«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен»: Су тасқыны кезінде әуе компаниялары пайда тауып жатыр ма?

Oinet.kz 18-04-2024 430

Қазақстандықтар тасқынмен күресіп жатқанда кейбір әуе компаниялары билет бағасын шарықтатқан. Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болған. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін қымбаттаған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_3.jpg

Бұдан басқа 50 теңге тұратын қапшық бағасын 200-300 теңгеге дейін көтергендер де бар.  

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Еділ Жаңбыршин үкіметтен су тасқыны кезінде әуе мен теміржол билеттерінің бағасын назарға алуды талап етті.

«Қазақта «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың іс-әрекеті осыны байқатады. Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және темір жол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Мұны «жығылған үстіне жұдырық» демегенде, басқаша не деуге болады?!» — дейді депутат.

Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Бағаның қымбаттығы,  әуе, темір жол көліктерінің аздығы тұрғындардың тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге кетуіне кедергі болғаны сөзсіз. Сондықтан, бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, әуе және темір жол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескертті. 

«Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыздардың билеті қымбаттамайтынын хабарлады.

Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен Қазақстан Республикасындағы су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді. 

Еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana болса 9-18 сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді. Алайда әуе қатынасы бойынша ішкі рейстердің қымбаттағаны шындық. Соңғы жағдайларға байланысты бағаның одан әрі шарықтауы шектен шығу деп білеміз. Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жіберу – барып тұрған қиянат!» — деді Еділ Жаңбыршин. 

Осыған байланысты депутат келесідей ұсыныс тастады. Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын. Су тасқыны болған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін!

Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек.

Сонымен қатар, оның айтуынша, транспорт билеттерінің құны ғана емес, зат бағасы да қырық құбылып тұр. 

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеп отыр. Құны 50 теңге тұратын қаптың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес. Осындай күрделі кезеңде баға тұрақтылығын, әсіресе, тасқынға қарсы қолданылатын құрал-саймандардың және құрылыс материалдарының бағасын өсірмеу — мемлекеттің басты міндеті,» — деді ол.

Сондықтан, депутат еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермеуін Үкіметтен талап етті.

Алайда, бүгін Air Astana әуе компаниясы түсініктеме берді.

Әуекомпания Атыраудан ұшатын билет құны 40 000 теңге құрайтынын растады. Біз тексеріп көрдік. Расымен бүгін-ертең ұшатын рейстердің бағасы осылай көрсетілген. Кейбір әуе компаниялары әлі де бағаны төмендетпеген, 100 мынан асатындары да бар.

Рейстерде орындар саны шектеулі және Атыраудан жақын арада орындалатын рейстерде эконом-кластағы билеттер сатылып кеткенін айтып, сатылымда тек бизнес-класс билеттері ғана қалды деп ақталып отыр.

ҚМДБ Нүкенова мен Бишімбаевтың некесіне қатысты мәлімдеме жасады
Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған елге белгілі бас имам жазаланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу