Қажылыққа жинаған ақшасын мүгедек балаларға бөліп берген қария өмірінен сыр шертті
Павлодарлық 93 жастағы қария 10 жылдан аса жинаған ақшасын мүгедек балалардың аналарына бөліп беріп, ел алғысына бөленді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл игі ісі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оған тегін қажылық жолдамасын табыстады. Ендігі арманы денсаулығы мүмкіндік берсе, қасиетті Меккеге барып, парызын өтеу екен. тілшісі ақсақалдың өзімен әңгімелесіп, қаражатты қалай жинағанын, неліктен қариялар үйінде жатқанын білді.
Сағадат Жұмабаев Павлодар облысындағы Байқоныс совхозында еңбек жолын бастаған.
"Жастайымнан қолымнан іс келетін болған соң, есеп-қисап, ұйымдастыру жұмыстарына араластым. Шаруашылық меңгерушісі, бригадир сынды қызметтерді атқардым. Одан кейін 6 жыл бойы трактор зауытында жұмыс істедім. 1974 жылға дейін “совхоз” бен зауыттарда маңдай терімді төгіп, ел игілігіне еңбек еттім. Кейін қалаға көшіп, химия зауытында қызметімді жалғастырдым. Содан соң 56 жасымда, 1988 жылы, зейнетке шықтым", – дейді қария Сағадат Жұмабаев.
Сағадат Жұмабаев ашаршылық жылдары 1932 жылы дүниеге келгенін айтады. Кейін Сағадат Жұмабаев жұмыс істеп жүріп үйленген екен.
"Өкінішке қарай, бала сүймедік. Әйелім бала көтермеді. Жақын туысым жалғыз бауырым ғана еді, ол да 2007 жылы 69 жасында дүниеден өтті. Оның да артында ұрпақ қалмады. 2009 жылы жұбайымнан айырылдым. Екі жылдан соң, 2011 жылы қарттар үйіне келіп орналастым. Содан бері осы жерде, мамандардың қарауындамын", – дейді қария.
Ақсақал өмір бойы қажылыққа баруды армандаған. Сол арманының жетегінде жүріп, зейнетақысын үнемдеп, қажылыққа деп қаржы жинаған.
"2022 жылы паспортымды алып, Меккеге барайын деп ниеттенгенімде, молдалар келіп "Сіз бара алмайсыз, себебі қажылыққа барудың жасы 65-тен аспауы керек" деді. Ол кезде 90 жаста болғандықтан мені тізімге қоса алмайтындарын айтты. Бұл сөз көңіліме ауыр тиді, бірақ Алланың жазуы шығар деп сабыр қылдым. 2023 жылы қаламыздың мешітінің имамы "Мен қажылыққа барамын, бірге барасыз ба?" деп ұсыныс білдірді. Алайда сол кезде денсаулығым сыр беріп тұрған соң, "бара алмаймын" деп жауап бердім. Әркім өз жағдайын өзі жақсы біледі ғой", – дейді ақсақал Сағадат Жұмабаев.
Аяғы мен қолы ауырлап, жүріп-тұру қиындай бастаған кезде, өзі жинаған қаражатын мұқтаж жандарға үлестіруді жөн деп шешіпті. Қазір ақсақал ең төменгі зейнетақы – 72 мың теңгені алып отыр екен.
"Қажылыққа жинаған өз ақшам, "кісі ақшасы емес". Өзімнің жүрек қалауыммен арнайы 30 мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға 120 мың теңгеден, жалпы сомасы 3,6 миллион теңге қаражатты үлестіріп бердім. Ол аналар шын жүректен алғыс айтып, батасын беріп жатты. Мен үшін сол – ең үлкен марапат. Менің осы әрекетіме назар аударған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы арнайы тапсырма беріп, Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы мүфтият атынан қажылық жолдамасының сертификатын өз қолымен келіп табыстады. Ол күн мен үшін ерекше қуанышқа толы болды. Сол сертификат қазір бөлмемде ілулі тұр. "Баратын ниеті болса барсын, біз өз қаржымызға жібереміз" деді. Бұл мен үшін күтпеген тосынсый болды", – дейді ақсақал Сағадат Жұмабаев.
Қария үлкен қажылыққа емес, кіші қажылыққа баратынын айтты. Ақсақал 10 күндік қасиетте сапарға бара жатырмын деп балаша қуанды.
"Биыл менімен бірге еріп жүретін кісі табылмаған соң бара алмай қалдым. Бірақ мешіттегілер "Келесі қажылықта сізге арнайы адам қосып жібереміз" деді. Ол ұсынысты ризашылықпен қабыл алдым. Ең үлкен арманым – Меккеге барып, Аллаға шүкірімді айтып, тыныш көңілмен қайту. Қазіргі тілегім еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Өзім денсаулығымды сақтап, ешқандай өкінішсіз, армансыз дүниеден өтсем деймін", – дейді Сағадат Жұмабаев.