«Бір көзі енді көрмейді»: Түркістан облысында ер адам әйеліне көшеде балтамен шабуылдаған

Oinet.kz 05-05-2020

Түркістан облысында жантүршігерлік жағдай орын алды. Келес ауданы, Абай ауылында күйеуі өз әйелін көшеде кетіп бара жатқан жерінде балтамен ұрған. Басы мен қолынан жараланған 46 жастағы әйелдің бір көзі енді көрмейді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

84f82bc1df3b6048.jpg

Телеарнаның мәліметінше, Абай ауылындағы емханада медбике болып істейтін Әлия екі аптадан бері үнемі ұрып-соғатын күйеуінен кетіп, қыздарымен бөлек үйде тұрып жүрген. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда тып-тыныш көшеде ту сыртынан келген күйеуі екі қызының анасына басқа емес, балта жұмсаған.

 "Жұмысқа шығып келе жатқанымда күйеуім Матқұлов Мұрат мені балталап тастады. Тегі сөзге келмейді, "өлтіремнен" басқаны айтпайды. 15 жыл отандасып, 16 жылдан бері көретін жәбірім сол. Тек зорлық пен зомбылық. "Жақындама маған, не болды саған, тыныштық па?" - десем, "сөйлеспеймін, сені өлтірем, сені өлтірем" - деп, мені балталап тастады", - дейді жәрбірленуші әйел адам. 

Елуді еңсерген ер адам әйеліне шабуылдаған уақытта оның шыңғырған даусына жүргінші екі жігіт жүгіріп келген соң, Мұрат Матқұлов қаша жөнеліпті.Оқиға орнында көшені бақылайтын камера да орнатылған. Бірақ ол әлі іске қосылмапты. Көп қан жоғалтып, тым ауыр жағдайда ауруханаға түскен Әлияның тірі қалуы үшін дәрігерлер жарты күн ота жасаған. Ол үшін санавияция желісімен облыстан бірнеше дәрігер алдырылған.

"Басында, оң жағында жара, балтамен шабылған. Қолында, оң қолында, білегінде кесілген жарақаты және 5-ші саусағы сынған. Оның бәрі тігіліп, орнына қойылды", - дейді Келес аудандық ауруханасы жарақаттану бөлімінің меңгерушісі Рүстем Раисов. 

Қара базарда валюта айырбастап, ақша табатын Мұрат жайлы Әлияның көршілері жақсы пікірде емес. Соңғы уақытта әйел адам көршілеріне көп шағымданыпты. 

"Күйеуім ұрады, мені де ұрады, қыздарды да ұрады, қыздар да азап-безер болды" дейтін. Өзі сәл біртүрлі, сол Мұрат", - дейді көршісі Майра Егембердиева. 

Қазір қолға түскен ер адамнан балтасымен бірге өзінен де сараптама алынған, тергеліп жатыр. Ал күндіз-түні ауруханада ауыр жарақат алған туысының тілеуін тілеп жүрген жақындары: "күдікті жазадан құтылып кете ме?" деп қорқады.

 "Ажырасып та көрді бұнымен. Әйтеуір екі қызы жетім болмасын, осылар әкесі жоқ боп өспесін деп, жалынып келгеннен кейін, Құран ұстап, бізге ант-суын ішкеннен кейін, біз жарастырып... Осы уақытқа дейін жазаланбады ғой бұл. Неше рет ұрды, басқа қылды. Әйтеуір шығып кете береді ғой, тыныш қана. Енді осыдан құтылып кетпесін, әділ жазасын алсын", - дейді жәбірленуішінің жеңгесі Жанар Әйтімбетова. 

Әлия Әйтімбетованың туыстары бұл істі прокуратура ерекше қадағалауға алғанын қалайды. Ал оны балталап, қансыраған күйінде тастай қашқан күдіктіге қатысты полицейлер "адам өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғады. 

Ал әбден шошып қалған екі қыздарына психологтардың көмегі қажет. 

Қазақстанда коронавирус індетінен екі адам көз жұмды
Коронавирус індетін жұқтырған тағы 72 жағдай тіркелді

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×