Шымкентте бозбалаларды әскерге күштеп әкетіп, соққыға жығатыны жайлы ақпара тарады (ВИДЕО)
Желіде Шымкентте бозбалаларды әскерге күштеп әкетіп, соққыға жығатыны жайлы видео тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Аталған жағдайға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді.
Аталған жағдай түсірілген видео Egov.press Telegram-арнасында жарияланды. Онда:
“Шымкентте әскерге шақырылушыларды күштеп алып кетіп қана қоймай, соққыға жығып жатыр”, - деп жазылған.
Бұл ақпаратқа Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
“2025 жылы 20 желтоқсанда Шымкент қалалық жинақтау пунктінің аумағында жергілікті атқарушы органның инспекторлары арасында жанжал болды. Аталған тұлғалар қорғаныс істері жөніндегі департаментке уақытша іссапармен жіберілген және департаменттің штаттық қызметкерлері емес. Бұл жанжал Еңбекші және Қаратау аудандары бойынша әскерге шақыру бөлімінің басшысы тарапынан реттелді. Қазір аталған қызметкерлер арасындағы дау толықтай шешілді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көзіне сенуге шақырды.


