Шымкент қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар

Oinet.kz 03-04-2020 744

Қаулы                                                                                 Постановление 

02.04.2020ж                                                                                    №9                         

Шымкент қаласының  аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы

Мен, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Абдиманап Кошкарович Тулебаев, «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-1-бабы 1-тармағы 13 тармақшасына, Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның 01.04.2020 жылғы №8 хаттамасына сәйкес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу, сондай-ақ, Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияның анықталу жағдайларының ұлғаюына байланысты, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 04 сәуірі сағат 21:00-ден Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдай аяқталғанға дейін карантин енгізілсін.

2. Карантин кезеңінде тоқтатылсын:

2.1.Осы Қаулының №1 қосымшасына сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, барлық ұйымдардың (меншік түріне қарамастан) қызметін;

2.2. Қоғамдық орындардың жұмыс істеуі: саябақтар, скверлер, жағалаулар, балалардың көшедегі ойын алаңдары және азаматтардың басқа да демалыс орындары.

3. Осы Қаулының №2, №3 қосымшаларына сәйкес азаматтарды, ұйымдарды қоспағанда, азаматтардың (оның ішінде жаяу тәртіппен) және көлік құралдарының барлық түрлерінің Шымкент қаласына кіруіне және Шымкент қаласынан шығуына тыйым салынсын.

4. Шымкент қаласында қоғамдық көліктің жұмыс кестесі сағат 07:00-ден 19:00-ге дейін белгіленсін. Маршруттағы шағын автобустар уақытша автобустарға ауыстырылсын. 

5. Шымкент қаласының әкімдігі коммуналдық және әскери қызметтерді тарта отырып, 2020 жылғы 5 сәуірге дейін қоғамдық көлікті, аялдамаларды қоса алғанда, дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, қала аумағын өңдеумен толық қамтуды және көрсетілген жұмыстарды карантин аяқталғанға дейін күн сайын жүргізуді қамтамасыз етсін.

6. Барлық мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үнемі қорғаныс бетперде киюге міндетті.

7. Банк филиалдарының, коммуналдық, телекоммуникациялық қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына, сауда және басқа да ұйымдарға:

- банктердің ғимараттары мен мекемелерінде, бөлімшелерінде, төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда қызметкерлер мен клиенттердің (пирометрлермен, портативті тепловизорлармен) температурасын өлшеуді міндетті түрде сақтауды, кезектерде (1,5 метрден кем емес) ара-қашықтықты сақтауды, маскалық режимді, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізумен және төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған өзге де санитариялық талаптарды сақтай отырып, халықты тиісінше қабылдауды ұйымдастыру.

- үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта, оның ішінде банкоматтар, кассалар мен сауда нүктелерінің жанында ұйымдастырылмаған кезектердің болуына жол бермеу.

8. Келесі жағдайларды қоспағанда, карантин кезеңінде Шымкент қаласының аумағында адамдар мен жеке көліктің қала бойынша қозғалуына аса қажеттілік болмаған жағдайда шектеу енгізілсін:

8.1. Осы Қаулының №1 қосымшасына сәйкес кәсіпорындар қызметінің түрін көрсете отырып, жұмыс орнынан анықтама (немесе қызметтік куәлік) болған кезде тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұру

8.2. Тұрғылықты жерлер немесе жұмыс орнына тікелей жақын орналасқан дүкендерде және дәріханаларда азық-түлік тауарларын, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу;

8.3. Шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге шығу;

8.4. Үй жануарларын тұрғылықты жеріне жақын жерде серуендету (радиусы 500 метрден аспайтын);

9. Шымкент қаласының аумағында карантиннің және төтенше жағдайдың әрекет ету кезеңінде 55 жастан асқан адамдарға аса қажеттіліксіз көшеге шығуға шектеу ұсынылсын.

10. Осы Қаулының № 1 қосымшасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ұйымдар (меншік түріне қарамастан) қызметкерлерді жұмыс орны туралы анықтамалармен қамтамасыз етсін.

11. Сауда желілері, азық-түлік базарлары, гипермаркеттер, супермаркеттер мен ірі азық-түлік дүкендері, азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын сауда орталықтарындағы дүкендерге  (көп қабатты үйлер мен тұрғын алаптарында орналасқан дүкендерді қоспағанда) жұмыс кестесі сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін белгіленсін.

12. Көп пәтерлі тұрғын үйлер мен тұрғын үй алаптарында орналасқан азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен байланысты, дүкендерге жұмыс кестесі сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін белгіленсін,сонымен қатар ғимаратта бір мезгілде 3 тұтынушыдан артық болмауы тиіс.

13. Төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде, Шымкент қаласының аумағында жанұялық  (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, т.б.) 3 адамнан артық  жиндарға тиым салынсын.

14. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар және басқалары) қызметі жеткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін онлайн тапсырыстарды қолдана отырып, сондай-ақ дайын өнімді дайындау орындарында мынадай талаптарды сақтай отырып, тамақтарды үйге жеткізу режиміне көшірілсін:

- персоналдың жұмыс кезінде арнайы киімді, бір рет қолданылатын қолғаптар мен маскаларды пайдалануы (маскаларды 3 сағатта 1 реттен кем емес ауыстыру);

- жіті респираторлық жұқпалар көрінісі бар (жоғары температура, жөтел, тұмау) қызметкерлерді жұмысқа жібермеу;

- жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін (немесе кемінде 6 сағаттан кейін) есік тұтқаларын, тұтқаларды, стеллаждарды дезинфекциялайтын салфеткалармен (немесе дезинфекциялайтын құралдардың ерітінділерімен) сүрту арқылы дезинфекциялайтын құралдарды қолдана отырып үй-жайларды желдету және ылғалды тазалау.

15. Шымкент қаласының полиция департаментіне:

15.1. Төтенше жағдай мен карантин қолданылатын кезеңде белгіленген жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзу немесе орындамау анықталған кезде тиісті әкімшілік шаралар қолдану;

15.2. Азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда, скверлерде, жағалауларда, көше балалар ойын алаңдарында және азаматтардың өзге де демалыс орындарында болуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеуді ұйымдастыру;

16. Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қала тұрғындары арасында жұқтыру ошақтарын оқшаулауды және оның таралу қаупін барынша азайтуды қамтамасыз етуге бағытталған шектеу және әлеуметтік оқшаулау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттық сүйемелдеу жүргізсін, адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімдердің маңыздылығын ашып көрсетсін.

17. Барлық мемлекеттік органдар мен аумақтық бөлімшелер осы Қаулымен туындайтын шараларды қабылдасын.

18. Осы Қаулының №1 қосымшасында көрсетілген барлық кәсіпорындар, ұйымдар өз қызметкерлеріне, көлік құралдарына, ғимараттарға, үй-жайларға, жұмыс орындарына қатысты санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің қатаң сақталуын қамтамасыз етсін.

19. Күші жойылды деп танылсын:

19.1. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің 31.03.2020ж. №8 қаулысы; 

19.2. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің 31.03.2020ж. №6 қаулысының 1.3, 1.4 тармақтары;

19.3. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің 24.03.2020ж. №5 қаулысының 1.3, 1.4, 1.6,1.7, 1.8 тармақтары;

19.4. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің 13.03.2020ж. №2 қаулысының 1.2, 1.4 тармақтары.

20. Осы Қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

21. Осы Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері А. Тулебаев

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы «___» сәуірдегі №________ Қаулысына № 1 қосымша

Тоқтата тұруға жатпайтын ұйымдар мен кәсіпорындар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің ТІЗБЕСІ

1. Орталық мемлекеттік органдардың Шымкент қаласы бойынша аумақтық бөлімшелері, Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары және олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары.

2.  Денсаулық сақтау жүйесі, төмендегілерді қоса алғанда:

2.1. Дәріханалар жанындағы егу бөлмелерін қоспағанда, медициналық мекемелер (ауруханалар, емханалар);

2.2.  Зертханалық қызметтер;

2.3. Фармацевтикалық компаниялар, дәріханалар;

2.4. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының келісімі бойынша қорғаныш маскаларын, дезинфекциялық құралдарды, антисептиктерді өндіретін кәсіпорындар.

3. Ветеринарлық қызметтер.

4. Қалалық инфрақұрылым және коммуналдық қызметтер, соның ішінде:

4.1. Электрэнергетикалық компаниялар (өндірушілер, тасымалдаушылар, бөлшек жеткізушілер);

4.2. Газ-, су-, жылумен жабдықтау, су бұру (өндірушілер, тасымалдаушылар, бөлшек жеткізушілер);

4.3. Өртке қарсы және апатты-құтқару қызметтері;

4.4. Тұрғын үй қорын басқару саласындағы қызметтер (электриктер, сантехниктер, аулалар мен үй-жайларды жинау, авариялық қызмет, оның ішінде лифттерге қызмет көрсету бойынша);

4.5. Көшелер мен үй-жайларды жинау;

4.6. Қоқыстар мен қалдықтарды жинау, өңдеу және жою;

4.7. Дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтерін көрсететін кәсіпорындар;

4.8. Жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйымдар;

4.9. Телекоммуникация және байланыс;

4.10. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «такси тізілімінде» тіркелген мамандандырылған көлік құралдарының, сондай-ақ такси қызметінің қызметтері;

4.11.Пошталық, курьерлік қызметтер;

4.12. Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының байланыс орталықтары.

4.13.  Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы,  «ҰАТ» АҚ-ның филиалы.

5. ҚР Ұлттық Банкінің филиалдарына,Ұлттық почта операторының, екінші деңгейдегі банктердің,банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау, банкоматтардың, терминалдардың, интернет пен мобильді банкинг, банк операцияларының үздіксіз жұмыс істеуі қызметінің ерекше түрі болып табылатын заңды тұлғаларға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, микро-қаржы ұйымдары, төлем ұйымдары, коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар ұйымдар.

6. Қонақ үйлер, нотариустар, адвокаттық кеңселер.

7. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар (күзет агенттіктері).

8. Бөлшек сауда желілері, азық-түлік базарлары гипермаркеттер, супермаркеттер мен ірі азық-түлік дүкендері, азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын сауда орталықтарындағы дүкендер,  көп қабатты үйлер мен тұрғын алаптарында орналасқан дүкендер. 

9. Бұқаралық ақпарат құралдары, баспаханалар.

10. Автожанармай құю және автогаз құю станциялары.

11. Келесіде көрсетілген салалардағы кәсіпкерлік субъектілері:

- жеңіл өнеркәсіп;

- машина жасау;

- құрылыс материалдарының өндірісі;

- мұнай-химия, химия өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өндіру;

- индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың субъектілері;

- наубайханалар, кондитерлік кәсіпорындар;

- тамақ өнеркәсібі және осы өнімдерге арналған орам материалдарын өндіру;

- буып-түю материалдарын өндіруді қоса алғанда, дәрілік препараттарды өндіру;

- медициналық жабдықтар мен медициналық құралдар, санитарлық гигиеналық өнімдері;

-тамақ өнімдерін сертификаттау;

-азық-түлік өнімдерін, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды өндіруге арналған шикізатты қоймалау және дистрибуциялау;

-көлік ұйымдары мен жүк тасымалдаушылар;

-мал мен құсқа жем және дәрі-дәрмектер;

-ағаш өңдеу өнеркәсібі;

-құрылыс нысандарына арналған металл өндірісі;

-орам материалдары мен (оның қағаздан жасалған) өндіру.

12. АӨК (Агро өнеркәсіп кешені), мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы,жылыжай кешендері саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар(санитарлық эпидемиологиялық нормаларға сәйкес).

13. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалары күшейтілген құрылыс компаниялары. Құрылыс дүкендері жеткізу режимінде жұмыс жасайды.

14.  Басқа да маңызды қызметтер, оның ішінде:

14.1. Тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ бірінші қажеттілік тауарларын жеткізу сервистері;

14.2. Қоғамдық тамақтандыру нысандарының (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар және басқалар) қызметі  дайын  өнімді жеткізу кезінде және дайындау орындарында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін онлайн тапсырыстарды қолдана отырып, тамақтарды үйге жеткізу режиміне көшеді.

14.3. Сауда-логистикалық орталықтар, көліктік-логистикалық фирмалар, қоймалар, азық-түлік өнімдерін, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды дистрибуциялау.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы «___» сәуірдегі №________ қаулысына № 2 қосымша

Шымкент қаласына кіру және Шымкент қаласынан шығу үшін рұқсат етілген көлік құралдары түрлерінің және азаматтардың

ТІЗБЕСІ

1.Шымкент қаласының қажеттіліктері үшін жүк тасымалдау және транзитті жүк тасымалдау:

1.1.Кез келген жүк түрлерінің транзиттік жүк тасымалдары: тек жүк көлігі; көлік құралдары тиелген немесе бос; жүргізуші және екі жолаушыдан артық емес;

1.2.Азық-түлік тауарларын (оның ішінде шағын көлемді және ірі көлемді) жүк көлігімен тасымалдау: тек жүк көлігі; көлік құралдары тиелген немесе бос; жүргізуші және екі жолаушыдан артық емес;

1.3.Құрылыс материалдарын, ЖЖМ (жанар-жағар май) және басқа да материалдарды жүк көлігімен тасымалдау (оның ішінде шағын көлемді және ірі көлемді): тек жүк көлігі; көлік құралдары тұрмыстық немесе бос болуы мүмкін; жүргізуші және бір жолаушыдан артық емес.

1.4.Халықтың қауіпсіздігін, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін құқық қорғау және басқа да ұйымдардың арнайы инженерлік, құрылыс және әскери техникасы.

2.Шымкент қаласының қауіпсіздігі мен тіршілігін қамтамасыз ету үшін көлік құралдары және қызмет мамандары:

2.1.Медициналық көмек қызметтерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің қызметкерлері, медициналық персонал, фармацевтикалық компаниялар, сондай-ақ қызметтік және жеке автомашиналарда медициналық мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері мен зертханалық мамандары, бөгде адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз (дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жүргізушілер - қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда);

2.2.Азаматтық қорғау, өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері және апатты-құтқару жұмыстары, апатты-техникалық қызметтер, бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен кезде);

2.3.Жерлеу, салт-жоралық қызмет көрсету қызметтерінің қызметкерлері, сондай-ақ, растайтын құжаттары болған жағдайда 4 бірліктен аспайтын автокөлікте ілесіп жүретін 20 адамнан аспайтын жеке тұлғалар;

2.4.Мамандандырылған инкассаторлық көлік;

2.5.Қызметтік куәліктерін немесе жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда Шымкент қаласының құқық қорғау және басқа да арнайы органдардың қызметкерлері (жеке автокөлігімен) және қызметтік көлікпен (бұл рұқсат басқа облыстар мен қалалардың органдарына қолданылмайды);

2.6.ҚР Ұлттық ұланының, ҚР Қарулы Күштерінің және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен қызметтік көлігі (Шымкент әскери гарнизоны) қызметтік куәлігін немесе әскери билетті және әскери бөлім командирі қол қойған қызметтік қажеттілігін растайтын құжаттарды көрсеткен жағдай; мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тек арнайы автокөлікпен;

2.7.Бұрын Қазақстан Республикасының аумағына кірген шет мемлекеттердің азаматтары, олар Шымкент Шымкент қаласынан шыққан кезде;

2.8.Ерекше жағдайларда Шымкент қаласынан емделуге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсеткен жағдайда;

2.9.Ерекше жағдайларда, Шымкент қаласына жедел емделуге келетін басқа өңірлердің тұрғындары Шымкент қаласының денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсеткенде;

2.10.Медициналық картасынан үзіндінің негізінде емдеу аяқталғаннан кейін Шымкент қаласының медицина ұйымдарынан шығарылған басқа өңірлердің тұрғындары;

2.11.Шымкент қаласының перзентхана үйлерінен медициналық картадан үзінді көшірме негізінде нәрестелері мен босанған әйелдер;

2.12.Поездық және локомотив бригадаларының мүшелері, сондай-ақ, темір жол тасымалдау процестеріне қатысушылар, әуе кемелерінің экипаждары (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда);

2.13.Басқа өңірлердің тұрғындары және медициналық картадан үзінді көшірме бойынша карантиндік оқшаулаудан өткен шет мемлекеттердің азаматтары Шымкент қаласынан шыққан жағдайда;

2.14.Автомобильдердің қалаға кіру және шығу құқығынсыз және оларды тасымалдау құралдарынсыз, КВИ талдауларынан басқа био қалдықтар мен талдаулар жүргізуге арналған биоматериалдарды блокпостарда зертханалық қызметтер арқылы беруге рұқсат етіледі;

2.15.Зертханалық қызметтермен биоматериалдарды КВИ талдауларын жүргізу үшін автомобильдердің қалаға кіру және шығу құқығымен және оларды тасымалдау құралдарымен жеткізуге рұқсат етіледі;

2.16.Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның арнайы рұқсаты бойынша ерекше жағдайларда Шымкент қаласына шығатын/кіретін адамдар.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы «2» сәуірдегі №9 қаулысына № 3 қосымша

Шымкент қаласына кіруге және шығуға рұқсат етілген қызметтік көлік құралдарындағы қызметкерлер бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен кезде) және өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың тізбесі 

1. «Казпочта» АҚ;

2.«Қазақтелеком» АҚ;

3. «КЕГОК» АҚ;

4. «ҚазТрансГаз» АҚ;

5. «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ;

6. «Азиатский Газопровод» ЖШС;

7. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ;

8. «Интергаз Орталық Азия» АҚ;

9. «ҚазТрансОйл» АҚ;

10. «ҚазақстанТемірЖолы» ҰҚ» АҚ;

11. «Қазавтожол» АҚ;

12. «Қазахавтодор» ЖШС;

13. Ұялы байланыс операторлары;

14. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС.


Біртанов онлайн сатылымдағы вирус анықтайтын тест туралы айтты
О мерах по недопущению распространения коронавирусной инфекции на территории города Шымкент
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу