​Шымкент мұнай өңдеу зауыты Еуро-4, Еуро-5 бензинін шығаруға сақадай сай

Oinet.kz 20-06-2017 1056

Screenshot_1.jpg

Мұнай – Қазақстанның жер асты байлықтарының бірі. Әлем елдерінде сирек кездесетін қара алтынды өндірумен бүгінде республикада үш зауыт айналысады. Сонымен қатар жалпы мұнай өңдеу қуаты орта есеппен 1,4 миллион тоннаны құрайтын 32 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Солардың ішіндегі ең жасы әрі белсендісі Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Н.Назарбаев өз сөзінде «Мұнай өңдіру және оны қайта өндеу көлемін арттыру қажет. Бұл үшін біз мұнай өңдейтін үш зауытымыз жұмыс істеу керек»,- деп атап өткен болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда аталған өндіріс орнында жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған зауыттағы модернизацияның басты мақсаты да осы - өнім көлемін арттыру. Жоба екі кезеңнен тұрады. Өткен аптада «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының ұжымы бірінші кезеңге жататын мұнай өнімдерін нүктелік (саңылаусыз) құятын автоматтандырылған қондырғыны іске қосты. Республикадағы алғашқы әрі бірегей  қондырғыда алдын ала іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп, қондырғы сынаудан өткізілді. Яғни бензиннің алғашқы партиясы қабылданып, өнім вагон-цистерналарға құйылды. Сондай-ақ, зауыт мамандары көбікпен және газбен өрт сөндіру жүйелерін, динамикалық жабдықтарының электрлік схемаларын, технологиялық процестерді автоматты басқару жүйелерін және бақылау-өлшеу аспаптарын тексеруден өткізді. «Көмірсутекті буларды рекуперациялайтын блогы бар жаңа қондырғы экологиялық талаптарды ескере отырып жобаланып, салынған. Қондырғы технологиясы жолдың екі бөлек нүктелері бойынша мұнай өнімдерін вагон-цистерналарға әр қайсысы телескопиялық жабдықтар арқылы сағатына 730 текше метр өнімділікпен саңылаусыз құюды қамтамасыз етеді. Мұнда екі шойын жол бар. Жоба бойынша әр теміржолға 28 вагоннан сыяды. Сонда қондырғы  бір мезетте 56 вагонды қабылдай алады. Бұл технология көмірсутек буларының атмосфераға тарауын болдырмайды. Сондай-ақ жұмысшылардың уақытын үнемдеп, денсаулықтарына зиян келтірмейді»,- дейді дайын өнімдерді жөнелту және шикізатты есепке алу бөлімінің бастығы Болатбек Жолдасов. Өнімдерді цистернаға құю процесі бұған дейін тек жұмысшылардың қолымен жасалатын. Әрі алпыс тонналық бір вагонды толтыруға мұнайшылар бір сағаттай уақыт жоғалтатын. Ал қазір барлығы автоматтандырылған және барлық процесс компьютер арқылы бақыланып отырады. Бұл жұмыс үш операторға жүктелген. «Қазіргі таңда вагондарға бензиннің үш маркасын атап айтқанда АИ 80, 92, 96 бензинін құйып жатырмыз. Бір мезгілде екі түрлі өнімді құя алатын мүмкіндігіміз бар. Бір цистерна шамамен 10 минутта толады. Жаңа қондырғы компанияға шығынсыз әрі қарқынды жұмыс істеуге жол ашып отыр. Сондай-ақ ол құюды берілген массаға сәйкес орныдауға, мұнай өнімінің цистернаның ернеуінен асып кетпеуіне жол бермейді»,- дейді тауарлы-көлік цехының бастығы Құлпынай Майқараева.  Әзірге республикада алғаш болып жемісті іске қосылған қондырғының бензин құю бойынша қуаты жылына 2,5 миллион тоннаны құрайды және оның қуаты келешекте авиакеросин бойынша жылына 0,5 миллион тоннаға, дизель отыны бойынша жылына 2 миллион  тоннаға кеңейтілетін болады.

Нәтижесін бере бастаған модернизация жұмыстары барысында мұнда осының алдында дизель отынын гидротазалайтын, күкірт өндіретін жаңа қондырғылар мен жаңа газ-алау қондырғысы іске қосылған болатын. Зауытты жаңғырту жобасының бірінші кезеңінің ірі технологиялық нысаны - шикізатты алдын ала гидротазалайтын блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысы да іске қосылуға дайын тұр. Нысан іске қосылғаннан кейін кепілді пайдалану көрсеткіштеріне қол жеткізіліп, 2017 жылы К4, К5 экологиялық кластағы (Евро-4, Евро-5 аналогы) жоғары октанды бензиндер мен дизель отыны алынатын болады және жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 460 мың тоннаға, дизель отынын өндіру жылына 226 мың тоннаға, авиаотынды өндіру жылына 27 мың тоннаға артатын болады. Бұл өз кезегінде елімізде бензин тапшылығын жоюға және Ресейге тәуелділіктен арылтуға септігін тигізбек. 

Зауытта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңінінің де аяқалысы жаман емес. Мамандардың айтуынша  жобаның екінші кезеңі зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 5,25 миллион тоннадан 6 миллион тоннаға дейін арттыруға және шикізатты өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған. Екінші кезең технологиялық тұрғыдан күрделі болып келеді және жоғары октанды моторлы отындарды алатын, қуаты жылына 2,0 миллион тонна мұнайды терең өңдейтін каталитикалық крекинг қондырғысы кешенін салуды қарастырады. Жоба аяқталғанда зауытта жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отынын өндіру жылына 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотынды өндіру жылына 400 мың тоннаға дейін, ал зауыт өнімдерінің ҚР нарығындағы үлесі 35%-ға дейін артатын болады деп күтілуде. Жалпы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы бойынша 11 технологиялық қондырғыны және жалпы зауыт шаруашылығының 29 нысанын салу және реконструкциялау қарастырылған. 

Осылайша  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы жас та болса мұнай өңдеу саласында инновациялық тың технологияға көшкен бірегей зауыт болып тұр.

Тоқаев: «Қазақстан өңірдегі кибер мемлекетке айналуы тиіс»
​Тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығы – «Рейтингте»!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу