Шығыс Қазақстандағы сарапшылар алаңында жаңа Құрылтайдағы өңірлердің өкілдігі талқыланды

4 тамыз күні Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңында «Сайлау-2026: жаңа саяси конфигурациядағы өңірлер» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сарапшылық алаңының отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.
Талқылауға жетекші талдау орталықтарының, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың, жоғары оқу орындары мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты. Сарапшылар Құрылтай сайлауын, жаңа саяси жүйедегі өңірлердің рөлін, партиялық және қоғамдық өкілдіктің дамуын, сондай-ақ өңірлік күн тәртібін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне енгізу тетіктерін талқылады.
Отырысты ашқан ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов қазіргі сайлау науқаны Қазақстанның жаңа конституциялық моделін іске асырудың алғашқы практикалық кезеңі екенін атап өтті.
ҚСЗИ директоры сайлаушылардың электоралдық көңіл күйіндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, бүгінгі таңда азаматтардың 70–76%-ы дауыс беруге дайын екенін мәлімдесе, ал шешім қабылдамаған сайлаушылардың үлесі маусымдағы 22%-дан шілде айының соңына қарай шамамен 8%-ға дейін төмендеген.
Жандос Шаймарданов өңірлік күн тәртібінің маңызы артып келе жатқанына ерекше назар аударды.
«Сайлау қоғамдық көңіл күй мен азаматтардың нақты сұраныстарын көрсетеді. Әр өңірдің өз басымдықтары бар: өнеркәсіпті дамыту, ауылдық аумақтар, экология, су ресурстарымен қамтамасыз ету, көлік немесе демография. Сондықтан болашақ Құрылтай жұмысында өңірлік күн тәртібінің маңызы арта түседі», – деп атап өтті.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Рахметуллина конституциялық реформалар өңірлердің өз дамуына деген жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,3 трлн теңгеден асып, өңірдің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады.
«Бүгінде өңірдің бәсекеге қабілеттілігі оның өнеркәсіптік, ғылыми, инвестициялық және адами әлеуетін қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты», – деді Сәуле Рахметуллина.
Саясаттанушы Талғат Қалиев бір палаталы Парламентке көшу жағдайында өңірлік өкілдіктің маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұрын бұл міндетті негізінен Сенат атқарса, енді негізгі жауапкершілік елдің барлық өңірлерінің мүддесін кеңінен танытуға мүдделі саяси партияларға жүктеледі.
«Тізімдерінде әртүрлі өңірлерден шыққан беделді әрі мықты кандидаттар болмаса, ешбір партия жалпыхалықтық қолдауға ие бола алмайды. Сондықтан саяси бәсеке партияларды шын мәнінде бүкіл елдің мүддесін білдіретін командалар қалыптастыруға ынталандырады», – деп атап өтті Талғат Қалиев.
Оның айтуынша, мұндай модель өңірлердің мүддесін жекелеген депутаттар емес, сараптамалық және парламенттік әлеуеті бар партиялық топтар арқылы тиімді ілгерілетуге мүмкіндік береді.
«Өңірлердің мүддесі бір депутаттың емес, тұтас саяси партияның күшімен қорғалатын болады. Бұл өңірлік өкілдікті неғұрлым тұрақты әрі тиімді етеді», – деп атап өтті сарапшы.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – проректоры Индира Рыстина пропорционалды сайлау жүйесіне көшу саяси партиялардың, олардың бағдарламалары мен командаларының рөлін күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, барлық саяси партиялардың өңірлік өкілдіктері бар және жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан сайлау бәсекесінде партиялық бағдарламалардың сапасы шешуші мәнге ие болады.
«Сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында партиялар өз бағдарламалары мен сайлаушыларға беретін міндеттемелеріне басымдық беруі тиіс. Бұл ретте өңірлік саясат пен аумақтардың өзекті мәселелері бағдарламалардың ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Өйткені сайлаушылардың негізгі бөлігі өңірлерде тұрады», – деді Индира Рыстина.
Сарапшының айтуынша, жаңа модель саяси бәсекені жекелеген кандидаттардың танымалдығынан партиялардың бағдарламалары, идеялары мен командаларының бәсекесіне көшіреді. Бұл саяси партияларды өңірлерде тұрақты жұмыс жүргізуге және жергілікті күн тәртібін жалпыұлттық саясатпен ұштастыруға ынталандырады.
Қазақстан қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев Құрылтай сайлауы Қазақстандағы жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау мен референдумдарды тұрақты өткізу еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің жаңа нормасына айналып келеді.
Соңғы әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, алдағы сайлаудағы сайлаушылардың қатысу деңгейі шамамен 75%-ды құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар азаматтардың 84%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағаласа, 80%-дан астамы болашаққа сеніммен қарайды.
«Бүгінде сайлаушының талабы күшейді. Азаматтар енді ұрандарға емес, инфляцияны тежеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және жол сапасын жақсарту сияқты нақты мәселелердің кәсіби шешімдерін күтеді», – деп атап өтті Азамат Байғалиев.
Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчук 2016, 2021 және 2023 жылдардағы сайлаулардағы партиялық тізімдер мен әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, кандидаттардың географиясы кеңейгенімен, алдыңғы парламенттік науқандарда партиялық іріктеу орталықтандырылған сипатта болды: кандидаттардың шамамен 43%-ы астаналық бола отырып, депутаттық мандаттардың 65%-дан астамын елорда өкілдері иеленді. Ал кандидаттардың шамамен 40%-ын ұсынған өңірлер депутаттық орындардың 20%-ға да жетпейтін үлесін ғана иеленді. Сарапшының пікірінше, бұл теңгерімсіздікті жою үшін саяси партиялар өңірлердегі өз өкілдіктерінің жұмысын күшейтуі қажет.
«Өңірлік филиал тек әкімшілік кеңсе емес, өңірдің өзекті мәселелерін зерттеп, сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайтын және өңірлік бастамаларды ұлттық деңгейде ілгерілететін саяси-сараптамалық орталыққа айналуы тиіс», – деп атап өтті Борис Поломарчук.
Alikhan Bokeikhan University Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин өз баяндамасын конституциялық реформалар жағдайындағы саяси мәдениеттің дамуына арнады. Оның айтуынша, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуының кеңеюі сайлау белсенділігінен де, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуынан да көрініс табуда.
«Саяси мәдениеттің дамуын тек құқықтық өзгерістер арқылы емес, азаматтардың саяси белсенділігі, қоғамдық өмірге қатысу деңгейі және мемлекеттік институттарға деген сенімі арқылы бағалау қажет», – деді Аман Рахметуллин.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов азаматтардың қатысуы тек дауыс беру күнімен шектелмеуі тиіс екеніне тоқталды.
«Қоғамдық кеңестер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және қоғамдық талқылаулар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етіп, өңірлердің өзекті сұраныстарын дер кезінде жеткізуі қажет», – деді ол.
Отырысты қорытындылаған қатысушылар жаңа саяси модельде өңірлер жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастырудың толыққанды қатысушысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл үшін мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, жоғары оқу орындарының, талдау орталықтарының және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайтып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу үдерісіне өңірлік сарапшылар қауымдастығын кеңінен тарту қажет.


