Майғазиевпен кездескен абақтыдағы әйелдер көздеріне жас алып, ән шырқады

Oinet.kz 14-01-2021 1410

Белгілі әнші Сәкен Майғазиев жазасын өтеп жатқан әйелдермен кездесті. Шымкентке шенеунік боп келген өнерпаз сотталған нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін, олармен бірге хит әндерін шырқады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Сәкен Майғазиев.jpg

Сотталғандардың арасында Сәкен Майғазиевке ғашық нәзікжандылар көп екен. Олар сүйікті өнерпазынан қолтаңба алып мәз. Ал, түзету мекемесінің басшылығы мұндай кездесулер жазасын өтеушілер үшін оң әсер етеріне сенімді. 

Сотталушылардың ең бірінші кезекте әйел екенін ұмытпауды сұраған өнерпаз бостандыққа шыққан соң теріс жолға түспеуді өтінді. Оннан астам келіншекпен ашық әңгіме жүргізген Сәкен Майғазиевтің қозғаған әңгімесінен сотталушылар тіпті көз жасына ерік берді.

- Өзін қорғаймын деп сотталып жатқандар бар. Намысын, азаматтық құқығын қорғаймын деп қаншама адам темір торға түсіп жатыр. Соның барлығы жүректі сыздатады. Қоғам сіздерді күтуде. Отбасыларыңыз, әулеттеріңіз күтуде сіздерді. Аман, есен оралыңыздар дегім келеді. Қиындықтарды еңсерейік, сіздердің осындағы сәл ауыртпашылықтарыңызды біз жеңілдетуге тырысайық, - деді «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы МКҚК директорының міндетін атқарушы Сәкен Майғазиев. 

c14f2886-b9ef-4652-ae6b-4b1c27ae1d83.jpg

Талай жыл белгілі «Музарт» тобында тәтті әуенмен құлақтың құрышын қандырып жүрген Сәкен Майғазиев Шымкентке шенеунік болып келді деген соң, түрме басшылығы әншіні кездесуге шақыртқан. Өнерпаз бірден келісе кетіпті. Мұндай кездесулер әйелдерге оң әсер етеді дейді түзету мекемесінің басшысы.

Карантинге байланысты барлық сотталушымен кездесу мүмкін болмаған соң, тек ең жас қыздар ғана шақыртылды. Мекеме басшыларының айтуынша жазасын өтеушілердің көбі өнерге бір табан жақын көрінеді. Жазасын өтеушілер бүгінде әншімен бірге қуана ән шырқады.

- Қылмыстық атқару жүйесі мен прокуратурамен бірлесе осы тәрбиелік іс-шара өткізіп жатырмыз. Сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қосылуы керек. Ары қарай ҚР азаматы ретінде өздерін жақсы сезінуі қажет. Бұл 29 жасқа дейін азаматшаларға өткізіліп жатқан іс-шара, - деді ИЧ-167/4 мекемесінің басшысы Айнұр Бағланбекқызы.

Сотталғандар арасында Сәкен Майғазиевтің жанкүйерлері баршылық екен. Олар өнер иесіна алғыстарын жаудырып, қолтаңба алып жатты. Мекеме басшылығы да Сәкен Майғазиевке арнайы алғыс хат табыстап, гүл шоқтарымен шығарып салды.

Белгілі кәсіпкер депутат атанды
Ердоған тікелей эфирде вакцина салдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу