедегі еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 70%-ы (50851 х 70% =35 596 теңге) төленеді.

2. Өсім қадамы (әр жылға 2%): 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін төлем мөлшері 2%-ға артып отырады.

3. Ең жоғары мөлшер (110%): Жүйеге қатысу өтілі 34 жыл және одан көп азаматтар үшін төлем ең жоғары шегіне жетіп, ең төменгі күнкөріс деңгейінің  (ЕТКД) 110%-ын (60 005 теңге) құрайды.

Бұл жүйе еңбек өтілі көп азаматтардың еңбегін лайықты бағалап, оларға жоғарырақ төлем беру арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділдік принципін толық қолдайды.

 Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау мақсатында базалық зейнетақыны жыл сайын арттырып келеді. Инфляция деңгейін ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты зейнеткерлердің алатын бұл төлемі де тұрақты түрде қайта есептеледі.

Бұл егде жастағы азаматтардың сатып алу қабілетін сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Тағы бір айта кететтін маңызды жағдай, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір айда бірнеше міндетті зейнетақы жарналары аударылған жағдайда, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Басқаша айтқанда, маңыздысы аударымдар саны емес, қатысудың жүйелілігі мен ұзақтығы.

Неліктен жарналарды жүйелі түрде төлеу маңызды, себебі   міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым дәйекті және толық төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемі соғұрлым жоғары болады .

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VІІ Әлеуметтік Кодексінің 199 бабына сәйкес  мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жүгінген күннен бастап жүргізіледі. Өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.

Зейнет жасына толған азаматтар базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) немесе «электрондық үкімет» (egov.kz) порталы арқылы өтініш бере алады. Төлем зейнеткерлік жасқа толған күннен бастап есептеледі.

Қорыта айтқанда, базалық зейнетақы төлемі — бұл елдің тұрақтылығы мен әрбір отбасының әл-ауқатын қорғайтын берік әлеуметтік қалқан.

 С.Өксікбаева

 Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы

 реттеу және бақылау комитетінің

Шымкент қаласы бойынша департаментінің

№1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру

бөлімінің бас маман

Иорданиялық блогер Каспий жағалауындағы құтқарушылар жұмысына жоғары баға берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу