2020 жылы ҰБТ қалай өтетіні анық болды

Oinet.kz 02-06-2020

Ата-аналарға балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Бұл туралы үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

news_full15608379788fa09564ac72da338d53a0df669ff26f.jpg

"Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады", - деді министр.

Коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

"Біріншіден - тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден - аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші - еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші - әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші - бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады", - деді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынады.

Естеріңізге салсақ, биыл қазақстандық түлектер ҰБТ-ны 20 маусым мен 5 шілде аралығында тапсырады. Тестке қатысуға 130 мыңнан астам адам өтініш берді.

Камалжан Надыров Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды
Шымкент қаласында 17 жасар студент жігіт қайтыс болды

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×